Абай – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға.
«Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ та, рухына сонша жақындармыз... Бірінші ақынымыз деп қабіріне халқы жиі-жиі зират етер, халық пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» деген қазақтың аса көрнекті жазушыларының бірі Міржақып Дулатұлы.
Қазақ әдебиетінде шоқтығы биік, жұлдызы жарық, өлең сөздің патшасы Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл. Дәуірінде қағаз бетіне өшпес жыр болып жазылған өлеңдері бүгінде халық санасында жатталып, қазақ әдебиетінің шоқтығын лаулатып жүрген жауһар қазынамыз. Абай – ұлт болашағы мен жұртының амандығын, жүрегі елім деп соғатын халқының патриоттық сезімін оятушы, жас жеткіншектің білім жолында аянбай еңбек етуге шақырған абыз ақын.
Ел Президенті Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Абайдың туындыларын үлгі етіп, елімізде Абай жылын рухани тұрғыдан насихаттауға шақырды. «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Абайдың өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі - кемелдіктің көрінісі» делінген мақалада.
Аудандық кітапханада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай көпшілік оқырмандарға «Абай – адамзатқа ортақ тұлға» атты кітап көрмесі жасақталды. Өткен жылы бастау алған Абай өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы да кітапханамызда жалғасын тапты.
Кемеңгер ойшыл, қазақ халқының біртуар тұлғасы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Мақат аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен облыс кітапханашылары арасында өткен «Абай мұраларын ұлықтайық» атты Абай оқуларында бақ сынап, жүлделі ІІІ орынға ие болмағанымды мақтан етемін.
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймаған асыл қазынасы. Асыл қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, одан әрі дәріптей отырып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу баршамыздың ортақ парызымыз.
Ару Аманғалиева,
аудандық орталық кітапхана қызметкері.