Бруцеллез белгісі байқалса...

Бруцеллез – малда, адамда созылмалы түрде өтетін жұқпалы ауру. Аурудың ең басты белгілерінің бірі – ол ауырған малдың іш тастауы және шуының түспеуі.

Бруцеллез ауруы сиыр, қой, ешкі, түйе, шошқа, малының арасында жиі кездеседі. Адамдар үшін бұл аурудың қой, ешкі малының арасында болатын түрі өте қауіпті саналады. Жас төлдер бұл ауруға бастапқы кезде төзімділік байқатса да өсе келе жыныстық күйі жетілген кезде шалдығатын болады. Аурудың мал арасында кең тарауына бірден-бір септігін тигізетін жайттар: малдың азықтануының толық болмауы, орындарының лайықсыз болуы, сондықтан айтылған жағдайлар қатаң ескерілуі тиіс. Тағы бір ескертетін нәрсе, ол ауырған малдың сырт белгілерінен оншалықты көрер көзге байқалмауы, соның салдарынан олар басқа малмен бірге жүріп аурудың қоздырғышын үнемі бөліп, айнала қоршаған ортаны ластайтындығы. Сол себебті ауырған мал шыққан жерлер бұл аурудың тұрақты залалды орны болып есептеледі. Бұл аурудың ең көп байқалатын уақыты малдың төлдеу кездері болып саналады. Іш тастаған мал 2 ай шамасындай уақыт жыныс жолдары арқылы аурудың қоздырғышын бөлетін болады.

Аурудың қоздырғышы жем, су, астау, айыр, күрек, т.с.с. заттарға жұғуы себепті, ол заттар да бұл аурудың кең тарауына септігін тигізушілердің қатарына жатады. Тіпті ауру мал жайылған жерлердің өзі де бұл аурудың қоздырғышымен залалдануы себепті оны таратушы болып саналады. Сол сияқты, ауру малды бағып- күтуші адамдардың өздері де қолына не киіміне аурудың қоздырғышы жұққандықтан ауру таратушылардың бірі болып есептеледі. Сондықтан да осы айтылған жайттар қатаң ескерілуі тиіс. Малдың организміне енген бруцеллездің қоздырғышы лимфа бездеріне жинақталып, одан әрі қан жүйесіне еніп, бүкіл денесіне тарайды. Олардың ең бір өсіп -өніп көбеюіне қолайлы жері малдың жатыры болып саналады. Соның салдарынан малдың жатыры түрлі өзгерістерге ұшырап, буаз малдың іш тастауына душар етеді және олар бұл аурумен созылмалы түрде ауыратын болады. Бруцеллез ауруы малда созылмалы және бүркемелі (латентті) түрде өтеді. Аурудың қоздырғышы жұққаннан 14-20 күн өткеннен кейін малдың қанында агглютинин пайда болады. Аурудың қоздырғышы жұққан буаз мал 5-8 айлығында іш тастайды, ал егер де ол бойдақ малға жұққан болса, онда олар латентті түрде ауыратын болады. Бруцеллез ауруынан малды сақтандыру, сауықтыру мақсатында мына төмендегі малдәрігерлік, санитариялық шаралар іске асырылуы тиіс:

-шаруашылыққа әкелінетін малдың дені таза болуы, яғни олардың бруцеллез ауруына тексерілгендігі жөнінде малдәрігерлік құжаты;(ветеринариялық анықтама) -басқа жақтан әкелінетін мал бақылауға алынып, бруцеллезге қайталап тексеріліп, малдың сау екендігіне көз жеткізгеннен кейін басқа малдарға қосып бағуға рұқсат ету;

-бруцеллез ауруынан залалды деп есептелетін жерлерден дайындалған мал азығын басқа жаққа апармау;

-малдың қыстақ және жаз жайлау орындарын әлсін-әлі қи-күбірден тазартып, залалсыздандыру (дезинфекция);

-мал арасында аурудың шыққандығы белгілі болған жағдайда, сауықтырудың бағдарламасын жасап, тиісті жұмыстарын уақтылы жүргізу, ол жерден басқа жаққа мал жібермеу не әкелдірмеу, және бар малды қатаң есепке алу;

-ауырған малды сау малдан дереу бөліп алып, қолданыстағы ветеринариялық заңдылыққа сай арнайы мал сою орында санитариялық жағдайда сою.

М.НУРМУХАНБЕТОВА,

аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы.

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

© 2018 Жайық Шұғыласы газеті. Барлық құқық қорғалған. Материалдарды рұқсатсыз көшіруге қатаң тыйым салынады.
Меншік иесі: "Атырау-Ақпарат" ЖШС.
Махамбет селосы, Абай көшесі 10.
тел. 2-11-34, 2-13-49
Факс: 2-11-34
Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.

 

ZERO.kz

Яндекс.Метрика