Би өнерінің падишасы

Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Халық әртісі Гүлжан Ізімқызы Талпақованың 70 жасқа толуына орай «Қазақ биінің қарлығашы» атты би фестивалі болып өтті.

Оған аудан бойынша облыстық, республикалық өнер додасында жүлде алып жүрген оннан астам бишілер тобы қатысты. Олардың атақ дәрежелері, жеткен жетістіктері, тәлімгерлері туралы толық ақпарат беріліп, салтанатты түрде сахна төріне шақырылды. Аудан әкімінің орынбасары Ұ.Тналиев би фестивалінің ашылуымен барша жиылған жұртшылықты қызу құттықтап, аудандағы би өнерінің аяқ алысы туралы қысқаша тоқталып өтті. Би падишасы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Гүлжан Талпақованы қошаметпен сахна төріне шақырып, мәртебелі мейманды аудан әкімі С.Рысқалиевтың атынан мерейлі жасымен құттықтап, иығына камзол жауып, кілемге бедерленген Махамбет баба бейнесі мен гүл шоқтарын ұсынды. Бұдан әрі кермеде тыпыршып тұрған еті қызған жүйріктей мың бұралған бишілер сахнада сан түрлі қимылдарымен киелі би өнерінің сан қырларын танытқандай болды.

Аяқтарының ұшымен қозғалып, қанаттарын жайған құстай ерке сылқым бишілердің өнеріне таң тамаша қалған жұртшылық жапа-тармағай қол соқты. Бишілердің репертуарларында тек қазақ, шығыс билері ғана емес, әлем халықтарының билері де бар. Бидің табиғатын ашу, қимыл қозғалысын көрсету ерекшеліктері тәнті етті. Жеңіл ырғақты билермен қатар, тылсымына тартар терең ойлы, мазмұнды билерге де куә болдық. Жалпы би дегеннің өзі тұнып тұрған сұлулық, ғажайып көрініс. Сол бекзат өнерді қиындықсыз меңгерген өз қара көздерімізді қөріп қуандық. Әсіресе, оннан аса адам топтасып, өнер көрсететін ұжымдық билерде бишілердің бір-бірімен ұғынысып, үйлесімді билеген аруларымыздың еңбектері ерен. Бір қуанарлық жайт, аудандағы барлық балабақша ұжымдары аталмыш фестивальға үміттерін үкілеп, бүлдіршін бишілерін қосты.

Сахнада тайып жығылып жатқандары да, топтан бөлініп, аң-таң боп, ештеңені түсіне алмай тұрып қалғандары да болды. Бірақ періште сәбилерге бәрі жарасымды. Кәнігі бишілердей барынша тырысып бағуда. Ал би өнерімен айналысып жүргендеріне бірнеше жылдың жүзі болған тәжірибелі бишілер тобының қимылдары ширақ, сахнада өздерін еркін ұстап, құс болып қалықтайды, теңіздей тербеледі, гүл болып жайқалады. -Мен осы өнерімнің арқасында әлемді түгелге жуық шарладым,-деді өнер көрсеткен би топтарын марапаттау үшін сахна төріне көтерілген аты аңызға айналған биші Гүлжан Ізімқызы.

Атақ-абыройдың бәрі еңбекпен, қиындықпен келеді. Халық- аралық үлкен өнер додасында КСРО-ның намысын қорғап, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, күміс медаль әкеліп, 33 жасымда халық әртісі атағын берді, түрлі-түсті суретім «Огонёк» журналына басылды. Ол кезде Одаққа, Мәскеуге қараймыз. Небір бишілермен әріптес болдым, солардың арасынан оза шауып, орын алу оңай шаруа емес. Сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың жеке қабылдауында болдым. Мұның бәрін мен сіздерге неге айтып отырмын, алға ұмтылып, үлкен белестерді бағындырсын деп өз өмір жолымнан аздап сыр шерткенім. -Ал сіздердің билеріңді тамашалап, көңілім толды. Сахналық кастюм- деріңде үстеріңе құйып қойғандай жарасымды,-деді тебірене сөйлеген Гүлжан Ізімқызы. Араларыңнан екі-үш нағыз биші шығып жатса, қуанар едім.

Биге икемі бар, талпынысы тәуір бүлдіршіндер бар, бірақ көп еңбектену керек деп кәсіби биші ретінде әділ бағасын берген Гүлжан Ізімқызы фестивальға қатысушы барлық би топтарын арнайы алғыс хаттармен, дипломдармен марапаттады. Соңынан өзінің мастер класын өткізіп, би өнерінің құпия қыр-сырларын үйретті.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521