Адам болам десеңіз – Абайды оқы...

Абай әр қазақтың ұстанымы болуы тиіс.

Бала кезімде досым екеуміз аудандық кітапханаға бардық. Кітап таңдап жүрміз. Көбіне кітаптың мұқабасына қараймыз. Суреттері бар әдемі кітаптарды ақтарып тұрғанбыз. Ту сыртымыздан бір үлкен кісі келіп:

-Балалар, адам боламын десеңдер – Абайды оқыңдар, деді.

Біз ұялып төмен қарадық. Жалт бұрылып қарасақ, әлгі кісі кетіп қалыпты. Содан бастап кітапқа деген ой өзгерді. Абайға деген құштарлық артты. Оқыған сайын жаңа ой,тың тұжырым табамын.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Абай Және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқығанда сол бір оқиға есіме түсті. Шынында Абаймен Дүниежүзі қазақты тануы тиіс. Орыстар – Пушкинмен, немістер – Гетемен, қазақтар – Абаймен танымал болса жаман ба? Димашқа қол соққан ел Абайға бас исе – қазағымның мәртебесі асқақтамай ма? Кешегі қызыл империя кезінде түкке тұрғысыз ұрандар көшеде жазулы тұрады. Қазірде қаптаған қате жазылған жарнамалар. Солардың орынында Абайдың сөздері тұрса тамаша емес пе? Көбейту таблицасын жаттағандай әр қазақ Абай өлеңін жатқа білуі керек десе, әсіресе, жоғарыдағы лауазымдағыларға тест тапсырғанда осындай жүктеме берсе.

Абайды жаттау арқылы ойы нақты, тілі жаттығады. Өресі өрлеп, адами қасиеттері мен имандылығы бекиді. Абай оқуларын ұйымдастыруды әр ауыл, аудан, облыс көлемінде өткізу керек. Заманға сай флэшмобтарды жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастыру қажет. Оқу орындарында Абай сағаты өтуін міндеттеген дұрыс.

Туғанына 175 жыл өтсе де ой-тұжырымдары бүгінгі ұрпаққа рухани азық болып келген данышпанды дәріптеу арқылы дәрежеміз өсіп, жаңа құндылықтарға жол ашылады. Хакім Абайдың әр сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналдыра білгенде ғана қазақ тілі мен әлем сахынасынан көрінеді деп білемін.

Аманкелді ЕСЕНҒАЛИЕВ,

ақын, Жалғансай ауылы

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT