«Туберкулез– жазылатын ауру» дейді фтизиопедиатр Қарлығаш Қорқытқызы

Күрделі де жұқпалы аурудың бірі – туберкулез. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда құрт ауруы. Осы құрт ауруының алдын-алу, оны болдырмау жолында еңбек ететін, ауданымызға белгілі фтизиатр дәрігер ол – Қарлығаш Есқалиева.

Қарлығаш Қорқытқызы ауданымыздың тумасы. Кішкене күнінен балалар дәрігері болуды, сәбилерді ауруынан айықтырып, жүздеріне күлкі сыйлауды армандап өскен балауса қыз О.Шонаев атындағы орта мектепті бітіре салысымен арман қуып, Ақтөбеге аттанады. Медициналық оқуға түсіп, қалаған мамандығын алып шығады. 1997 жылы қолына дипломын алғаннан кейін туған ауылына оралып, еңбек жолын балалар дәрігері болып бастайды. 2000 жылы учаскелік педиатр қызметіне ауысады.

-Өзім кішкене балаларды қатты жақсы көремін. Балалармен тез тіл табысамын. Алдыма келген сәбимен ойнап кетуге дайын тұрамын. Өзімнің осындай ақжарқын мінезіммен кез келген баланы баурап аламын. Бұл бәлкім өзімнің мамандығымды шексіз сүйгендіктен де шығар, – дейді Қарлығаш Қорқытқызы.

2011 жылы ауданымызда жаңа емхана салынып, пайдаланауға берілген соң, біздің кейіпкеріміз туберкулездің оның ішінде балалар туберкулезінің алдын алатын фтизиопедиатр қызметіне кіріседі. Содан бері сол орында тапжылмай еңбек етіп келеді.

-Туберкулез — жұқпалы ауру. Көбінесе ауа тамшылары жолы арқылы жұғады. Сондықтан оны әр жерде жұқтырып алуға болады. Ауру көзі — туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдар болып табылады. Туберкулезбен ауыратын науқас жөтелгенде, түшкіргенде қоршаған ортаға құрамында туберкулез микобактериясы бар сілекейдің көзге көрінбейтін тамшылары ұшады, ол ауада бірнеше сағат сақталады. Сау адам туберкулез таяқшасы бар ауамен тыныс ала отырып, туберкулезді жұқтырып алуы мүмкін. Сонымен қатар ағзаның иммундық күштерінің әлсіреуінен (жеткіліксіз тамақтану, ауыр жұмыс, үсу, стресстік жағдайлар) де туындауы мүмкін. Шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі қолдану секілді зиянды әдеттер де туберкулездің тез дамуына ықпал етеді.

Жыл сайын балаларға манту сынамасын жүргіземіз. Сол арқылы құрт ауруының белгісі бар-жоғын анықтаймыз. Биылғы жылдың 5 айында тек бір бала ғана тіркелді. Манту сынамасының көп жағдайда оң нәтиже бергені бізді қуантады. Балалардың ауырмай-сырқамай, ойнап-күліп жүргеніне не жетсін?! Қазіргі күні туберкулезбен емделудің барлығы тегін жүргізіледі. Бұл аурумен ауыратын адамдарға барлық жағдай жасалады. Сондықтан да болар ауру жылдан-жылға азайып келеді. Егер ата-ана баласы өмірге келген кезде БЦЖ екпесін салудан, манту сынамасын жүргізуден бас тартпаса, учаскелік дәрігердің берген нұсқаулықтарын тиянақты орындап жүрсе, балалар ешқандай ауруға шалдықпасы анық. Ал алда-жалда баладан туберкулез таяқшасы табылған жағдайда баланы оқшаулауға қарсы болмауы керек. Оқшаулаудың бала денсаулығы үшін пайдасы орасан. Ауданымызда балаларды оқшаулауға арналған арнайы «Шолпан» бөбекжайы бар. Баланы құнарлы тамақпен, медициналық көмекпен, тәрбие жұмысымен толық қамтамасыз етеді. Өкінішке орай көп ата-аналар мұны түсінбей, балаларын оқшаулаудан бас тартып, ауруды одан сайын асқындырып алады. Соңғы жылдары аудандық мәслихаттың шешімімен бұл аурумен ауыратын адамдарға әлеуметтік қолдау ретінде ай сайын 25000 теңге жәрдемақы беріліп келеді. Бұл да үлкен көмек екені белгілі. Ересектерді жылма-жыл флюорографияға түсіреміз. Жөтеліп келген науқастардың денсаулығын қақырық тексеру арқылы анықтаймыз. Жалпы айтқанда дұрым емін алып, салауатты өмір салтын ұстанған адам туберкулезден міндетті түрде жазылып кетеді. Қарлығаш Қорқытқызы ертеден кешке дейінгі уақытын емханада өткізетініне қарамастан, әйел адам үшін бірінші орында отбасы тұруы керек деп есептейді. Өмірдегі бары да нары да жолдасы мен үш балапанына көңіл бөлуді бірінші кезекке қояды.

-Екі қызым мен бір ұлым бар. Өзі бірінші сыныпта оқыса да ұлымның дәрігерлік мамандыққа қызығушылығы бар. «Анашым, мен өскенде сен секілді дәрігер боламын» деп қояды арасында. Менің осы саланы меңгеріп кетуіме өз үлесін қосқан, өмірде ұстаз тұтатын аға буын дәрігерлерім Жеміс Досымбаева мен Марат Тұрланұлы. Осы кісілерге ризашылығым шексіз, – дейді Қарлығаштың өзі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521