Аудандық "Өнерпаз" мәдениет үйінде жылдағы дәстүр бойынша әр саласы бойынша жылдың үздіктері салтанатты түрде марапатталды.
Өткен жылды толағай табыстармен аяқтап, жаңа жылға нық қадам басқалы отырған барша аудан тұрғындарын аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов құттықтады.
Аталмыш шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Саменовке Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының 25 жылдығына арналған мерекелік медалі тапсырылды. Өскелең ұрпақ бойында азаматтықты, патриотизмді тәрбиелеуде қосқан елеулі еңбегі үшін Ожаев Нұрлыбек Жұмахметұлына және құрылыс саласын дамытуға, аудандағы қайырымдылық шараларына қосқан елеулі еңбегі үшін Жұбанов Әділ Орынбасарұлына «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директоры орынбасары Тұрарұлы Айбек Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталады.
Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Жібек Мұғауова аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде ұйымдастырылған «Отбасы-бақыт мекені» жас отбасылар конкурсына қатысқан жас отбасыларға Алғыс хат пен сыйлықтарды табыстады.
Аз қамтылған, көп балалы жанұяларға, ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін бірнеше кәсіпкер "Жомарт жүрек" сыйлығымен марапатталды.
Сонымен қатар, әр сала бойынша жиырмадан аса үздік жас қызметкерлер де марапатқа ие болды.
Ауданның әр саласында табысты еңбек еткен 2019 жылдың үздіктеріне сый-сияпат көрсетілді.
Б.Сапарова