Ғибрат Алар әңгімелер

Сенімен ажырасуды қалаймын!

Бір намаз оқитын, діндар қызға қарапайым, бірақ дінмен ісі жоқ жігіт ғашық болыпты. Сол қызға құда түсіп, екеуі үйленіпті.

Тойдан кейін жігіт келіншегіне көп көңіл бөліпті, сыйлықтар беріпті. Келіншегіне жақсы қарап, ата-анасының көңілін, жағдайын сұрауды ұмытыпты. Бір күні жұмыстан келсе, келіншегі маңызды әңгімесі бар екенін айтып, бөлмелеріне шақырыпты. Сосын:

- Маған талақ бер, сенімен ажырасуды қалаймын, - депті әйелі. - Қалайша? Не үшін? Мен сені жақсы көремін, құрметтеймін. Көңіліңе ұнамай жатқан не? - деп қорқынышпен сұрапты жігіт.

- Дұрыс, маған жақсы қарайсың. Сыйлықтар бересің, көңілімді көтересің. Бірақ сен өз ата-анаңды ұмытып қойдың. Оларға мүлдем көңіл бөлмейсің. Қазір, әлі балаларымыз пайда болмай тұрып, ажырасып кеткеніміз жөн. Ертең ұлымыз сенен үлгі алып өссе, үйленгеннен соң бізге мүлдем көңіл бөлмей қойса менің жүрегім ауырмайды ма?! - деп сұрады келіншегі. Жігіт өзінің бар қатесін түсініп, ата-анасынан кешірім сұрапты....

Ескі шұлық

Ақтық сағаты жақындап, ақыретке көшкелі жатқан бір діндар адам зекеті мен садақасы берілген адал дүние-мүлкін баласына мирас етіп қалдырмақ ниетпен оған: «Балам! Өмір бақи адал жолмен тауып, жоқ-жітікке ақысын берген мына дүние-мүлкімді саған тастап барамын. Саған берген осы мирасым үшін сенен бір-ақ нәрсе талап етемін. Байқа, бұл менің ақырғы өсиетім. Мен қайтыс болғаннан кейін сүйегімді жуған молдаға айт, менің денемді табытқа қоярда аяғымның біріне жыртық, ескі шұлық кигізсін»,- дейді. Әкесінің сөздерін зер салып тыңдаған баласы оның осы өсиетін орындауға уәде береді.

Көп өтпей әлгі адам науқастанып, артынан көз жұмады. Барлық алыс-жақындары жиылып «жақсы адам еді» деп көңіл айтысады. Молда да шақырылып, сүйегі жуылады. Осы кезде баласы молданың құлағына әкесінің өсиетін айтып сыбырлайды. Молда өлген адамның аяғына шұлық кигізу шариғатта жоқ екендігін айтып, айтылған өсиетті өтеу қажет еместігін түсіндіреді. Бірақ баласы кигіз де кигіз деп болмай қойған соң, молда мәселені мүфтиге жеткізеді. Мүфти де қайтыс болған кісінің бұл өсиеті шариғатқа қайшы екендігін айтып, фәтуасын береді.

Бірақ баласы әкесінің басында тұрып: «Онда тұрған не бар? Әкемнен мынау жыртық шұлықты да аяп тұрсыңдар ма?»,- деп шұлықты оған кигізбек болып ұмтылғанда, молдалар қолынан ұстап кейін тартады. Осылай алысып-арпалысып тұрғанда, бір қария келіп: «Балам, әкең маған өлер алдында саған арнайы жазылған бір хат қалдырды. «Балама мына хатты менің сүйегімді табытқа қойып жатқанда бер» деген еді. Ал, қане аш, оқы, не жазғанын көрелік»,- дейді. Сол жерге жиналған халық тыңдауға асығып құлақ қойғанда, баласы хатты дауыстап оқи жөнеледі: «Балам! Мұншама байлыққа иелік еткен менің халімді міне, көріп тұрсың. Мен артыма осыншама дәулет қалдырғанмен олар маған ескі шұлық та кигізуге рұқсат етпей жатыр. Бір күні мен секілді саған да екі метр бөзден басқа еш нәрсе бұйырмайды. Маған қарап, ғибрат ал. Саған қалдырған байлығыма мастанып, тәкаппарланып, дініңді ұмытып кетуші болма. Жоқ-жітіктің жай-күйін біліп, олардың жанына терең үңіл. Міне, өзің көргеніңдей қанша бай болсаң да, бәрібір өлген соң дүниең қол бұлғап артыңда қалмақ. Қабірге кірерде үстіңе жібек шапан тұрмақ, аяғыңа жыртық шұлық та бұйырмайды!».

Тесік құмыра

Бір қарт адам екі ұшына құмыра ілінген жуан таяқты мойнына асып, бұлақтан үйіне су тасиды екен. Бұл құмыралардың бірінің жанында жарықшақ бар екен. Үйге жеткенше судың жартысы тамшылаумен азайып қалады екен. Ал екінші құмыра бүтін кемшіліксіз болыпты.

Қария үйіне жеткенде бір жарым құмыра су қалады екен. Бүтін құмыра өз міндетін таза орындаған үшін қатты тәкаппарланытын көрінеді, ал жарық құмыра болса қатты ұялып, өкінеді екен. Екі жыл өткен соң бір күн тесік құмыра, қарияға былай депті:

–Қатты ыңғайсызданып жүрмін. Бүйірімдегі жарықшақтың кесірінен тасыған судың жартысы үйге жеткенше босқа төгіліп жатыр. Сонда қария күлімсіреп құмыраға былай депті:

–Сен ештеңені байқамадың ба? Сен жақтағы жолдың тұсы гүлдерге толы. Ал екінші құмыраның тұсында ешқандай гүл жоқ. Мен о бастан сенің бүйіріңдегі жарықты біліп, сол тарапқа гүлдің тұқымын еккен болатынмын және күнде мен су тасығанда сен ол гүлдерді суарып өтесің. Екі жыл болды сол әдемі гүлдерді жинап үйімді сәндеп жүрмін. Егер де сенің сол тесігің болмағанда, үйімді осыншама көркейтіп, гүлдендіре алмас едім…

Ақшаның әсері

–Түсінбеймін: кедейге барсаң – ақжарқын, қолдан келгенше көмектесуге асығады. Байға барсаң – көкіректеніп, сені тыңдамақ түгіл, байқамайды да. Шынында да ақшаның әсері осыншалықты күшті ме не?

–Терезеге қарап не көріп тұрғаныңды айтшы? –Бір әйелді баласымен, базар жаққа кетіп бара жатқан арбашы …

–Жақсы. Енді айнаға қара – не көріп тұрсың?

–Айнадан не көруші едім? Өзімді ғана.

–Негізінде терезе де әйнектен, айна да әйнектен жасалынған. Алайда, аздап күміс себілген әйнектен – өзіңнен өзгені көре алмайсың. ұйқыңнан оятып жібердім бе ? Алқаштың балалары Ішімдікке әуестігі бар адамның бір баласы да ішімдік ішіп түрмеге түседі. Екінші баласы болса үлкен компанияның бас директоры. Бұл жағдай журналисттердің назарына ілігіп, әкелерінен сұхбат алмақшы болады. Сұхбат барысында әкелері екі ұлына да бірдей қарағанын, бірдей “тәрбие” бергенін айтады. Журналистер алдыменен түрмеде жатқан баласының қасына барып, не себептен осындай жағдайға түскенін сұрайды. Жауабы айдан анық: “Ішімдікке тәуелді әкемді көрдіңіздер ғой, бұдан басқа не жасай алар ем?” Бір қызығы журналистер бас директор болған ұлына да тура осы сұрақты қойып еді, оның жауабы да “Ішімдікке тәуелді әкемді көрдіңіздер ғой, бұдан басқа не жасай алар ем?” болды.

Өміріміздегі 1 мен 0-дер

Физмат факультетінің бір профессоры бір күні студенттеріне өмірлік бір сабақ үйрету ниетімен тақтаға үлкен 1 санын сызады да, студентеріне қарап “Бұл адамгершілігіңіз. Өмірлеріңізде болуы керек ең маңызды қасиет”,- деп түсіндіреді. Сосын 1-дің қасына 0 санын жазады да: “Ал бұл болса жетістіктеріңіз. Бойыңыздағы адамгершілікке табыс қосылса адам 1-ден 10 бола қалады. Тағы бір 0 – тәжірибеңіз. Тәжірибесі болса адам 10 емес, енді 100 болады” деп кезек-кезек 0-дерді қоса береді: зеректік, тәртіптілік, сүйіспеншілік… Қосылап тұрған әрбір 0 саны адамды 10 есе байытатынын түсіндіреді ұстаз. Бір кезде профессор сандар тізбегінің ең басында тұрған 1 санын өшіреді. Сонда тақтада тек 0 саны қалады. Профессор студенттеріне былай дейді: “Адамгершілігіңіз жоқ болса, қалғанның бәрі түк те тұрмайды”.

Көрші ақысы

Имам ағзам Әбу Ханифаның маскүнем бір көршісі бар еді. Күнде дабырлап сөйлеп, жанұясына жанжал шығарып, түнімен ұйықтамай ел-жұрттың да, имамның да мазасын алатын. Сол көршісі бірде абақтыға қамалады. Имам болған мәнжайға қаныққан соң, қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатып алыпты. Екеуі бірге қайтып келе жатқанда, өзінің бұл қылығына ұялған жігіт: «Өзіңізге жамандығы болмаса, жақсылығы жоқ адамды неге босатып әуреледіңіз?» – деп сұрапты. Сонда имам ағзам: «Жігітім, сен қандай адам болсаң да менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау – мұсылмандардың міндеті. Мен өз міндетімді ғана орындадым. Қайта кешірек естіп, кештеу қамдандым ба деп өкініп келемін» – деп жауап беріпті. Мұны естіген әлгі жігіт тәубаға келіп, имамның шәкірті болған деседі.

«Ислам және өнеге» кітабынан алынған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT