Басшылық қызмет торға қамап қойды

Оның қоңыр үні естіген адамның құлағында еріксіз қалып қояды. Оның кең диапазоны талай мықтыларды таң қалдырып, тамсандырған.

Оның өнері күні кеше әлемді бағындырған Димаштан кем түспейді. Ол қазақ, орыс, ағылшын, итальян тілдерінде әлем классиктерінің әндерін емін-еркін айтатын және өзін Роза Рымбаева, Ескендір Хасанғалиевтармен тең дәрежеде «әнші» деп емес, жай ғана кәсіби орындаушы деп атауымызды өтінген өте қарапайым жан. «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» деп Абай жырлағандай, бүгінде есті әуен тыңдайтын, аудитория да азайып бара жатыр. Батыстың даңғыра музыкасын фонограммамен айтып беретін шоу-бизнес пен той бизнестің жұлдыздарынан да жарық жұлдыздар арамызда жүр. Өкініштісі, солардың жарқыраған сәтін дер кезінде көре алмаймыз, табиғи талантын бағаламаймыз. Өмірін өнермен егіз көретін тағы бір ерекше дарын иесі, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Төлеуов Әли Теміржанұлы бүгінгі аптаның кейіпкері.

- Әли, сіздің табиғат берген дарыныңыз, ерекше дауысыңыз, өнеріңіз бар, бірақ неге үлкен сахнадан көрмейміз?

Танымал болуға не кедергі?

- Үлкен сахнадан көрінуіме қолдау жетіспей жүрген шығар. Өйткені, бүгінгідей өнер саласы жан-жақты дамыған уақытта, танымал болу болу да оңай емес. Тек өнерлі болу жеткіліксіз. Байқауларға қатысу бір басқа, үлкен саханада көріну бір басқа. Оған қолдайтын адам, демеуші керек сөзсіз.

- Осы уақытқа дейін сіздің дарыныңызды байқап, бірге жұмыс жасауға ұсыныс білдірген продюссерлер, қалталы азаматтар болды ма?

- Продюссермен жұмыс жасау үшін де шыны керек, аз-мұз қаржың болуы керек. Өйткені, оның еңбегіне де ақы төленеді. Сайып келгенде барлығы сол қаражат мәселесіне тіреледі.

- Авторлық әндеріңіз бар ма?

- Авторлық ән әзірге жоқ, себебі ән жаздыру қымбат. Мәселен, Алматыда 750 мыңның шамасында болса, Атыраудың өзінде 250-300 мың теңгеге барып қалады.

- Бірер жыл бұрын сізді басшылық қызметтен көргенбіз. Сарытоғай ауылдық мәдениет үйінен, жалпы ауданнан кетуіңіздің себебі неде?

- Басшылық қызметтегі қағазбастылық, бітпейтін жиналыстар мен секілді өнер адамын торға қамап қойғандай болды. Шығармашылық жайына қалды. Жыл сайын жауыр болған бір бағдарлама. Одан қалса той-садақа аралап, аппарат тасып жүреміз. Сарытоғайдағы басшылықта жас маман ретінде жергілікті әкімдіктен баспана да қарастырылмады.

- Қазіргі қызметіңізге көңіліңіз тола ма? Қалада өмір сүру қиын емес пе?

- Аллаға шүкір «Нарын»оркестрінде және үрмелі аспаптар оркестрімен сахнада жиі көрініп жүрмін. Кредиті жоқ адамға қалада ептеп өмір сүруге болады.

- Той әндерін қалай бағалайсың? Ұсыныс түссе орындайсыз ба?

- Мен жалпы кәсіби әншілердің тойға шығуына қарсымын. Той әндерінің тәрбиелік мәні жоқ, құр селкілдеп билеуге арналған арзан дүние деп бағалаймын. Маған жараспайды ұсыныс түссе де қабылдамаймын.

-Ән айтудан басқа хоббиіңіз бар ма?

- Әрине, бос уақытты көбіне хоккей, футболға арнаймын.

- Сұқбатыңызға рахмет! Еңбегіңізге табыс тілейміз!

Таланты бар, танысы жоқ деп Әли секілді сегіз қырлы, бір сырлы азаматтарды айту керек шығар. Бала күнінен алғашқы ұстазы Эльмира Еспусинованың жетекшілігімен талай байқауларды бағындырып келе жатырған Әлиді аудан, облыс жұртшылығы ғана танып қоймай үлкен сахнадан да көретінімізге шүбәміз жоқ. Уақытында, қолдау көрсететін, өнерді бағалайтын демеушілер табылса, әрине.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT