Елімізге белгілі композитордың қызы Махамбетте тұрады

Сағит Бөкеұлы сұм соғыстан елге оралған соң бірден өнер саласына бет бұрған. Жұбайы Күләш апамызбен сол өнер саласында жүріп танысады. Ақыры ғашық жандар қосылып, жанұя құрған. Өмірге бірінен соң бірі жеті қыз келеді. Сол жеті қыздың бірі – кәріс азаматына тұрмысқа шығып, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Венера Садықова.

Анасы Күләш апай биші болған және Бибігүл Төлегенованың бірге жұп жазбаған досы екен. Сағит ағамен тұрмыс құрғасын сәбилер дүниеге келе бастайды. Сонда екеуі ақылдасып, «балаға қарайтын кісі керек, екеуміздің біріміз өнерді қойып, үй шаруасы­мен айналысайық» дегенде, Күләш апа: «өнерді мен қояйын, сен та­стама, сенің өнерің жан-жақты, өнеріңді үстет, үй шаруасымен мен шұғылданайын!» - деп, ағаға бати­хасын беріпті.

Әуесқой композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сағит ағамыздың сол балаларына арнаған «Әке сыры» атты өлеңінде: «...Ве­нерамыз нешікте, Көп қарайды есікке. Шөліркемей қайтсін-ау, Ақ мамасы кешіксе...» ,- деген жолдары бар екен. Апамыздың балдырған балалық шағына кере­мет саяхат емес пе бұл?!

Тілдері басқа болса да тілектері бір жерден шыққан, жүздері басқа болса да жүрек лүпілдері қатар соққан Венера Садықова мен Анатолий Кан жанұясы ин­тернационалды отбасылардың қатарын толықтырып отыр. Со­нау 1983 жылы Анатолиймен Орал қаласындағы А.Пушкин атындағы педагогикалық институттың, қазіргі М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетінің 3-ші курсында оқып жүрген кезінде танысқан. Сол таныстық достыққа ұласып, кейін екі жастың некелесуімен аяқталған.

669ba22f-89ca-48bd-b421-d3fc6882c894

- 1984 жылы азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне некеге отыруға барғанымызда, «күн секілді жарқырап тұрған не деген әдемі жұп» деп, бізге таң қалғаны есімде қалыпты. Содан 1985 жылы Ирина есімді тұңғышымыз өмір есігін ашты. Ол – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін тәмамдаған жоғары білімді маман. Бүгінгі таңда қазақ отбасының түтінін түтетіп отырған жайы бар. Бес жылдан кейін Игорь ұлымыз дүниеге келіп, жанұямыз толыға түсті. Орал қаласындағы универси­теттен қос бірдей мамандық алып шыққан ол қазіргі уақытта НСС компаниясында қызмет атқаруда. Бір қызығы ұлымыз да қазақтың қарапайым қызына үйленді. Келініміз Гүлмира аудандық ауру­ханада дәрігер болып қызмет етеді. Жоғары білімді, білікті дәрігер – Ал­маты қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің түлегі. Балаларымның қуанышын көруден артық бақыт жоқ,-дейді Анатолий ағай мен Венера апай.

f6ccd75e-4121-4d3e-8ecf-57f2beb27c35

Анатолий Кан Махамбет ауданының тумасы болса, Ве­нера Сағитқызы Батыс Қазақстан облысының Казталов ауда­нында дүниеге келген. Анатолий Георгиевичтың әкесі Жамбыл об­лысынан жолдамамен келіп, со­дан осы жерде тұрақтап қалған. Каналда біраз жыл бас инженер болып қызмет еткен. Қостанай заң институтын аяқтаған кәріс ұлтының өкілі Анатолий Кан құқық қорғау саласында қызмет етіп, ка­питан шенімен отставкаға шығады. «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» демекші, Сабина және Даниял есімді немерелерін бағып, қағуды Толя ағай өз мой­нына алған. Жұптары жазыл­май бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан көп ұлтты отбасының алға қойған мақсаты көп. Олар ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту ең басты парызымыз деп біледі. Олар өздерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдениетін еш кедергісіз на­сихаттауда.

– Қазақтың қалың ортасында болғандықтан халықтың салт- дәстүрі мен әдет-ғұрпын білу, оны ел ішінде насихаттау – парызы­мыз. Сондықтан қыз ұзату, келін түсіру, тұсаукесер, бесіктой және басқа да дәстүрлерді қазақтың салтымен өткіземіз. Қазақтың да, кәрістің де ұлттық тамақтарын дайындауды ұнатамыз,- дейді В.Садықова.

4fad825f-92a5-4af4-8f1b-9ed605da1c9e

Ол – 35 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз, Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің мұғалімі. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға және өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін Білім және ғылым министрді А.Аймағамбетовтың Құрмет грамотасымен және ауданның білім сапасын көтеруде қосқан үлесі үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған Венера Сағитқызы кәсіби шеберлігі мен тәлімді тәжірибесінің нәтижесінде әріптестерінің ортасында сыйы, шәкірттерінің алдында абы­ройы артты. Биылғы жылы өткен жалпы білім беретін пәндер бой­ынша республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысқан оқушысы Дильназ Би­сешова ІІІ орынға қол жеткізіп, ұстазының үмітін ақтап, мектебінің, ауданның намысын қорғай білді. Венера Сағитқызының келешек ұрпақтың қарымы мен дарынын ашудағы еңбегінің бұл тек бір мы­салы ғана. Осыдан 10 жыл бұрын өзім де алтын ұямен қоштасып, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орыс тілінен жоғары балл алғанмын. Бұл жерде Венера апайдың көп көмегі болғанын айта кеткім келеді. Орыс тілінің білгір маманы талай шәкірт тәрбиелеп шығарды. Олардың барлығы дерлік абыройлы қызмет атқаруда.

Венера Сағитқызының 82 жастағы енесі бар. Бүгінгі күні шөберелерін бағып отырған бақытты әже, Жетісу өңірінің ту­масы Элла Лидың өзі – 6 баланың анасы. Балаларының бір бөлігі Ре­сей елінде болса, бірі Түркістанда. Барлығы – интернационалдық от­басылар. Аяулы жар, бақытты ана, абзал әже Венера Садықованың айтуынша, өз таңдауына еш уақытта өкінген емес. Кәріс пен қазақ ұлтының өкілдерінен құралған жанұяның бүгінгі күні түтіні түзу, бақытты ғұмыр ке­шуде.

 

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT