Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап, аудан өнерпаздарының қызметкерлері де қашықтықтан жұмыс жасау режиміне көшкен болатын.
Аудан өнерпаздары да осы берекелі істі жалғастырып, әр ауылдың өнерлі отбасылары, сонымен қатар аудан өнерпаздары да әлеуметтік желі арқылы халықтың көңілін көтеруге жұмыстанып, онлайн концерттер өткізуде.
Жақында С. Аманғалиевтың сөзіне жазылған, Қ. Ықсановтың «Махамбет құтты мекен» әнін Дмитрий Юн өңдеп, Манас Ілиясұлы, Гүлфара Шаумұрынова, Кенжебай Адыров, Ғалия Ұлықпанова, Ерлан Аққайсиев, Зухра Жөкесова онлайн түрде орындады.
«Ел басына күн туған кезде, осынау қиын-қыстау заманда, біз, өнер адамдары ретінде жайбарақат қарап қалмайық деп, өз үлесімізді қосайық деген ниеттеміз. Бірлігі жарасқан халық ретінде қиындыққа əрдайым төтеп береміз. Бұл қиындықты да бірлесіп жеңеміз», - дейді Атыраудағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының қызметкері Д.Юн.
Жұмысқа келіп-кету шектелгенімен, осындай жүйе арқылы көпшілікпен байланыс орнату жолымен өнерпаздар да өз шығармашылықтарымен бөлісіп жатыр. Осындай жайтқа негіз болған ғаламдық індетті ауыздықтау, бірлесе жеңуге үндеген оңтайлы бастамалар жүзеге асып жатқаны көңіл қуантады.
Кенже САПАР