Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері ауылдағы қызметкерлер қашықтықтан жұмыс жасауға көшті.
Соның ішінде мәдениет қызметкерлері де бар. Осы ауылдың композиторы Қайыржан Ықсанов ағамыздың әніне жазылған «Саялы Сарытоғай» әнін Ырысқали аға бастаған Жұмабаевтар өнерлі отбасылары онлайн түрінде шырқап, көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.
Жұмабаевтар көп ағайынды, шетінен өнерлі жандар. Отбасылық ансамбль 1979-80 жылдары құрылып,аудан, ауыл сахнасында ғана өнер көрсетіп келген.
«Осындай қиын-қыстау кезінде «Біз біргеміз» эстафетасын жалғастырып, өзіміздің отбасылық үлесімізді қосқымыз келді. Сонымен қатар, жер-жаһанды жайлаған індет пен төтенше жағдай тәртібін сақтай отырып, сабырбен жеңіп шығуға шақырамын» дейді бізбен әңгімесінде Ырысқали аға.
К.САПАР