Алғалық Ұзақбай ұлағатын ұстанған ұрпақ(+видео)

Бүгінгідей ел басына қиын-қыстау күн туған уақытта Алға ауылының абыройлы ақсақалы, батагөй қарттарының бірі, өнерлі ұрпақ тәрбиелеген Тілеген Ұзақбайұлы ағамыз ұрпақтарымен бірге жерлестерін жігерлендіріп, жасымауға шақырып, онлаин түрде дәстүрлі әннен шашу шашып жатқанын көріп қатты риза болдым.

Осы орайда Тілеген ағамыздың әкесі Ұзақбай нағашымнын ұрпақтарына берген тағылымды тәрбиесі туралы айтқым келеді. Ұзақбай Тілегенов өз заманында арабша оқып, хат таныған, медрессе ілімін алған, қандай жағдайда да бес уақыт намазын қаза қылмаған, иманы һақ жан еді. Ішкі жан дүние сарайына сай, сырт келбетіне келіскен қияқ қара мұрты да сымбатты көрсететін. Әлбетте, көркем мінезді, жүдә таза кісінің былайғы жұртқа софы сипатты, тегінен тектілігі айқын аңғарылатын. Оның жеке өзіне ғана тиесілі Құран, хадистер мен Қобыланды, Алпамыс, Ертарғын секілді араб әріптерінде жазылған жыр кітаптары қобди сандығында, ақ матаға әспеттеліп оралып, мұқият сақталатын. Бұл ілім қазыналарын қолына кешкі астан кейін алып, жетілік шамның жарығымен оқитын. Сондағы тыңдаушылары, осы сәтті үнемі күтіп отыратын көрші шал, соғыс ардагері Қоймұрат қарт, анасы Жансұлу әжеміз бен жары Қанзиба шешеміз және қара сирақ жиені мен болатынмын. Арасында қаладағы оқуынан демалысқа келген Тілеген баласы да тыңдап жататын.

Сол бір балалық шағымнан көңілімде қалған көріністер ішінде, Ұзақбай әулетінің бүгінгі ұрпақтары үшін де ерекше орны бар, тіпті аталарының ақ тілегі ұялаған бой тұмарындай мәні бар, ол – қалақ домбыра еді. Қолыма ұстап көрейін десем, ала алмаймын. Өйткені, оны ауланың тақтай есігінің жоғарысына көлденең қағып тастаған. Бір келгенімде әжемнен сұрағанымда, ошақ басына қасына шақырып алып: «Сатанжан, оны нағашың Тілекжанға өнерлі болсын деп кішкентайында ырым етіп жасап берген. Өзінің теңізден тұздаған балық салып әкелген жәшігінің тақтайынан. Тілекжан осы тақтай домбыраны қолынан тастамай жүріп үйренді. Естіп жүрсің ғой қазір домбырамен күй тартып, қалай ән салып жүргенін. Сонда да анау тақтай домбырасын лақтырмай, әкесі ырым етіп есікке қағып қойды. Сен оған тиме, жарай ма»- деп, қоламтадан жаңа шыққан кішкене собалақ нанның күлін үргілеп жіберіп, қолыма ұстатты. Дегеніме жетіп, мәз болып мен кеттім. Ауласындағы ошақтың отын одан бетер маздатып, ой түбіне жете алмай, өз-өзіне күбірлеп әжем қалды. Сондағы айтары: «Атаңа нәлет, қу Герман-ғана, Ұзақбайымның қос қанаты Оразғалиым мен Жолдығалиымды жалмадың-ау» - деп, соғыстан оралмаған қос ұлының жолын тосып, жылай-жылай кеуіп қалған көзін бір сүртіп алады. Бір терең дем алып, мұғалімдікте оқып жатқан жалғыз ұлы Ұзақбайының амандығын Тәңірінен тілеп. : «Ай Алла, енді қалған мына жалғыз тұяғымыз, ақ Тілегімізді аман қыла гөр! ...»- деп дауыстайды.

Осылай жылдар өтіп, әжесінің ақ тілегі қабыл болды. Ұзақбайұлы Тілеген оқуын бітіріп, туған ауылында ұстаз атанды. Көп ұзамай шаңыраққа келін түсті. Бірақ, қашанда бір әттең кем дүние қалған ба? Ұлының бұл қызығын әкесі Ұзақбай көре алмай, 1962 жылдың күзінде дүниеден озды. Ал, артында қалған қара шаңырағын ұлы мен келіні ұрпаққа толтырды. Баяғы әкесінің шыбық ауласында төрт ұл, үш қызы асыр салып ойнап өсті. Анау жылдары Ұзақбай қарттың тәбәрік етіп тақтайға қаққан қалақ домбырасы баталы болған болса керек, әйтеуір немерелері шетінен өнерлі болып өсті. Өткен ғасырдың, әсіресі 1960-80 жылдары білімі мен өнері қатар шауып, аудан, облыс көлемінде танымал өнер иесі болған Тілеген ағамыз бен өнеріне жанашыры Мүгілсім жеңгеміз екеуі өздерінің өнерлі ұл-қыздарына бас болып, «Ұзақбаевтар жанұялық ансамблін» құрды. Еңбектері зая кетпеді, талай мәрте сындарлы сындарда оза шауып, ауыл ғана емес, ауданның да абыройы артуына өз үлестерін қосты.

Ел-жұртына айтары мол шежірелі жан, ақылгөй ақсақалымызға, өнерлі ұрпағың өсе берсін, Ұзақбай ұлағаты өшпесін, өркендей берсін дейміз!

Сәтқали Әуелбаев,

Атырау қаласы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT