Көмекке шын мұқтаж жандарды мешітке келіп тіркелуге шақырамыз

Рамазан айы қайырымдылық айы болғандықтан, «Исатай-Махамбет» мешіті жанынан жетім-жесір, асыраушысы жоқ, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жалғызілікті жандарға, тұрмысы төмен шаңырақтарға түрлі көлемде көмектер беру көзделуде.

Сондықтан ауданымызда көмекке мұқтаж жандар арнайы мешітке келіп, бас имамға өз өтініштерін тіркетсе дейміз. Біз халыққа көмектесуге әзірміз. Аудан кәсіпкерлерін, қол ұшын созып, қайырымдылық жасағысы келетін қайырқом, жаны жомарт жандарды, абзал ел ағаларын бізді қолдауға шақырамыз. Олар да қайырымдылыққа өз үлестерін қосып, атсалысады деген ниеттеміз.

Карантин кезінде мешітте намаз оқуға тыйым салынғанымен, «Исатай-Махамбет» мешітіне келіп, қашанда қайырымдылық жасауға болатынын қаперлеймін. Қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Көп адамдар мұң-мұқтажын «Нұр Отан» партиясына жеткізсе, «Исатай-Махамбет» мешіті де қамкөңіл, кемғабыл, тұрмысы төмен отбасыларын сөзімен де, ісімен де демеп, қолдау көрсететін, қысылғанда мұқтаж жандарға қол ұшын беретін, үлкен-кіші келіп, қиналғанда көмек сұрайтын орталыққа айналса деген ойым бар. Бұл жолғы қайырымдылық шарасы кезінде тек азық-түлік себетімен ғана емес, оның басқа да түрлерін жасауды жөн көріп отырмыз.

Тағы бір айта кетер жайт, елімізде жарияланған төтенше жағдайларға байланысты мешіттерде жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойылғанымен, бүгінде «Исатай-Махамбет» мешіті ашық екенін хабарлап, барша жамағатты пітір садақаны тек мешітте беруге шақырамыз. Биылғы Рамазан айында 1 адам үшін берілетін пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасымен есептеліп, 370 теңгедеп белгіленді. Ауқатты бай азаматтар пітір садақаны 2 келі мейізбен(4000 теңге)немесе 4 кг құрмамен(9400 теңге) бергені жақсырақ. Жалпы пітір садақа Рамазан айы кіргеннен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі. Егер оны уақытында бере алмаса, кейін берсе де болады. Бірақ оның сауабы азаяды. Дегенмен, садақаның сансыз сауабы мол. Егер садақа беруші бұл құлшылықты шынайы түрде жасаса, беріп жатқан қайырымдылығы кедейдің қолына тимей жатып, Алла Тағаланың құзырында қабыл болатындығын білсе, алушының рақатынан берушінің рахаты басым екендігін ұғынар еді.

Е.Иманғалиев,

«Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT