Он бір рет тұрмыс құрған бойжеткен жат ағымға ергендерден талақ дегеннен басқа сөз естімепті

Отбасы – әрбір қоғамдағы ең маңызды институт. Отбасылық институты мықты қоғамның, мемлекеттің болашағы баянды болмақ. Сондықтан халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп мақалдаған.

Отбасыға ислам дінінде де терең көңіл бөлінген. Үйдегі отағасының, әйелдің, баланың орны анықталып, тиісті міндеттер жүктелген. Шаңырақ беріктігі мен бірлігі басты орынға қойылған. Алайда исламның осындай жағымды ұстанымдарына қарамастан қазіргі таңда дін ұстанушы отбасыларда жиі кикілжіңдер туындауда.

Қазіргі кезде әсіредіншілдер арасында отбасыға қатысты ең жиі кездесетін мәселе – неке мен талақ мәселесі. Дінді дұрыс түсінбей, оған саналы түрде емес, көзсіз берілген, шетін көзқарастағы ағымдар ықпалына ергендердің арасында өз құштарлығына, яғни нәпсісіне еріп, некелесуге де, ажырасуға да жеңіл қарау әдетке айнала бас- тады. Соның салдарынан діндар бойжеткендердің аз мерзім ішінде 4-5, тіпті 11 рет тұрмыс құрғаны, әр некедегі күйеулері тарапынан негізсіз талақ естіп, балаларымен баспанасыз, қамқорлықсыз қалып қойған мысалдары көбеюде. Мұның себебі, «діндармын» деп жүргендердің діннің ішкі мәнін түсінбеуінде, дәстүрлі діни-қағидаларға сай неке-талақ шарттарын сақтамауында. Мысалы, ислам атын жамылған теріс діни ағымдар жақтастары арасында бауырластық түсінігі қалыптасқан және бұл түсінік негізінде шын діндес бауыр екенін дәлелдеу үшін өз әйелін досына, ағымдас бауырына тарту етеді. Бұл түсінікті олар имам Бұхари кітабында келтірілген хадиске негіздейді. Хадисте Мұхаммед пайғамбар Мәдинаға жаңа қоныс тепкен мухажирлерді (Меккелік мұсылмандар) аңсарлармен (Мадиналық мұсылмандар) бауырластырмақ болады. Соның бірі Абд әр-Рахман ибн Ауфты Сад ибн әр-Рабиғпен ағайындастырғаны келтіріледі. Сонда Сад ибн әр-Рабиғ Абд әр-Рахманға өзінің барлық көмекке әзір екенін білдіру үшін:

- Расында, мен – аңсарлар ішіндегі ең қуаттысымын және саған қолымдағының тең жартысын беремін. Менің екі әйелімнің қайсысы саған ұнаса, соған сен үшін талақ беремін де, ал оның күту мерзімі біткенде , сен оған үйленесің, – дейді. Алайда Абд әр-Рахман оған: -Мұның қажеті жоқ, – деп жауап береді. Ислам атын жамылған теріс діни ағымдар жақтастары осы хадистің негізгі мәнін түсінбестен үстірт пайымдауға сүйеніп, өз әйелдерін талақ етіп, оны ағымдас бауырына тарту етуді амалға асыруда. Бірақ бұл хадистің мағынасы мен қолданысы «әйеліңді досыңа тарту ет» дегенді білдіріп тұрған жоқ. Хадисте аңсарлардың, мухажирлердің ықылас ниеті арқылы мұсылман үмметінің татулығы, бауырластығы насихатталған. «Екі әйелімнің қайсысы саған ұнаса, соған сен үшін талақ беремін де, ал оның күту мерзімі біткенде , сен оған үйленесің» - деу бейнелі теңеу, әсірелеу мағынасында айтылған, яғни бұл жерде ажырасуды меңзеп тұрған жоқ, тек сахабаның өз діндес бауыры үшін бар жақсысын аямайтынын білдіреді. Егер ажырасу мағынасында болғанда мухажир сахаба Абд әр-Рахман: - Мұның, әйеліңді маған сыйлаудың қажеті жоқ, – демес еді. Яғни ол бұл әрекет сауапты іс болғанда, сауаптан бас тартпаған болар еді. Керісінше ол мұны ыңғайсыз әрекет деп тауып, құптамады.

Осы айтылғандардан бауырластықты сылтау етіп, талақ берудің дұрыс емес екендігін көруге болады. Ислам атын жамылған теріс діни ағымдар жақтастары арасында бұл нәрсені сүннет ұстағандай насихаттау қыз балалардың, әйел-аналардың, сәбилердің тағдырын тәлкекке салып, тастанды халге ұшыратуда. Мұндай әрекеттердің орын алуына жапа шеккен әйелдердің діни құқықтық сауатының төмендігі де кері әсер етуде. Дәстүрлі емес ағым өкілдерінің тез үйленіп, оңай ажырасуына зайырлы елдің заңнамалық шарттарын сақтамауы да себеп болып отыр. Бірнеше рет тұрмыс құру, ажырасу кезінде ешқандай АХАЖ органдарына тіркелмей, көбіне жұбайының екінші, үшінші әйелі болып тұрмыс құрған қыздардың алдында бұрынғы жұбайларының ешқандай заңдық, құқықтық жауапкершілігі сақталмаған.

Ислам шариғаты отбасының беріктігін сақтауды мақсат етеді. Ол жайлы Құранда барынша жұбайларды тату болуға шақырып: «Уа, иман келтіргендер! Жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар, сабырлылық танытыңдар. Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін», - дейді. (Ниса сүресі 19 аят) Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, ажырасуға сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла жоғары мәртебелі әрі ұлы», - деп (Ниса сүресі 34 аят) адамдарға асығыс шешім қабылдамай, ажырасудың алдын алу керектігін ескерткен. Мұхаммед пайғамбар: «Алла тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы - ажырасу» (Әбу Дәуіт, Талақ,3), «Неке қидырып үйленіңдер, бірақ талақ дей көрмеңдер. Өйткені, талақ себепті Алла тағаланың Аршысы сілкінеді», «Алла өзінің рұқсат берген істерінің ішіндегі ең жаман көретіні - талақ» - деп жөн-жосықсыз ажырасудың дұрыс емес екенін айтқан. Ислам діні әрқашан отбасының беріктігін, жұбайлардың көркем қатынаста болуын насихаттайды. Егер дін ұстанып жүргендер тарапынан жоғарыдағыдай жағымсыз әрекеттер орын алып жатса, ол сауатсыздықтың, адасушылықтың немесе дін қағидаттарын қасақана бұрмалаудың белгісі болып табылады.

Жат ағымдағы отбасы: Жат ағымды ұстанатын Нұрсәт пен Сезім ата-анасының рұқсатын алмастан мешітте имам болмаса да, діннен хабары бар деп есептейтін, ең бастысы намаз оқитын, қаба сақалды жігітке некелерін қидырады. Ата-анадан қарғыс емес, бата алуды мақсат тұтқан қазақ үшін бұл неке басынан-ақ дінге де, дәстүрге де сай өтпеді. Алайда оларды бұл аса қатты толғандыра қоймайды. Себебі олар үшін намаз оқымайтындардың бәрі кәпір, дінге негізделген дәстүріміз ширк немесе бидғат. Екі жас та ата-анасымен араласпай, бейтаныс адамдарды туғанындай көріп, өздерінің діни ұстанымындағы рәсімдерді орындап өмір сүре береді. Нұрсәт белгілі бір жерде жұмыс істемейді, себебі, тек намаз оқитындармен ғана араласқысы келеді. Ал Сезім үнемі үйде отырады, сыртқа шықса да қара жамылғысына оранып шығатыны тағы бар. Бірнеше күн, апта, ай бірге тұрғанымен Нұрсәт тоқал алғысы келеді. Шариғатта төрт әйел алуға рұқсат берілген дегенді біледі, бірақ оның жөн-жоралғысынан хабары жоқ. Жат ағымда жүргендердің көбісі ашушаң болып келетінін ескеретін болсақ, Нұрсәт пен Сезімнің арасында жиі ұрыс-керіс болып тұрады. Осындай ұрыстардың бірінде Нұрсәт Сезімге 3 талағын айтып, іштегі сәбиімен бірге үйден қуып шығады. Бұл кезде исламдағы көркем мінездердің бірегейі кешірім мен сабырдың белгісі де білінбейді.

Дәстүрлі дінімен көркейген отбасы: Ясмин мен Рүстем дінді ұстанса да жөн-жосығымен, дәстүр мен дінді қатар ұстанады. Олар дәстүр мен шариғатқа сай ата-анасының батасын алып, той жасап, некелерін қияды. Қалыпты өмір, қарапайым қазақтың отбасы. Екі жас намаздарын да қаза қылмайды, туыс-бауырмен де жақсы араласады. Әр демалыс сайын үйінен қонақ арылмайтын қазақтың отбасы. Дінге де, дәстүрге де берік өнегелі отбасы. Үнемі керемет өмір сүре бермейді, әрине... Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды дегенді үлкендердің аузынан жиі естуші едік. Сол сәтте ыдыс-аяқтың сынуы да, сынбауы да ерлі-зайыптыға байланысты екені даусыз. Ясмин мен Рүстемнің арасында кикілжің бола қалса, олардың бірі Алланың сүйікті амалдарының бірі «сабырдың» көмектесетінін түсініп, ашуын ақылға жеңдіреді. Бұл амал тек әйел затының ғана міндеті емес. Амал екі жаққа бірдей ортақ болып келеді. Рүстем ашулы болса, Ясмин сабыр сақтайды, ал Ясмин ашулы болса, Рүстем сабырлы бола қояды. Міне, нағыз шариғатқа сай өмір сүретін қазақтың отбасы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT