Байқаудың бас жүлдесі "Өнерпазда".
Ауданда алғаш рет мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Өнерпаз» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Драма үйірмелерінің байқауы» мереке қарсаңында қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды.
«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен шараға байқауға қатысушы 13 драма үйірмесінің мүшелері мен ауылдық округтердегі мәдениет үйлерінің басшылары да қатысты. Өнер ұжымдарының мерейлі сәтімен құттықтаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аруев:
-Мұндай мәдени шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны «Алға» театры сынды халықтық ұжымдардың көбеюіне көмектеседі. Үлкен театрлардың өзі де осындай шағын үйірмелерден бастау алғанын ұмытпау керек. Байқау барысында біз бұл салада білімі мен тәжірибесі болмаса да, кәсіби тұрғыда өнер көрсеткен жас таланттарды таныдық. Соның өзі үлкен жетістік,-деді өз сөзінде.
Байқаудың қорытындысымен «Бас жүледеге» «Өнерпаз» мәдениет үйі лайық деп танылса, Сарытоғай мәдениет үйіне жүлделі 1 орын бұйырды. Бейбарыстың драма үйірмесі жүлделі 2 орынмен марапатталса, Сарайшық, Бақсай ауылдық мәдениет үйлеріне 3 орын табысталды. Ақжайық, Есбол, Береке, Алмалы, Ақтоғай, Жалғансай, Самал, Редут ауылдық окургтерінен қатысқан драма үйірмелері де аталмыш байқаудың «Алғыс хатымен» марапатталды. «Үздік ана» рөлі Сарайшық ауылдық округінен Қалығыз Көшкінбаеваға, «Үздік әйел рөлі» Талдыкөлдің тумасы, студент Шахизада Бағытжановаға, «Үздік бала» рөлі Алмалы ауылдық округінен оқушы Насихат Таубаевқа берілді.
«Үздік ер адам» рөлімен көзге түскен Ербол Гумаров Ақтоғай мәдениет үйінің электр жөндеушісі болып жұмыс жасайды. Оның сахнадағы әке образын сәтті алып шыққаны соншалық, мамандығы басқа болса да, табиғаты өнерге жақын жан екенін бірден түсіндік. Осындай туматаланттар ауылдағы ағайынның арасында жетерлік.
Тек олардың бойындағы сол дарынды дер кезінде байқап, өнер ортасына жетелеу, қолпаштап, көтермелеу, көрерменмен қауыштыру мәдениет саласы мамандарының міндеті.
А.САТАЕВА