Бойынан өнері тамған Күнсая

Аудандық орталық кітапханада бойынан өнері тамған бір жан бар. Ол – кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлім меңгерушісі Күнсая Суханғалиева.

Кәсіподақ саласының «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Күнсая Құрақбайқызы Ин­дер ауданының тумасы. Ол 1984 жылы Индер ауданындағы Бөдене орта мектебін аяқтаған соң, 1985 жылы Атырау мәдени ағарту училищесіне оқуға түсіп, оны 1987 жылдың желтоқсанында ойдағыдай бітіріп шығады. 1988 жылдың ақпанында Махамбет ауданына келіп, еңбек жолын «Өнерпаз» мәдениет үйінде әдіскерлік қызметтен бастайды. Осы жерде 2008 жылға дейін жиырма жылдай әдіскер бо­лып, еңбек етті. 2008 жылдың қарашасында «Өнерпаз» мәдениет үйінің директоры лауазы­мына тағайындалып, 2014 жылдың қарашасына дейін қызметін абыроймен атқарды. Ау­дан мәдениетінің жоғары жетістіктерге жетуіне мол үлес қосты. Ол «Өнерпаз» мәдениет үйінде әдіскерлік қызметте жүргенде ауылдық мәдениет үйлеріне іссапарға шығып, түрлі семинар-кеңестер ұйымдастырып, іс- тәжірибелер таратты. Мәдениет үйінің іс- шараларын жүргізіп, аудандық іс-шараларды жүргізушілік қырынан танылды. Махамбеттегі радиода Махамбет жаңалықтары хаба­рында дикторлық қызметті де қоса атқарды. «Өнерпаз» мәдениет үйінде драма үйірмесіне белсене қатысып, бірнеше рөлдерді сом­дап, сахнаға шығарды. Атап айтсақ, режис­сер І.Есқалидың «Ойбай, күйеу керек!» пье­сасын Балықшы, Исатай аудандарына ба­рып қойып, халықтың ыстық қошеметіне бөленді. Махамбет Оңдағанидың «Әнді сүйсең, менше сүй» спектаклінде Қарашаш рөлін шебер сомдай білді. Театр саңлағы І.Есқалидың «Өзекті жанға бір өлім» пьеса­сында анасы рөлін сомдағаны елдің әлі есінде. Облыстық театр, драма үйірмелері байқауы Махамбет ауданында ұйымдастырылып, Күнсая І.Есқалидің «Махамбеттің соңғы күні» драмасында Бибіфатиманың рөлін шебер сомдап, көптің қошеметіне бөленді. Бұл байқауда «Өнерпаз» мәдениет үйінің драма үйірмесі жүлделі І орын алды. Оның қажырлы, жанқиярлық еңбектері ескерусіз қалмай көптеген марапаттарға ие болды. 2020 жылы кәсіподақ саласында атқарған ұзақ жылғы еңбегі үшін «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудесіне тақты. 2021 жылы Атырау қаласында киногерлер түсірген Махамбет ауданы өнерлі жастарымен қысқаметражды «Қармақ» атты киноға түскен. Сол кинода ананың рөлін сом­дап, ол кино әлеуметтік желі арқылы насихат­талды.

–Жалпы қазақтың қызы қашанда өжет болғанын білеміз. Өжет болу деген – әркімнің бетінен алып, шапылдап тұру емес. Алла тағала әуелден ер мен әйелді тең жаратылыс етті. Егер ол қыз-келіншек аса бір долы жетесіз болмаса өз намысын ешкімге таптатпаған. Осы қағида қазақ даласында сан ғасырлар бойы сақталған. Ал кеңес өкіметі кезінде ер мен әйел теңестіреміз, әйел теңдігі деген шықты. Бұл керісінше жаңағы таңғажайып әдет-ғұрыпқа селкеу түсірді. Сондай саясат кесірінен әйелдер әншейін қызметшіге айна­лып, құны құлдырап, бәсі төмендеді. Ежел­ден қазақ қызды жатжұрттық бала қонақ деп құрметтеген. Төрге отырғызған. Қазақтың төрі –қасиетті орын. Төрге кез келген адам шықпаған. Бойжеткен қызын қазақ босағаға отырғызбаған. Оның орны төрде. Келін- шаңырақтың құты. Сол әулетті гүлдендіру, ұрпақ өсіріп-өндіру келінге жүктеледі. Кейін ол мәуелі бәйтерекке айналады. Қыздар айқайлап ешкімді жеңе алмайды. Төбелесіп те, ұрсысып та жеңбейді. Кей қыздар «мен сенен кеммін бе?» деп орынсыз шайпаулыққа жол беріп жатады. Бұл қателік. Әр нәрсе өз орнымен ғана құнды-дейді ол.

Күнсая 2014 жылдың 10 қарашасынан бастап аудандық орталық кітапхананың ақпараттық- библиографиялық бөлім меңгерушісі қызметіне ауысты. Күні бүгінге дейін осы қызметті мінсіз атқарып келеді. Кітапханада өтетін барлық іс-шараларды өзі ұйымдастырып, оны жүргізіп, ауыл кітапханашыларына әдістемелік іс-тәжірибелер алмасып, өз көмегін беруден тартынған емес. Әріптестері арасында беделді, кішіге-үлгі боларлық іскер маман.

Күнсая жұбайы Бейбітпен 1989 жылы шаңырақ көтерген. Екеуінің Жеңіс, Жандос есімді ұлдарды, Ақжонас есімді қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұлдары үйленіп, қызы тұрмыс құрды. Ұлдарынан Айару, Амина, Амир, Асу, Аян есімді 6 немере, бір жиен сүйіп отыр.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521