Еңбегі ерен дәрігер – Назиха Көбенқызы

Басы ауырып, балтыры сыздай қалса, дәрігердің көмегіне жүгініп, берген емін қолданған соң құлан-таза жазылып шығатын көпшіліктің ақ халатты абзал жандарға ризашылығы өлшеусіз.

Елімізге елеусіз еніп есеңгіреткен короновируспен күрес кезінде дәрігерлердің еңбегі ерен екені тағы да көрінді. Әсіресе, індет құрсауында қалған науқастарға қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлық көрсеткен Назиха Көбенқызына халықтың алғысы шексіз.

Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің инфекционист дәрігері Назиха Наубаева Таңдай ауылының тумасы. Бала күнінде аурушаң, әлжуаз болғандықтан өскенде бала дәрігері болуды армандайды. 1973-83 жылдары ауылдағы орта мектепті бітірген соң Алматы мемлекеттік медициналық институтының педиатрия факультетіне оқуға қабылданып, 1989 жылы бала дәрігері мамандығын алып шығады. 1990 жылы аудандық ауруханада бала дәрігері ретінде еңбек жолын бастаған абзал жан 1996 жылдан 2017 жылға дейін Сарытоғай ауылдық амбулаториясында учаскелік бала дәрігері, учаскелік дәрігер, жанұя дәрігері, жалпы тәжірибелік дәрігер қызметтерін атқарады. 2017 жылы инфекционист дәрігер ретінде білімін жетілдіріп, 2018 жылдан бастап осы салада еңбек етіп келеді. Отбасында аяулы жар, екі ұл мен екі қыздың анасы.

- Ұзақ жыл бала дәрігері болғандықтан балалар арасында кездесетін ауруларды емдеп келдім. 2018 жылдан бастап жұқпалы аурулармен күрес жүргізудемін. 2020- 2021 жылдар еліміз үшін қиын кезең болды. Әсіресе, дәрігерлерге үлкен жауапкершілік жүктелді. Әлем елдерінің көпшілігіне қауіпті вирустың тарап жатқанын алғашында жаңалықтардан ғана естіп жүрдік. 2019 жылдың аяғында осы індет туралы нұсқаулықтар келе бастады. 2020 жылдың наурыз айынан коронавирусқа күдікті науқастар тіркелді. Сол жылдың мамыр, маусым, шілде айларында індет жұқтырған адамдар көбейді. Науқастардың саны тәулігіне 35-40 қа дейін жетті. Науқастардың барлығына орын тауып беруге жұмыстандық. 40 кереуеттік провизорлық орталық ашылып, аурухананың хирургия, терапия, балалар бөлімшесі түгелдей провизорлық бөлімшеге оңтайланды. 3 бөлімшеде 4 дәрігер, бірнеше медбике кезектесіп, жұмыс жасадық. Бастапқыда оттегі аппараты жетіспегендіктен оттегі апараттарын бөлімшеден бөлімшеге тасып, науқастарға ылғалды ауа беріп отырдық.

Осындай қиын кезеңде науқастарға жүгіріп жүріп, жанашырлық танытқан кіші буын қызметкерлері мен тазалықшылардың да еңбегін атап өткім келеді. Бір жұтым ауаға зар болып, жанталасқан адамдарға қолымыздан келген көмегімізді көрсеттік. Көпшілігі жазылып, отбасына оралды. Өкінішке орай, өмірден өтіп кеткен науқастар да болды. 2021 жылдың маусым, шілде, тамыз айларында да індет жұқтырғандар көп тіркелді. Қазір мен балалар бөлімшесінде еңбек етіп жатырмын. Қаңтар айынан бері балалар арасында инфекция көп кездесуде. Іші өтіп, құсып келіп жатқан балалар бар. Оларға барынша ем жасаудамыз – дейді дәрігер.

Өкпесі қабынып, өмір мен өлімнің арасында қалған адамдар мен олардың ет жақындары қысылтаяң кезеңде жан аямай еңбек еткен аудан дәрігерлерінің ерлігін ешқашан ұмытпайды.

 

Баян СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521