Жұқпалы дерт

Менингококты инфекция - менингококтар қоздырып, ауа-тамшылы жолмен жұғатын, мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабықтары мен жұмсақ ми қабықшасының зақымдануымен, ерекше септицемиямен сипатталатын, клиникалық көріністері кең диапазонды – бактерия тасымалдаушылықтан назофарингитке, менингококкемияға, менингитке дейін көрінетін антропонозды жедел жұқпалы ауру болып табылады.

Дерттің инфекция көзі - ауру адам немесе бактерия тасымалдаушы. Көбінесе бактерия тасымалдаушылар қауіпті болғандықтан оларда аурудың ешқандай клиникалық көріністері болмайды.

Індеттің берілу жолы – ауа-тамшылы яғни (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде) таралады. Менингококк қоздырғышы сыртқы ортада төзімсіз келеді. Қоздырғыш сау адамның ағзасына науқас адам немесе тасымалдаушымен ұзақ уақыт бойы қарым-қатынаста болғанда тыныс алу жолдарының шырышты қабаттары арқылы енеді. Жұққан сәттен бастап 1-10 күн аралығында сырқат пайда болып, сырқат адам қоршаған адамдарға бірінші күннен бастап қауіпті саналады. Сырқаттанушылықты қабылдағыштық өте жоғарыболғандықтан көбінесе иммунитеті төмен 1-2 жастағы балалар жиі ауырып қалады. Сырқат жедел дене қызуының(37,5-38,0°C), көтерілуімен басталып, бастың ауыруымен, мұрын бітуімен, жұтыну кезінде ауру сезімімен сипатталады.

Менингококкты менингит дене қызуының кенеттен 39-40°C дейін көтерілуімен, қалтыраумен басталады.Бастың қатты ауыруы балалар мазасызданып, басын ұстайды,тағам қабылдаумен байланыссыз, көп реттік құсу болады. Ерте жастағы балаларда құрысулар дамып, менингококты менингитпен ауырған бала бүгілген тізесін қолымен денесіне апарып, қырымен жатып, басын төсіне қарай бүгу әрекетін жасау кезінде мойын және шүйде бұлшық еттерінің қарсыласуы болады. Егерде иммундық жүйесі төмендеген болса, жұқпа ары қарай қанға өтіп, аяқта, жамбаста дененің қырында жұлдыз тәрізді, басқанда жоғалмайтын қызыл (көгерген) бөртпелер пайда болады. Ары қарай бүйректің зақымдалуымен, бас миының қабынуымен, инфекциялық-токсикалық шокпен, ауыр жағдайда өліммен аяқталатын менингококты инфекцияның ең ауыр түрі- менингококты сепсис дамиды. Сырқаттанғаннан кейін саңыраулық, балаларда саңырау, мылқаулық, кей кезде сал ауыруы, бас миының зақымдалуы дамиды. Үй жағдайында емдеу шарасымен айналыспай, үйге дәрігер немесе жедел жәрдем көмегін шақырту қажет. Неғұрлым білікті медициналық көмек көрсетілсе, аурудан суығу нәтижесі тез әрі тиімді болады.

Менигиттің кейбір түрлерімен (менингококкты менигит, b типті геммофильді таяқшамен шақырылатын, пневмококк және паротит вирусымен шақырылған түрлері) ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жасалатын алдын ала жоспарлы түрде жасалатын екпелермен сақтануға болады. Адам тығыз жиналатын орындарға көп бармау, жөтелу этикетін сақтау, қолды жиі сабынмен мұқият жуу, созылмалы фарингит, тонзиллит, ларингит сияқты аурулардан емделу, науқасқа таза ауада көп серуендеу, қоғамдық көліккке сирек отыру, адам көп жиналатын орындарда дүкен, шаштараз, базарда ұзақ уақыт болмау, витаминдер мен минералдарға бай азық түлікті пайдалану керек.

С.Мақиева, Махамбет аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқарма бөлім басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT