Ақжайықтық Зайда Бижанова: «Киіз басу өнері ұмыт болып барады»

Зайда Ибрагимқызы тігін өнерінің шебері.

Ата-бабаларымыздан қалған асыл өнердің бірі текемет басу, сырмақ сыру, алаша тоқу. Бала күнімізде ауылдың үлкен әжелері бір-бірінің үйіне текемет басу үшін жиналатын. Текемет басылған күні мерекелік көңіл-күй орнап, аналарымыз қазан қайнатып, әңгіме-дүкен құратын. Салтымызда текеметті тек биязы қозының жүнінен басқан. Себебі, онда қылшық болмайды. Әрине, бүгінде текеметтің орнын заманауи кілемдер мен төсеніштер басты. Соған қарамастан халқымыздың киіз басу өнерінің ұмытылып қалуына жол бермей, жаңа үлгіде жасандырып жүрген, он саусағынан өнері тамған ауылдастарымыз да жоқ емес. Солардың бірі ақжайықтық Зайда Бижанова.

-Жалпы текемет қойдың күзгі күзем жүнінен жасалады. Себебі онда қылшық болмайды. Көне заманнан келе жатқан әр ұлттың өз ғұрпына мән-мағына беріп, өмірдің әр күніне сән бере білген заңдылығы осы жерде айқын көрініс береді. Киіз басу тәсілі бір болғанымен текемет бетіне ою салу әр жерде әртүрлі болады да, жергілікті көркемдік ерекшеліктері анық көрініп тұрады. Ертеректе аналарымыз киіз басып, алаша тоқып, терме теріп,құрақ құрайтын. Осындай өнер туындыларын көріп өскендіктен алғашқы қызығушылығым сол кезде оянды.

kiiz100920

1994 жылы Махамбет ауданында «Инабатты Тоқжан» деген келіндер сайысына қатыстым. Сайысқа өзіңнің туындыңды ала бару керек болды. Өз қолымнан жасаған туындым ат ерттегенде астына салатын терлікті үстіне санын жазып ала бардым. Сонымен қатар көптеген киіз басуларға қатысып, оюлар салып жүрдім. Ауданның 90 жылдығы қарсаңында басқан киізіміз де бар. Онда шаршы, қошқар мүйіз,сыңар өкше, бақан оюларын пайдаландым.

tekemet10920-20

Қазіргі уақытта адамдар заманына қарай үйлеріне киіз емес әдемі кілемдер төсеуге көшті. Текеметке сұраныс жоқ. Сондықтан құрақ құрап, іс тігуді қолға алдым. Фетра матасынан ет табақшасының астына қоятын және қызға сырға салуға барғанда апаратын көрпеше, қоржын,қобдиша тігіп жүрмін.

qol100920

Бұдан бөлек қалған материалға қыздардың шашына тағатын бұйымдар тігемін. Тапсырыстар қабылдаймын.

shash100920

korzina100920

Одан қалса мектепке, балабақшаға ұлттық киімдер тігіп беруге тапсырыс береді. Әлеуметтік желіден қарап,заманға сай тұрмысқа қажетті заттарды тігуге тырысамын. Әлемді жайлаған індет басталмас бұрын мектепке шеберлік сағатын өткізуге шақырып, өнерге қызығушылығы, ынтасы бар балаларға барып үйреткенім бар, – дейді Зайда ханым бізбен әңгімесінде.

Кенжегүл САПАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT