Кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді.
Абай қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың ұлы десек артық айтқандық болмас. Оның өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағдырымен тығыз байланысып, оның болмыс-бітімінің айнасындай болып жатыр. Осы жыл қазақтың бас ақынының дүние есігін ашқанына 175 толып отыр. Ел тарихындағы айтулы мерекені ел болып, жұрт болып, жер-жерде атап өту жоспарлануда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың күні кеше жарияланған мақаласында халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарының басталғанын, мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айтып өтті. Иә, бұл шараларды өткізудің мақсаты жәй ғана той тойлау емес, ой-өрісіміздің кеңейіп, рухани тұрғыдан дамуымызды көздейді. Мақаланың әр бөлімінде Абайдың ойлы афоризмдерін басшылыққа алынып, елдегі ғылым-білім саласын дамыту, тіл үйрену, қоғамның рухани жаңғыруы жайлы толғаныстар берілген.
Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына, еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған.
Ал, мақалада мемлекет басшысы: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деген ойын білдірді. Өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы болған Абай өлеңдеріндегі түйінді тұжырымдарды санамызға берік тоқып, адал еңбегімен айналмызға үлгі бола білуге үндейді.
Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет деді Президент.
Иә, әлем халқы бас иген дара тұлғамызды қай жағынан да дәріптесек, бұл біздің елдік, халықтық парызымыз болып саналады.
Қаламқас Орынбасарова,
А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің
өзін-өзі тану пәні мұғалімі