Ауыз су деп – иісі, дәмі, мөлдірлігі және химиялық құрамы адам организмі үшін қауіпсіз болып табылатын табиғи суды айтады.
Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді. Осыған байланысты ауыз суға мемлекеттік санитарлық талаптар қойылады. Жалпы ауыз судың иісі мен дәм көрсеткіші 2 балдан аспауы, лайлығы 2 мг/л –ден аз, кермектілігі 7-100 ммоль болуы шарт. Ауыз судың кермектігін анықтайтын кальций, магний тұздары аз болса, адам сүйегінің морттылығы өсіп кететінін ескертеміз.
Ауыз судың сапасы түрлі аурулардан сақтайды, ауыз суда фтордың мөлшерден төмен болуы флюороз және кариес, темірдің, кобальт пен мыстың жетіспеуі – анемия, бордың аз болуы асқазан, никельдің кем болуы көз ауруларына шалдықтырады. Сондай-ақ нитраттар мен нитридтердің мөлшеріне 1 литр судағы ішек таяқшаларының саны бойынша талаптар қойылады. Қайсыбір элементтері жоқ яғни дистелденген, тұзсыздандырылған, минералсызданған су адам ағзасына пайда әкелмейтін, тіпті денсаулықты нашарлататын өлі су. Ол тірі ағзаның теңгерімсізденуіне әкеп соғады.
Су – тіршілік көзі. Онсыз өмірді елестету қиын. Тіпті адам денесінің 70 пайыздан астамы судан тұратынын ескерсек, судың сапасы денсаулыққа әсер етпей қоймайды. Су арқылы жұғатын жұқпалы аурулардың бүкіл әлемде таралуы мүмкін. Сумен таралатын жұқпалы ауруларға А, В паратифтер, дизентерия, түрлі энтериттер, мәселен энтероколиттер, жұқпалы гипатит А, тырысқақ жатады. Ұйымдастырылмаған суды тұтыну, жеткіліксіз су, қоршаған ортадағы объектілерде жұқпалы аурудың таралуы мен өмір сүруіне ыңғайлы жағдай, су тазартқыш құрылыстарындағы, су құбырындағы техникалық бұзушылықтар, қарапайым жеке гигиена ережелерін сақтамау жұқпалы аурулардың пайда болуына әкелуі мүмкін.
Жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуда жалпы мемлекеттік санитарлық-гигиеналық шаралар маңызды рөл атқарады. Ауыз су сапасын зертханалық зерттеулермен тұрақты бақылау, сумен жабдықтау обьектілерін дезинфекциялау жүргізіледі. Ішек жұқпалы ауруларының алдын алу үшін ауылдық жерлерде құдықтан 20 м жақын радиуста кір жууға, машина, әртүрлі заттарды жууға, жануарларды суаруға жол берілмейді. Құдыққа 5 м аралығында жақын маңдағы аумақ қоршалады. Құдықтан су алу үшін шелектер, сорғылар пайдаланылады. Жерасты су көздерінің суымен жабдықтаудың санитарлық қорғау аймағының белдеу аумағы көгалдандырылады және қоршалады. Сумен жабдықтау көздерінің санитарлық қорғау аймағында зираттарды, мал өлексесін көметін орындарды, ассенизациялау өрісі, сүзілу өрісі, көң қоймалар, сүрлеме орлар, мал шаруашылығы, құс өсіретін шаруашылық субьектілері, жерасты суларының микробтық, химиялық ластану қаупіне себепші болатын обьектілерді орналастыруға, тыңайтқыш және улы химикаттарды қолдануға және басқа да обьектілерді орналастыруға жол берілмейді.
Бүгінгі күні су сапасына деген талаптар қатаң жолға қойылып, пайдаланып отырған суымыздың таза әрі зиянсыз екендігіне кепілдік беруге бағытталып отыр.
Г.Ажигалиева,аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы