Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын кеңпейілді Катя

Тарихқа көз салсақ, соғыс жылдарында Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылына жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған 40-қа жуық болгар, неміс, грек, әзірбайжан, украин ұлттары от­басылары жер аударылып келіп, еріксіз еңбекке араласқан болатын. Жер аударылып келгендерді жергілікті тұрғындар өз туыстарындай қамқорлап, бір үзім нандарын бөлісіп жеді.   

Сарытоғай ауылындағы жарты ғасырға жуық тарихы бар «Балбөбек» бөбекжай-бақшасының медбикесі Екатерина Истомина – орыс ұлтының өкілі. Әжесі, грек ұлтының өкілі Марфа Кувалаки талай жыл №1 қосалқы шаруашылықта Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі кезеңдерде көкөніс өсірудің шебері атанған азаматша. Бұл күнде немересі кішкентай балақайлардың денсаулығын нығайтып, сыр берген жеріне дәру болып келеді.

Атырау медициналық колледжін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын туған ауылындағы дәрігерлік амбулаториядан бастайды. Бұл жерде де медбикелік қызметтің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибелі мамандардан тәлім алады. Бір жыл­дан аса уақыт жұмыс жасап, кейін ауылдағы «Балбөбек» бөбекжай-бақшасына медбике қызметіне ауысады.

933ca09a-7b55-4146-9864-b7f8025b71b4

- Бұл жерге жұмысқа орналасқанына да үш жылға жуықтады. Өз ісіне жауапкершілікпен, өте мұқият қарайды. Адамгершілігі, қарапайымдылығы, кеңпейілділігі өз алдына бөлек әңгіме. Жас маман ретінде еңбекке етене араласып, көпшілікпен тез тіл табысып кетті. Қазақшаға судай қыз балақайлардың бабын тауып, сауықтыру шараларының жо­спарын жасақтауда да тыңғылықты жұмыс жасайды,- дейді бөбекжай-бақшаның басшысы А.Нұрхиева.

Медбике Катяның айтуынша, дене тәрбиесін ұйымдастыру, емдеу-сауықтыру жұмыстарын жүргізу – баланың денсаулығын нығайту үшін өте маңызды.

– Балаларға таза ауада таңертеңгілік жаттығу жасату, ал жаз айларында жалаңаяқ 1 сағаттай жүргізу, ауа, күн, су процедураларын пайдалану қажет. Сондай-ақ, жазғы уақытта аптасына 3 рет кедір-бұдыр жолмен, тұзды шүберектің үстімен жүргізу балаларды қазтабандылықтан сақтайды. Емдеу-сауықтыру жұмыстарына балалардың дұрыс тамақтануы жатады. Ас мәзіріндегі жеміс-жидек, көкөністің түрлерін түрлендіріп, қайнаған суды көбірек беру керек. Осылардың барлығы тәрбиешілермен келісе отыра жасалады,-дейді медбике Е.Андреевна.

Халқымыз «жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айт­пайды. Жақсы сөз жан жарасын емдейді, жүрекке жылулық сыйлайды. Мейірімді медбикенің пікірінше, күнделікті күйбең тірлікте жаныңыздан табылып, тілеуіңізді тілеп жүрген жандарға алғыс айтуды ұмытпаған жөн.

– Қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесімен баршаңызды құттықтағым келеді. Жаныңызды жадырататын жылы сөздер жиі айты­лып әрі естілген сайын өмір одан сайын керемет бола түседі. Әжемнің бір кездері осы Сарытоғай жеріне келіп, қоныстанып, жергілікті тұрғындардың қолдауымен тіршілікке араласуы біздің отбасы тарихының бір бөлшегі. Қаншама қиындық көрсе де, ұрпағын өсіріп жетілдірді. Бүгінгі күні біз де тату-тәтті ғұмыр кешудеміз,- дейді Е.Истомина.

Алғыс айту күні – өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтуымен шектелмейтін мереке. Себебі, бұл күні кез келген жан ата-анасына, жақындарына, дос-жарандарына алғыс айтуы керек. Мерекенің басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникааралық келісім мен ұлтаралық қарым- қатынасты нығайту. Жай ғана «сізге алғысым шексіз», «көп рахмет» деген сөздердің артында қаншама жылулық жатыр десеңізші.

Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521