«Білектің күшімен, найзаның ұшымен» қорғап қалған, ата-бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлттық тіліміз – қазақ тілі. Тәуелсіздік алғалы қазақ тілін дамытуға қатысты ештеңе істелген жоқ деуге болмайды. Туған тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін көп жұмыс атқарылды. Отыз жылға жуық уақыт ішінде өңірде тіл саясатын дамытуда жасалған жұмыстарды, сондай-ақ сол істердің жүруіне мұрындық болған біраз азаматтарды атап өтуді жөн көрдік.
НҰРПЕЙІС ПЕН АТЫРАУ – ЕГІЗ ҰҒЫМ
90-шы жылдары Гурьевке «Атырау» атауын берудің қалай жүргендігін бес саусағындай білетін, қазақ тілінің аясын кеңейтуде бірқатар жұмыстар жасаған тіл жанашыры Ардақ Жуасовтың айтуынша, тілдің мәртебесін көтеруде сол жылдары біраз жұмыстар жасалған көрінеді.
- Сонау 1989 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңның нәтижесінде көптеген қалалар мен ауылдарда белсенді жастардың басы қосылып, елді мекендерде жер-су аттарын өзгерту жөнінде үлкен жұмыстар істеле бастады. Бұл істің басы-қасында жүріп, Атырау облысында алғаш құрылған «Қазақ тілі» қоғамына төрағалық еткен Қадір Жүсіп ағамыз жұмысты барлық аудан, ауылдарда аталған қоғамның филиалдарын ашудан бастады. Қадір ағаның жанынан әр саланың өкілдері, қазақ тілінің жанашырлары Жауынбай Үдербаев, Айтқали Нұрғалиев, Халел Сағын, Исатай Балмағамбетов, Хабиболла Қуанышқали, Сабыр Ұзақбаевтар табылып, Атырауда тіл қозғалысын жүзеге асырған еді. «Қазақ тілі» қоғамының Махамбет ауданындағы филиалында Б.Рамазанов, Индерде Б.Шыныбаев, Қызылқоғада Т.Тілегенов, Жылыойда Ж.Нұрмұхановтар ауыл балаларын университеттің «қазақ тілі және әдебиеті» факультетіне жолдама беруде жұмыстар жасаған. Сондай-ақ, қоғам мүшелері кесте бойынша қаладағы барлық балабақшаларды аралап, әр балабақшада бір қазақ тобын ашу міндеттеліп, ата-аналарға балаларын қазақ топтарына беру туралы үгіт-насихат жүргізген. Тіл жанашыр-лары орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашуда да елеулі жұмыстар атқарды. 1990-92 жылдары Гурьев қалалық атқару комитетінің, Халық депутаттары қалалық кеңесінің төрағасы қызметінде болған Нұрпейіс Мақашев та қазақ тілінің жандануына бір кісідей атсалысқандардың қатарынан табылды. Атырау десе, Нұрпейіс Мақашевтың есімін қатар атауға болады,-дейді А.Сүндетұлы.
Гурьевке атау беруді ұйымдастырған кеңес мүшелерінің қатарында Нұрпейіс Мақашев, Айтқали Нұрғалиев, Қадір Жүсіптер болды. Сондай-ақ, қала атауының ежелде Атырау деп аталғанына пікір білдірген тілші, ғалым Сәкен Сәукенұлының еңбектері зор көрінеді. Сондай-ақ екі жүзге жуық студенттің сессия өтіп жатқан жерге келіп «Атырау, Атырау» деп айқайлап, қала атауын өзгертуін сұрауы да өз әсерін тигізген. Сессияға қатысқан 60- қа жуық депутаттың көпшілігі Гурьевті «Атырауға» өзгерту туралы ұсынысты қолдады. Осылайша, 1992 жылы ақпан айының 21-і күні ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Гурьев қаласын Атырау қаласы деп атау жөнінде қаулы қабылдады.
ТІЛ САЯСАТЫ ӨҢІРДЕ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛДІ?
2005 жылы Мәдениет министрлігінде тіл саясатымен айналысатын комитет құрылды. Комитет төрағалары болып белгілі қаламгерлер Бауыржан Омаров, Ербол Шаймерденов, Шерубай Құрманбайұлылар қызмет етеді. Сол жылы барлық өңірде Тілдерді дамыту басқармалары құрылып, оның Атырау облысындағы алғашқы басшысы Хабиболла Қуанышқали болды. Өзінің орынбасары Серік Мұхамбетов екеуі жанына тіл жанашырларын, белсенді жұмыс жасайтын азаматтарды жинады. Алғашқы маман қызметкерлердің қатарында М.Ізғалиев, Ғ.Хабиров, А.Ешекеева, Б.Қарамурзин, М.Құбышев, А.Жуасов, Г.Сабирова және Ж.Дияшева болды. Басқармада тілдерді дамыту және ұйымдастыру, ономастика, әкімшілік бөлімдері жұмыс жасай бастаған.
- Сол кездегі басшымыз Хабиболла Қуанышқалидың сөзі бар еді. «Құрылысшылардың еңбегі салған үйімен, жолшылардың еңбегі салған жолымен, ал тіл саясатындағылар еңбегі үгіт-насихатымен көрінеді» дейтін. Облысқа қарасты 7 ауданда және қалада тіл мәселесімен айналысатын мәдениет, тілдерді дамыту бөлімдері ашылды. Махамбет аудандық бөлімінде Ж.Байконова, Исатайда А.Мұхамбетов, Индерде Т.Досымов, Құрманғазыда Қ.Ғаббасов, Мақатта Б.Ермеков, Жылыойда Н.Сүйембаев, Қызылқоғада Ж.Ізбасқановалар болды. Тіл саясатын дамытуда БАҚ өкілдерінің үлесі де көп болды. «Қазақстан-Атырау» телеарнасына түрлі танымдық эфирлер беруге А.Нұрғалиев, Ө.Әлімгереевтердің, «Атырау-Ақпараттың» сол кездегі директоры Э.Жұмағазиевтың, Ішкі саясат басқармасының басшысы К.Қосыбаевтың, «Ана тілі» газетінің сол кездегі бас редакторлары М.Құлкенов, С.Ибрагимдердің, «Айқын» газетінің тілшісі Т.Қалимованың, «Алтын Орда» газетінің редакторы И.Балмағамбетовтердің еңбегі зор, - дейді тіл жанашыры А.Жуасов.
АУДАРМАШЫЛАР ӨНДІРІСТЕ
2001 жылы облыс әкімі С.Дәукеевтің «Атырау облысындағы құжат айналымын мемлекеттік тілге көшіру» туралы шешімі шықты. Мемлекеттік қызмет саласында, өндірістік мекемелерде қазақ тіліне атүсті қараған қызметкерлерге шаралар қабылданатын болған. Соның нәтижесінде, Атырау мұнай өңдеу зауытында «аудар-машы» бөлімі ашылып, бұл қызметті Қаржаубай Сұлтанғалиев атқарады. Журналистика ардагері бұл қызметті атқара жүріп, мұнай-газ саласының терминдер сөздігін құрастырған. «Атырау жылу электр орталығының» президенті Мұхамбетқали Қалиев қазақ тілін қолдағандардың қатарынан табылып, осы еңбегі еленіп, облыста алғаш болып, Эльдар Жұмағазиев екеуі «Тіл жанашыры» төсбелгісіне ие болады. Батыс аймақтық «Қазақстан Теміржолы» АҚ-ның төрағасы Амангелді Селбаев та теміржол саласында аймақтық семинарлар ұйымдастыруға мұрындық болады. Мекемелерден «аудармашылар» штаттарын ашып, теміржол саласына мемлекеттік тілдің енгізілуіне бірден-бір үлес қосты. Сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-ында «мемлекеттік тіл» бөлімін құрып, аталған бөлімді басқарған Аманғали Әміржанұлының еңбектері өлшеусіз.
АТЫРАУДАН ҮЙРЕНІП КЕТКЕН КЕЗДЕР...
Облыста тілдерді дамыту басқармасы құрылғаннан кейін өзге ұлт өкілдері арасында да мемлекеттік тілдерді еркін меңгергендер шыға бастады. Түрлі байқаулар, конкурстар республикалық деңгейде ұйымдастырылып, ол сайыстарға Атыраудан Райса Биткова, әзірбайжан ұлтының өкілі Н.Мамедовтер, Индер ауданынан ағайынды Любиндер, Махамбет ауданынан Дмитрий Юндер қатысып, ерекше көзге түсті. Қазақ тіліне жанашырлық танытқан облыстық табиғат ресурстарын қорғау басқармасы басшысы Зайдолла Қожағалиев, статистика басқармасы басшысы Сергей Алпатановтар көп жұмыс жасаған-ды.
- 2006 жылы сол кездегі Мәдениет министрі Е.Ертісбаевтың қатысуымен облыста алғаш рет тіл жөніндегі семинар өткізілді. Кез келген әңгімені майын та¬мызып жеткізетін А.Айталы, М.Шаханов, А.Осман, Р.Отарбаев, М.Құлкенов, М.Тәжі-Мұрат, С.Әбдірахмановтар өңірге келіп, атсалысқан. Өндірісті орындарда «қазақ тілін оқыту» курстары ашылып, жұмыс жасап жатқандығын көрген семинарға келген қонақтар: «Атырауға үйретіп емес, Атыраудан үйреніп кететін болдық қой» дегендері бар,- дейді кейіпкеріміз.
БАЛА ОРАЗ, ТАЛДЫКӨЛ, АҚҚАЙЫҢ...
Ономастика бағытында да, яғни қала көшелерінің, елді мекен, ауылдардың атауын өзгертуде көп жұмыстар жасалған. 2009 жылы Махамбет ауданына қарасты ауылдарға Бала Ораз, Кеңөріс, Ө.Атамбаев, Талдыкөл, Аққайың атаулары берілді. Индер ауданындағы Кулагино, Горы, Гребен¬щик ауылдарының, Исатайдағы Чапаев, Новобогат, Гран ауылдарының, Құрманғазы, Жылыой аудандарындағы біраз елді мекеннің атаулары өзгерді.
- Бұл жұмыстардың басы-қасынан сол кездегі аудан, қала әкімдерінің орынбасарларының үлесі зор. Махамбет ауданында С.Арыстанов, Индерде Д.Меңдігереев, Исатайда М.Өтеғалиев, Жылыойда М.Сағиев, Құрманғазы ауданында Ғ.Қалиев, Атырау қаласында Б.Иманғалиевтер көше, ауыл атауларын өзгертуде идеологиялық жұмыстарды жақсы жүргізе білді. Біздің басқарма мамандары да тіл заңдылығының орындалысын бақылау мақсатында апта сайын өндістік мекемелерге прокуратурамен бірлескен тексеру жұмыстарын жүргізіп отырдық.
ТҮЙІН
Өз ұлты үшін жаны ашитын жандар ғана ана тілінің жанашыры болады. Мәдениеттің, рух пен тарихтың тірегі – ол ана тіліміз. Қоғамды мәдениетке жеткізіп, қоғамдық ой-сананы биікке көтеретін, қуатты да құдіретті мұндай тілдің көмегімен өркендеген елде оның құрылымы мен жүйесі дами түсіп, небір нәзік ой мен сезімді, аса күрделі құбылыстарды дәл бейнелейтін қабілеті арта береді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