Мәдениетті ұлықтаудан шаршамаған...

Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Халық даналығында «Өнер – ұлттың жаны» деген сөз бар. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Ал ел мәдениеттің дамуына ауылдық жерде еңбек етіп жүрген қарапайым мәдениет қызметкерлерінің қосатын үлесі ерекше.

Саналы ғұмырын ауданның мәдениет саласына арнаған Ақтоғай ауылдық мәдениет үйінің директоры Қаламқас Темірғалиева осы салада 1988 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Қаламқас Ризуанқызы – Исатай ауданының ту­масы. Ол ауданның Чапаев селосындағы М.Горький атындағы орта мектепті 1972-1982 жылдары оқып бітірген соң 1985 жылы Атырау мәдени-ағарту училищесінің мәдени жұмыстарды ұйымдастырушы мамандығына оқуға түскен. 1987 жылы оқуды ойдағыдай аяқтаған соң 1988 жылдың ақпан айынан бастап Ақтоғай селолық клубының меңгерушісі, 2001 жылдың наурызайынан бері Ақтоғай мәдениет үйінің директоры болып еңбек етуде. Ол еңбекқор, іскер ұйымдастырушы, жауапты маман. Ауданда, ауылда өткен барлық мерекелік іс-шараларды өз деңгейінде, асқан жауапкершілікпен қарайды. Ақтоғайдағы тұрғындармен, мекеме-ұйымдармен тығыз байланыс жасап, кей шараларды бірігіп өткізіп келеді. Аудан, облыста өткен фестиваль, байқау, көрме, конкурс болсын қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүр. Алған марапаттары да жетерлік. 2016 жылы жыл қорытындысымен ауданның мәдениет саласының дамуына үлес қосып, тұрғындарды мәдени-көпшілік шаралармен қамтудағы елеулі еңбегі үшін «Жылдың үздік мәдениет қызметкері» атанған.

Қаламқас сонымен қатар округтегі ақпараттық- насихаттық топ жетекшісі, Ақтоғай орта мектебінде ата-аналар комитеті төрайымы болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол Ақтоғай мәдениет үйі жанындағы «Ару-Ана» әжелер ансамблінің мүшесі, драма үйірмесінің жетекшісі, учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы, ауылдық округ қоғамдық кеңес мүшесі. Ақтоғай ауылдық округі әкімі аппа­раты Қаламқас Ризуанқызын тәжірибелі маман, шебер ұйымдастырушы, ұжым басшысы, ауылдағы тәрбиелі отбасының ұйытқысы деп бағалайды. Қаламқас атқарып отырған жұмысы туралы былай деді:

- Отыз алты жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Жүрек қалауыңмен жасаған еңбектің наны тәтті болады. Талай қиын кезеңді басынан өткерген мәдениет саласының ыстығы мен суығын көрдік. Қазіргі талап та жаңашылдықты қажет етеді. Іздену, тынымсыз еңбек жетістікке жеткізетін жол. Тыңдармандарыңды таңқалдыру оңай емес. Шын та­лантты өнерде шыңдау, сахна мәдениетіне тәрбиелеу қажырлы еңбекті талап етеді. Ауылда жыл сайын аудандық, облыстық мәдени іс-шараларды өткізіп келеміз. Барлығы тұрғындардың көңілінен шығып жатса, біздің еңбектің ақталғаны. Мәдениет үйі әркез үлкен жетістерге жетіп келеді. Осы мәдениет үйі жанындағы «Ару-Ана» әжелер ансамблі 2022 жылы «Халықтық» атағын алды. Облыстық «Рухани қазына-2022» байқауында біздің мәдениет үйі «Үздік ауылдық мәдениет үйі-2022» аталымын жеңіп алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын, -дейді Қ.Ризуанқызы бізбен әңгімесінде.

Бір сәтке де тынбайтын, өмірін мәдениетсіз еле­стете алмайтын кейіпкеріміз өмірлік серігі Тоқтар Темірғалиевпен 1989 жылы шаңырақ көтерген. Тату-тәтті ғұмыр кешіп бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіреді. Жан жары Тоқтар «КазтрансГазАймақ» мекемесінде шебер болып, ұзақ жылдардан бері еңбек етеді. Балаларының бәрі жоғары білім алып, өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. Қызы Нұргүл Орал қаласындағы Еуразия институтының қаржыгер мамандығын алып, Атырау қаласында банк саласында еңбек етіп жүр. Айнұр Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын қобыз мамандығы бойынша бітіріп, Астана қаласында тұрады. Айкөркем Атырау медколледжін фельдшер мамандығы бойынша бітіріп, Махамбет ауруханасында еңбек етуде. Үш қызы да тұрмыс құрып, үш рулы елмен құдандалы болыпты. Ұлы Нұрбол Атырау мұнай-газ университетін аяқтап, КиПиА саласының инженері болып, Теңіз кенішінде еңбек етіп жүр. Әзір үйленген жоқ, бойдақ. Үш қызынан 9 жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Өз саласының мақтанышы, іскер ұйымдастырушы Қаламқас Темірғалиеваның өнегелі өмірі осылай өріліп келеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT