«Project Hope» ұйымы «Теңізшевройль» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Жасөспірімдер мен балалар арасындағы туберкулездің алдын алу шараларының БАҚ-та ақпараттандырылуы» тақырыбында журналистер мен блогерлер арасында медиа-тренинг ұйымдастырылды.
Семинарға облыстық, аудандық газеттердің тілшілері белсене қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. «Project Hope» ұйымының жоба менеджері Аруна Джунусова «Хоуп» жобасы 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанын, ең алғашқы рет шетелдік жұмысшы эмигранттар арасында өтіп, олардың жұмысқа орналасуы, құжаттануы, сырқаттанса, денсаулығын күтуге, ауруханаға қаралуға жағдай жасау жағы қарастырылғанын, біраз құжатсыз жүрген эмигранттар құжаттанып, дәрігерге қарала алмай жүргендері есепке алынғанын еске салды.
Жоба консультанты, тренер Ирина Юзкаева БАҚ-тың халық арасындағы ТБ профилактикасындағы рөліне, мақалалар жасау үшін ақпараттық себептерге тоқталды. «Хоуп» жобасының туберкулез мониторингі және бағалау бойынша үйлестіруші, жоба авторы Жанна Жандаулетова ұзақ жылдар бойы пульмонология бойынша ұлттық-ғылыми орталықта дәрігер болғандықтан қазіргі уақытта онда үйлестіруші екенін айтып, ауыртпалық және кемсітушілік, туберкулез дерті туралы мысалдар келтіре отырып, әңгімелегені көкейге қонымды болды.
Атырау облыстық туберкулезге қарсы диспансері директорының орынбасары Гүлжанат Бекболатова журналистермен брифинг ұйымдастырып, сауалдарға жауап берді. Ол алдымен дерттің статистикасына шолу жасады. Балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез дерті қалада, Индер, Мақат, Жылыой аудандарында жасөпірімдер арасында көбейгенін меңзеді. Алматылық, атыраулық мамандар да өз пікірлерін ортаға салды.
Үшінші күні облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне барып, ондағы балалар бөлімшесі, рейтген құзыреті орталығын, бактериологиялық зертханасын аралап, ондағы зертханашы мамандар дүниежүзілік жаһандық қорлардан келген дәріге төзімдікті анықтайтын заманауи бірнеше аппараттардың жұмысымен таныстырды. Жағалауда тұрған кеме, теплоходқа саяхат жасалды. Мейрамханадағы түскі астан соң семинар жұмысы қорытындыланып, жоба менеджері А.Джунусова 9 адамға сертификат тапсырды. Ол қатысушыларға ризашылығын білдіріп, кейін де ұйыммен байланысын үзбеуді, алдағы уақытта жасөспірімдерді бейімдеу, «Байзар» сауда орталықтарында балаларға арналған ертеңгілік, акциялар ұйымдастырылатынын қаперледі.
А.Қуанышқалиева