Оба – қауіпті ауру

Оба аурушаңдығы – антропонозды таралуға қабілеті бар аса қауіпті инфекциялық ауру. Обаның қоздырғышы - Yersinia pestis.

Обаның өкпелік, ішектік, тері-бубондық, септикалық түрлері болады. Ол адамға жанасу, ауа - тамшы және алиментарлық жолмен, сонымен қатар тасымалдаушылар бүргелер арқылы жұғады. Карантиндік инфекцияға жатады. Табиғатта обаның қоздырғыш микробы жер бетінің негізінен табиғи ошағы қалыптасқан өңірлерде кездеседі және сол жердегі өсімдіктер мен жан – жануарлар дүниесіне тікелей байланысты болады. Оба қоздырғышының негізгі сақтаушылары әр түрлі кеміргіштер. Кеміргіштер арасында адам мен малға ауру қоздырғышын тасымалдаушы бүрге, кене сияқты қансорғыш жәндіктер де бар. Олар ауру аңның қанын сорып, қолайлы бір сәтте кездескен адамды немесе түйені шағу арқылы ауру қоздырғышын одан әрі таратуы мүмкін. Сондай-ақ бұл аурумен қасқыр, қоян, түлкі, борсық, киік т.б. және үй жануарлары ішінде түйе малы, ит және мысық та ауырады.

Адамға оба аурушаңдығы мына жолдармен жұғуы мүмкін: обамен ауыратын кеміргіштердің терілерін сыпырғанда, аңдардың етін бөлшектегенде, ауру жұқтырған бүргелер шаққанда, мал мен басқа үй жануарлары (ит, мысық) және үй тышқандары далада жүріп, ауру тарататын бүргелерді үйге алып келгенде, обаның өкпе түрімен ауыратын адаммен қарым-қатынаста болғанда. Оба қоздырғышы адам ағзасына енгеннен кейін аурудың жасырын кезеңі басталады. Ол бірнеше сағаттан 3 – 6 күнге дейін созылады. Аурудың қай түрі болмасын аяқ астынан басталады, науқастың температурасы 39 – 40 С дейін көтеріліп, басы айналады. Организмнің улануынан адам құсып, іші өтеді, есінен танып, үрей, ұйқысыздық пайда болады. Обаның бубон түрі бүрге шаққан жерге жақын орналасқан қолтық, шап, мойын лимфа бездері ісініп, қол тигізбейтіндей қатты ауырады және мәжбүрлі қалып сақтауға әкеледі. Ауру асқынған жағдайда өкпе қабынуы, қоздырғыштың қанға түсуі (сепсис) сияқты аса ауыр түрлері де кездесуі мүмкін. 85 – 90% жағдайында бубон түрі орын алады. Ауруды айналасындағы адамдарға жұқтыруда өкпе қабынуы аса қауіпті. Біздің алға қойған басты мақсатымыз да жалпы емдеу алдын алу ұйымының мамандарымен бірлесе отырып, оба ауруының табиғи ошағындағы жағдайды үнемі бақылауда ұстап, адамдарды осы қатерлі ауруға жол бермеу, ал ауыра қалған жағдайда оны дер кезінде анықтап, ауруды емдеп, әрі қарай таралмауын қамтамасыз ету болып табылады. «Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы естен шығармайық, ағайын!

И.САРБАЛИНА,

аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінің дәрігер-эпидемиологі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521