Айналайын даусыңнан

Әсем әнімен тәнті еткен Алма.

- Ертең жаңа қонысқа көшеміз, - деді әкем. Көптен күткен бұл хабарға біз, әсіресе, балалар жағы қатты қуанып, мәз болдық.

Сарайшықтың қақ ортасындағы үш бөлмелі үйіміз отбасымыздағы тоғыз жанға тарлық етіп жүр еді. Енді әкеме өзі қызмет істейтін тәжірибе станциясы ауылдың шетінен төрт бөлмелі үй беріп жатыр. Екі пәтерліктің бір басы демесең, бөлмелері кең, ауласы атшаптырым, әйбат-ақ үй. Іргесінен алма баққа су айдайтын арық сарқырап ағып жатыр. Арықты бойлай біткен алып бәйтеректердің көлеңкесі ыстықта жанға сая. Тәңірдің мейірімі түсіп, иіп берген жері дерсің бір. Ауылдың шеті болған соң, малды өріске шығаруға да қолайлы. О-о, бұған ауыл адамының қалай қуанатынын білсеңіз ғой.

Жаңа қоныс бізді әнмен қарсы алды. Шыны керек, біз әуелі көрші үймен екі арадағы қабырғаның ар жағынан естілген әсем әуезді радио не телевизор деп ойладық. Сөйтсек, көршінің ұл-қыздары шетінен әнші көрінеді. Ән салғанда шіркін, көмейлерінен бал тамады-ау. Ал көршіміз тәжірибе станциясының аға шопаны Әбілхас Тапахов деген ағамыз еді. Өзі сол кезде зайыбы Қалила апай екеуі Сарайшықтан үш шақырымдай жердегі Қаратал учаскесінде мал бағып отырған. Станция берген жаңа қоныста анасы Әйбат әжей немерелерімен тұрып жатты.

Негізі өнерлі әулеттің балалары хақында: «Өнерпаздық қандарында бар ғой» деген тұжырым жиі айтылады. Десек те табиғаттың сұрыптау заңы бойынша олардың арасынан бір-екеуі ғана топ жаратынын тәжірибе көрсетіп жүр. Осы аксиома Тапаховтар әулетіне келгенде де өз заңынан бұлжымады. Бұл отбасынан Сәуле мен Алма топ жарды. Екеуі иран бақта жарыса сайраған қос бұлбұлдай Сарайшықтың мақпал кештерін әнмен тербейтін еді. Сол бір ғажайып күндердің суреті әлі күнге көз алдымда тұр. Алтын күн Қаратал жотасына иек арта еңкейетін маусымның маужыр кештерінде Алманың әжесі үлкен текеметті аулаға жайдыратын. Оған көрші әжелер жағалай жайғасып, Сәуле мен Алманы ортаға алдырады. Әйбат әжей: «Ал, қыздарым, баста!» дейді. Қыздар көп күттірмейді. Домбыраның құлақ күйін келтіре салып, күмбірлете жөнеледі. Сәуле әдетте өзінің ұстазы Ғарекеңнің (Ғарифолла Құрманғалиевтың) әнінен бастайды:

Шырқа дауысым, сорғала,

Шық биікке, жорғала!

Туған дала қойнында,

Ән боп туған мен бала, - деп жан-жүрегіңді үздіктіре аяқтағанда тілмен айтып жеткізу қиын бір айран-асыр күй кешер едің. Ал қарт әжелер: «Ой, көп жаса қарақтарым!» деп батасын беріп жататын.

t

Сөйтіп жүргенде Сәуле Алматы эстрада студиясындағы оқуын жалғастыру үшін астанаға аттанды. Кейін сол жақта біраз уақыт қызметте болды.

Енді біз ауылда Алмамен қалдық. Бұдан былай Сарайшық кештерін Алманың әні әлдиледі. Өнерпаз бала мұғалімдердің де көзіне түседі ғой, Алма мектепте өтіп жататын мәдени шаралардың көркіне айналды. Сондай-ақ мұғалімдер назарынан жасырын өтіп тұратын жастар кештерінің де гүлі болды. Сондай бір кеште оның гитарамен айтқан әні әлі құлағымда тұр:

Дамылдап өзендерде,

Күн батып, күн шығады.

Мен үшін көзіңді ілмей,

Анашым жүрсің бе әлі, жүрсің бе әлі?

Е-е-ей, дүние құлпырады,

Боянып дала нұрға.

Сонда да мен тұрамын,

Көзіңнің жанарында, жанарында.

Сағыммен тербетіліп,

Шықтың сен қанша қырға.

Шаршады жел де тынып,

Анашым, шаршадың ба, шаршадың ба?..

Бұл қазақтың дарынды ұлдары – композитор Дүнгенбай Ботпаев пен ақын Сағи Жиенбаевтың жазған әндері еді.

Біздің замандас құрбы-достарымыз жастар кештерінде осындай әндерді тыңдайтын. Осы әндерді тыңдай отырып, біз Алма құрбымызға шын жүректен тілеулес болатынбыз. «Өнер жолында қанатың талмасын!» дейтінбіз. Біздің осы тілегіміз қабыл болып, Алма мектеп бітірген соң бір-екі жылдан кейін Гурьев мәдени-ағарту училищесінің халық өнері бөліміне түсті. Бұл арманшыл жас қыздың өміріндегі қайталанбас қымбат кезең еді. 1982 жылдың тамылжыған жазы болатын. Оны арман асуына жетелеген жаз еді бұл.

