Аудандық аурухананың статист-дәрігері Карабаева Манзура Асқармамутқызы өз ісінің білгір маманы.
Ол киелі Маңғыстау өңірінің тумасы. Манзура 2008 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының Үстірт орта мектебін бітірген соң Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қоғамдық денсаулық сақтау маманы мамандығына оқуға түседі. 2013 жылы университетті ойдағыдай аяқтап, Бейнеу аудандық ауруханасына статист-маман болып, жұмысқа орналасыпты.
Арада бір жыл өткен соң Манзура 2014 жылы сөз байласқан жары Қуандықпен шаңырақ көтеріп, Махамбет ауданына келін болып түскен екен. Жолдасы Қуандық С.Бәйішев атындағы университетінің дизайн және мұнай-газ мамандығын бітірген. Бүгінде сол салада еңбек етіп жүр.
Манзура 2016 жылдан бастап Махамбет аудандық ауруханасында статист-дәрігер қызметін атқарып келеді. Аудандық ауруханаға қатысты есеп-қисаптар осы бөлімнен шығатын көрінеді. Барлығын жинақтап, облысқа тапсырады. Манзураның қасында тағы бір жоғары білімді дәрігер, бір медбике жұмыс істейді. Енді Манзураның мамандығы төңірегіндегі пікіріне құлақ түрсек.
-«Жалпы мен осы мамандықты таңдағаныма ешқандай өкпем жоқ. Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер маман адам өмірінің арашашысы екендігін білуге тиіс. Сен талай сынақтармен сыналатын адам өмірі ақ халатты абзал жандармен тығыз байланысты. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде. Ауру жанына батып тұрғанда ең жақын адамға емес, ақ халатты жандардың көмегіне жүгініп жатады. Адамның өміріне қатысы бар дәрігер қауымынан барлығы қамқорлықты сезінгісі келіп, оған сеніммен барады. Еңбек етпей, бақытты өмір сүру мүмкін емес. Еңбегіңнің жемісін көрген адам бақытты. Жақсы дәрігер болу үшін істі таза, адамгершілікпен істеу керек. Ал жас мамандар жақсы дәрігер болу үшін үлкен практикалық мектептен өтіп, үнемі оқып, ізденісте болғаны дұрыс. Болашақта алға қойған мақсаттарымның бірі-медициналық статистика саласындағы жаңашылдықты қалыптастыру. Сонымен қатар әрқашанда бізден кейінгі буындарға үлгі боларлықтай ісі қалдыруымыз керек деп ойлаймын-дейді Манзура.
Жалпы Манзураның өз әке-шешесі кәсіпкерлікпен айналысады екен. Маңғыстаудағы киелі қара шаңырақта үш бала болғанын, өзі үйдің тұңғышы , ал сіңлісі бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп жүргенін, інісі мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алып, қазіргі уақытта сол салада қызмет етіп жүр. Бүгінде қара шаңырақта жолдасы Қуандық екеуі үш бала тәрбиелеп-өсіріп отырған жайы бар.
А.Қуанышқалиева.