Педикулез - бұл биттердің кесірінен болатын ауру. Биттер біздің планетамызда шамамен 40-50 миллион жылдар бойы өмір сүріп келеді. Жалпы адамзат тарихында ол 2,5 миллион жыл деп есептеледі.
Биттердің 250-ге жуық түрлері сипатталған. Адамда үш түрлі паразиттеледі. Оларға бас биті, киім биті, қасаға биті жатады. Бит адам терісінде орналасатын ұсақ паразит. Олардың көздері болмағанымен, иіс сезу рецепорлары жақсы дамыған. Ауру қарқындылығы бас битінің 100 мың адамға шаққанда 200-300 жағдай, ал киім битіне 0,1-0,3 жағдай. Науқастың 35 пайызы жас адамдар болып табылады. Яғни, 15-24 жас арасы, 27 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар, 16 пайызы ересек адамдар(35-50 жас). Биттер теріні тесіп, қанымен қоректенеді. Биттеу шаштың сыртқы түрін бұзады, науқас адамның жалпы жағдайына әсер етеді. Паразиттің сілекейі тістеу кезінде ойыққа түсіп, қатты қышыну сезімін шақырады, шүйде аймағы және самайда байқалады. Бұл екіншілік инфекцияның қосылуына және іріңді аурулардың дамуына себепкер болады. Көбінесе бит жеке бас гигиена ережесін бұзғаннан, бөтен адамның затын пайдаланып, киімін киюден жұғады. Соның әсерінен педикулез пайда болып, биттер мекендеген жер қыши бастайды. Сондай-ақ биттер көптеген жұқпалы аурулардың тасымалдаушылары(бөртпе, сүзек, т.б.) болып табылады. Битті жұқтырған адаммен тығыз қатынаста болғанда, сонымен қатар онымен ортақ заттарды пайдаланғанда педикулезді жұқтырып алуға болады.
Санитарлық-гигиеналық тәртіпті сақтамаған жағдайда бит қоғамдық моншалардан, шаштараздан, жатақханалардан, қонақ үйлерден, жолаушы пойыздарынан жұғады. Ересек биттердің өмір сүру ұзақтығы 30 күн, сондықтан тек қарапайым жолмен, яғни басты жуу, кірді жылы сумен жуу арқылы битті, оның салған жұмыртқаларын жою мүмкін емес. Оларды өте жоғары температурада ғана жоюға болады.(15 минуттан кем емес уақытта қайнату немесе бу арқылы зарарсыздандыру, киімдерді 2 жағынан тігістеріне көңіл аудара отырып, үтіктеу). Денедегі, іш киімдегі, киім-кешектегі, басқа да заттардағы әрбір даму сатысында табылған битті(жұмыртқа, сірке, ересек бит) жоюға бағытталған дезинсекциялық іс-шаралар бір уақытта жүргізіледі. Шашта биттің саны аз болғанда(жұмыртқаларын қосқанда 1-10 дана)оларды қолмен, яғни механикалық әдіспен тазалаған тиімді. Ол үшін жүзі жиі тарақпен тарап, шашты қиып, немесе алып тастаған дұрыс. Алынған шашты жинау үшін қағаз немесе резенке төсемше қолданылады, оларды шашпен, битпен бірге өртеп жібереді. Шашта биттің саны орташа және көп болғанда(жұмыртқасын қосқанда 10 дана және одан да көп) битті жоюға арналған арнайы инсектицид сусабындары қолданылады, дәріханаларда сатылатын «Ниттефор», «Антибит», «Педилин» т.б сусабындарын пайдалануға кеңес береміз. Оларды тек нұсқауларына сай қолдану керек. Битті жұқтырмас үшін жеке тазалық шараларын сақтауымыз керек. Аптасына кемінде 1-2 рет бас пен денені жуу, үнемі киімді ауыстыру, оны жуып, үтіктеу, жеке тазалық құралдарын қолдану, тарақ, шашқа арналған резеңке, қыстырғыш, жөке т.б. бөгде адамдармен қолданбау, басқа адамдармен әсіресе, бөтен адамдармен жақын байланыстан аулақ болу арқылы сақтық шараларын сақтауымыз керек. Балалар ұжымында, басқа ұйымдасқан ұжымдарда мерзімді тексеру өткізген артық етпейді. Киімге және төсек-жабдыққа қарау, сыртқы киімдерді, жұмсақ жиһаздарды үнемі тазалау(жуу, желдету, химиялық тазалаудан өткізу), өз киіміңді ғана кию, үнемі төсек-жабдықты ауыстыру, оны жуу, үтіктеу, бассейндерде жеке бас киімді кию. Бит түскен жағдайда тез арада дәрігерге қаралған дұрыс. Емдеу шараларын кешіктірмей жүргізу- өзімізге және денсаулығымызға пайдалы екенін ұмытпайық.
С.ҚАБАЗОВА,
аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының маманы.