Құлшылық пен кешірім айы.
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла Тағаланың атымен бастаймын! Барлық мадақ-мақтау әлемдердің Иесі болған, күллі жаратылысты жоқтан бар еткен Алла Тағалаға тән. Баршамызды Қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан айының басталуы
Ұлы Жаратушы, құдiретi күштi Алла Тағала пендесiнiң мойнына жүктеген бес парыздың бiрi – ораза ұстау. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы рамазан айының басталуы жөнінде халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ, Мысыр, Түркия, Ресейдің, Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларының ұстанымдарын ескере келе, биыл рамазан айын елімізде 24 сәуір күні бастауға шешім қабылдады. Сонда шағбан айы 29 күн болып аяқталады, ал рамазан айы 30 күнге жалғасады. Алла қаласа, 24 мамыр - ораза айт намазын оқимыз.
Ораза ұстау кімдерге парыз?
Шариғатымыз бойынша балиғат жасына (ер бала үшін – 12 жас, қыз бала үшін -9 жас) толған, ақыл есі-дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында ораза тұту – парыз болып табылады. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдарға, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат етеді. Бiр ай бойы iшiп-жеуден ғана емес, өтiрiк-өсек айту, бiреудi сыртынан ғайбаттау, бейәдеп сөздер мен қылықтар сияқты адамгершлiк қаиғадаларына жат әдеттерден аулақ болу керек. Ораза нәпсiнi тiзгiндеп, жүректi тазартады. Ораза ұстаушының күнәлары кешiрiлiп, сабырлылығы мен кешiрiмдiлiгi артады. Аштықты басынан өткiзген адам кедейлер мен кембағал жандарға жақсылық iстеу керектiгiн жүрегiмен сезiнiп, түсiнедi. Алла Тағала баршаңызды рамазан оразасын шын ынта-ниетiмен ұстаушылардан, қиямет күнiнде солар ғана кiретiн, әр-Райиан есiгiнен кiрушiлерден етсiн.
Підия мәселесі
Підия – бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең немесе кешке тамақтандыру. Кәрілік немесе айықпайтын ауру себебінен ораза ұстауға шамасы келмейтіндер оразаның әр күні үшін підия береді. Биыл бір күннің підиясы 1700 теңге болып белгіленді. Ол орта есеппен бір адамның таңғы және кешкі асы немесе оның құнына тең қаражат. Жағдайы жоқ адамдардан підия беру талап етілмейді.
Пітір садақа мөлшері
Қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі, дүниесі, күміс нисабына жеткен, яғни, 127 мың теңгесі бар адам рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақ беруі – уәжіп. Биылғы жылы бір адамға пітір садақа мөлшері 370 теңге болып белгіленіп отыр. Оның құны республика бойынша есептегенде ұнның нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Материалдық мүмкіндігі жоғары адамдар пітір садақаны мейіз (3920 теңге), немесе құрма (9400 теңге) құнымен бергені абзал.
Өздеріңізге белгілі, өкінішке орай, қазір мешіт қызметкерлері онлаин жұмыс режиміне көшкен. Сондықтан, пітір садақа үшін мешіт ауласына жәшіктер орнатылады. Құран оқылмайды, пітір садақа беруші жәшіктің маңына ілінген баннерден дұғасын ғана оқиды.
Зекет беру де 5 парыздың бірі
Зекет – тек материалдық көмек беру емес, ол ең әуелі мұсылманға жүктелген үлкен ғибадат. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Мал – мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер» (Ат-Табарани)- деген хадисі көп нәрсені аңғартса керек.
Егер қарызы мен қажеттілігінен артық өсімді мал-дүниесі дәл қазіргі уақытта 1 млн.170 мың теңгеге жеткен немесе нисап (зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері) мөлшерінде қойы, сиыры, түйесі, жылқысы бар адамға зекет беру – парыз. Ал, себепсіз пітір садақа мен зекет бермеу күнә саналады.
Тарауық намазы үйден оқылады
Өздеріңізге мәлім, биылғы жылы рамазан айы төтенше жағдаймен тұспа-тұс келіп отыр. Өкінішке орай, көптеген мұсылман елдерінде қауіпті індеттің таралуы салдарынан төтенше жағдай жариялануына байланысты мешіттерде намаз оқуға шектеу қойылды. Осыған орай берілген тәртіпке бағынып, тарауық намазын да үйден отбасымен оқуға кеңес береміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кiмде-кiм Рамазан намазын (тарауықты) шын көңiлiмен сауабын Алладан күтiп оқыса, оның өткен күнәлары кешiрiледi» деп үмметтерiнiң сауабы мол намазды оқуға деген құлшынысын арттыруға тырысқан. Тарауық намазы құптан намазынан кейін, ал үтір намазы ең соңынан оқылады. Қасиетті Рамазан айында мешіт жамағаттарымен байланысымызды нығайту бағытында ауызашар уақытынан кейін @makhambet.meshit инстаграмм парақшамыз арқылы тікелей байланысқа шығып, 30 күн бойы құран хатым етуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, қасиетті Қадір түнінде құран хатым дұғасы жасалатын болады.
Жақсы амалдың сауабы еселенеді
Қасиетті рамазан айында садақа беру, көмек көрсету, қайырымдылық жасау - игілікті, қайырлы істердің бірі болып саналады. Оразада жасалған әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Осы орайда, аудан жұртшылығын материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға әрқашан атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдіктер жасауға үндейміз. Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Қазіргідей карантин уақытында ауызашар бергісі келгендер, асханаларға тапсырыс жасап, жеткізу қызметін пайдалану арқылы, сауап жинай алады.
Қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан-оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін!
Ержан Иманғалиев,
аудандық «Исатай-Махамбет» мешітінің
бас имамы
Сурет:дереккөз