Іле-шала қоңыр күздің маужыр күндеріне ілесе сабақ басталды. Ол кезде училище қаланың ең бір көрікті жерінде, бүгінгі тарихи-өлкетану музейінің ғимаратында орналасқан-ды. Сабақ бөлмелеріндегі әр алуан музыка аспаптарының сұлу сазы ашық терезеден күзгі ауаға тарап жататын.

Училищеде Алма атыраулық дәулескер домбырашы Сағидолла Томановтан дәріс алды.

- Ол кісінің домбырасының үнінде ерекше бір сиқыр бар еді. Күмбірлетіп шерте жөнелгенде көзіңді шырадай жандырып, алпыс екі тамырыңды бір алапат асау ағын қуалап кетері бар. Осындай ғаламат мэтрдің алдындағы жауапкершілікті сезініп, жүрегіміз толқитын. Ұстаз сенімінен шығуға бар күшімізді салдық. Өзі жұмсақ, жайсаң мінезді адам болса да, өнерге келгенде талапты қатты қоятын. Онсыз болмайды, әрине. Ал бүгінде ұстаз талабының үдесінен шыға алғанымызға қуанамын, - дейді Алма.

Иә, бұл өнерді жанымен сүйген, ұстаз қадірін білген адамның жүрек сөзі еді.

Алма 1984 жылы училищені бітірісімен ескі Сарайшық ауылындағы клубқа меңгеруші болып орналасты. Бала кезінен сахнасында ән салған клубта қызмет істеу оның көңілін көкке самғатты. Ауылда әртүрлі кәсіп атқаратын жастардың да өнерге ынтасы ерекше болатын. Ол кезде мереке күндеріне алдын ала дайындық жасалады. Алма тіпті, ең дауысы төмен деген қыз-жігіттердің де қатардан қалмай, ең болмаса хорда сап түзеулерін немесе көркемсөз оқуға қатысуларын қамтамасыз ететін. Нәтижесінде мерекелік концерттер, өзге де мәдени шаралар өте жоғары деңгейде, дүркіреп өтіп жататын.

1997 жылы екі ауылдың клубы біріктіріліп, Сарайшық мәдениет үйіне айналдырылды. Содан бері Алма мәдениет үйінің директоры болып қызмет істеп келеді. Аталған мекеменің көркемдік жетекшісі Тәнзила Бисенғалиева екеуі ауыл халқына мәдени қызмет көрсетумен қатар, дәстүрлі өнерді насихаттауға ден қойған. Қызмет уақыты бедерінде атқарылған шаралардың бәрінде де олар осы мақсаттарын ойда ұстайды. Бұл шаралардың ән-күйсіз болмайтыны белгілі. Осындайда бабадан қалған өнердің бал уызына сусындап өскен екі қыз орындалар дүниелердің бәрін талғам таразысына сала безбендеп, тыңдарманға ән-күйдің тұнығын ұсынады. Осынысымен де олар елге сыйлы. Алманың жоғары талғамына, дауысындағы диапазон биіктігіне, тыныс кеңдігіне тәнті болған ауыл жұрты оған еріксіз: «Айналайын дауысыңнан!» дейді. Ғажап әсерден туған бұл лебізбен келіспеуге болмас.

Алманың адал еңбегі ескерілмей жатқан жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Махамбет ауданының үздік мәдениет қызметкері» атағын алды. Кейін көп ұзамай Атырау облыстық мәдениет, музейлер, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамотасымен, «Дәстүрлі ән - 2013» байқауында 2-дәрежелі дипломмен марапатталды. Мәдениет және өнер саласын дамытудағы жетістігі үшін «Инновациялық жобалар үздігі» номинациясы бойынша жеңімпаз болды. Қызметтен қол үзбей жүріп, Атырау университетінің музыка факультетін бітірді. Осының бәрі ол үшін үлкен мерей әрі алдағы жұмысына ынталандырар стимул емес пе?..

- Өзіме өнер жолын нәсіп еткен жаратқан иеме шүкіршілік етемін. Өнерді таңдау оңай, алып жүру қиын. Алғашқы қиындық училищеге түскен кезден басталды. Сол кезде жанымызға жалау болған әзиз ұстаздарға алғысымыз шексіз. Бүгінгі қол жеткізген азды-көпті жетістіктеріміз сол кісілердің еңбегі ғой. Өкінішке орай, тоқсаныншы жылдары училище жабылған соң олардан көз жазып қалдық. Сөйтіп, сағынышпен күн кешіп жүргенбіз. Бір күні курстастарымыздың іздеуімен кураторымыз болған Қуанова Нәсіп апайымызды тауып алдық. Курстас қыздар Ғалия Өтегенова, Гүлсім Меңдіғалиева, Маруся Елемесова, Айша Жігітова, Мәдина Өтепқалиева, Ғалия Исатаева болып, бәріміз апаймен жүздесіп, сағынышымызды бастық. Ол кісі де бізді көріп, құшағына қысып, әңгімесін айтып, мәз болды. Сонау студенттік шағымызда осы апайымыздың шексіз мейіріміне, ұстаздық махаббаты мен қамқорлығына бөленіп едік. Тұла бойы ізгіліктен, парасаттан құйылған жан еді. Апайға және өзге ұстаздарымызға өмір бойы қарыз болып өтерміз. Олардан алған тәліміміз бен өнегеміз әркез жанымызды сәулелі сезімге бөлеп, әр күнгі қызметімізде бізге қуат береді. Сүйікті атамекенге одан әрі мінсіз қызмет етуге үндейді, - деді Алма сөз соңында.

Онысы рас. Дүниеде адамның ұстазға, ел мен жерге деген асыл махаббатына не жетсін!

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT