Елбасы көрмесі – Махамбетте

Еліміздің Тұңғыш Президенті –Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің Атырауға сапары аясында, Махамбет ауданының тұрғындары үшінде көшпелі тақырыптық экскурсиялар өткізілді.

«Өнерпаз» мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов, орынбасары Күлайша Ақтаева және облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова қатысты.

Салтанатты шарада алғашқы болып сөз алған Н.Сайлауова Астанадан келген меймандарға Атырау халқына, оның ішінде Махамбет ауданының тұрғындарына Елбасының өмір және еңбек жолы туралы үлкен мағлұмат алуға мүмкіндік беріп отырғандары үшін алғысын жеткізді.

Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов көшпелі көрменің мәні мен маңызына тоқталды.

-Елбасы кітапханасы жай ғана кітапхана емес, үлкен ақпараттық-идеологиялық кешен. Мекеме кітапхана, архив, музей, талдау, мәдени-білім беру және ғылыми зерттеу орталығының қызметін атқарады. Ұлттық мәдени-тарихи мұрамызды қалыптастыратын заманауи электронды архивтік инфроқұрылымға және ерекше ақпараттық ресурстарға ие. Кітапхана 2014 жылы Президенттің жеке кітапханасы мен жеке архивінің қызметін жүзеге асыру, Қазақстанның қалыптасуы мен даму тарихын зерделеу, сондай-ақ Елбасының идеялары мен бастамаларын елімізде және шет елдерде ілгерілету мақсатында құрылды. Кітапхананың мәдени бағытын іске асырудың бір жолы – өз қорының негізінде көшпелі көрмелер мен экскурсиялар ұйымдастыру. Атырау өңіріндегі көрмеге 800-ден аса жәдігер алып келдік. Мұндағы бір ерекшелік тамашалаушылар жәдігерлерді қолдарымен ұстап көре алады. Оның ішінде Ұлт Көшбасшысы туралы бірнеше кітаптар да бар, – деген Әмірхан Мұратбекұлы аудан әкімінің орынбасары Света Аманшиеваға бірнеше кітапты сыйға тартты.

«Тарихи таңдау» көшпелі экскурсиясында Н.Назарбаевтың өмірбаян деректері, комсомол-металлургтен бастап ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан КП ОКП Бірінші Хатшысы, Жоғары Кеңес Төрағасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болғанға дейінгі жүріп өткен жолы туралы айтылды. Сирек кездесетін бейнешежіре, фотосуреттер және архивтік құжаттар көрсетілді. «Тарихи таңдау. Ұмтылыс» атты көшпелі тақырыптық экскурсияда архив материалдарының негізінде тәуелсіз қазақстанның сыртқы әлеммен тату көршілік және ынтымақтастыққа бағытталған алғашқы қадамдары жүйелі түрде ашып көрсетілді. Бұл бөлімде Президенттің қолжазбалары, шет елдердің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен алмасқан хаттары, жеке жазбалары, дипломатиялық тартулары таныстырылды.

Зарина СӘЛІМГЕРЕЙ, О.Шонаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы:

-Елбасы кітапханасы туралы бұрын оқулықтардан оқып, интернеттен ғана көрген болсақ, бүгін көзімізбен көріп, жәдігерлерді тіпті қолымызға ұстап та үлгердік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ елін қиындықтан алып шығып, бүгінгідей беймарал заманға жеткізген, алып тұлға Елбасымыз туралы көптеген пайдалы мағлұматтар алдық. Ерекше патриоттық сезімге бөлендік. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Н.Назарбаевтың өмір жолы бәрімізге үлгі боларлықтай екенін түсіндік. Осындай экскурсиялар ауылымызға жиі келіп тұрса біз тек қана қуанған болар едік.

Б.Сүйеуова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521