Отыз төрт жылын медицинаға арнаған жан

Қапатова Нұрсұлу Жайлаубайқызының  Бейбарыс ауылдық  дәрігерлік емханасында  еңбек еткеніне 34 жылдың жүзі  болған екен.  Осы ауылда туып-өскен Нұрсұлу Атырау медицина колледжіне 1987 жылы оқуға түседі.  Оны  1989 жылы ойдағыдай аяқтаған соң еңбек жолын Атырау қаласындағы №2 балалар  емханасында фельдшер болып  бастапты.   Кейін  1989 жылдың наурызында  Бейбарыс дәрігерлік емханасына жұмысын ауыстырған.  Міне, сол уақыттан бері  отыз төрт жылдай ауылдық дәрігерлік  емханада фельдшерлік, медбикелік жұмыстарды қатар атқарып келеді.

  Жалпы Нұрсұлу өз мамандығы фельдшер болса да акушерлік, дәрігерлік қызметтерді де ойдағыдай атқарғанын, тіпті  автокөлік ішінде аяғы ауыр келіншекті босандырған кезі де болғанын еске алды.  Балаларға қажетті екпе жұмыстарын да өзі жүргізеді.  Бүгінде Бейбарыста  745 бала бар екен.  Оның 530-ы мектеп жасындағылар болса, ал  63-і -  1 жасқа дейінгі балалар.

Нұрсұлудың жан жары Сүндет Исламұлы мұнай саласында вахталық әдіспен қызмет етеді.  Екеуі отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген.  Бүгінде екі қызы тұрмыста, ұлы мәдениет саласында еңбек етіп жүр.  Қызы Жансая Астанада  анасының жолын қуған дәрігер болса, екінші қызы- Зерделі  дизайнерлік оқуды бітіргенімен екінші мамандық алып, Атырау қаласында  логопед-маман қызметінде.   Мәдениет саласын таңдаған ұлы Нұрмұхаммед  «Жас дәурен» мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып,  еңбек етеді.

Нұрсұлу  бұл мамандыққа  келу жолдары туралы  бізге былай деді: " Мейірбике болуды бала күннен армандаған  жанмын.  Сол бала күнгі арманым орындалғанда төбем көкке бір елі жетпеді. Бұл мамандық адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Шыбын жанын шүберекке түйіп, дертіне дауа іздеп, алдыңа келген адамға жанашырлық таныта білмесең –мейірбике  дипломының құны көк тиын.  Науқас жан сіздің ем-домыңызға ғана емес, қас-қабағыңызға,  мейірім мен  жан жылуыңызға   мұқтаж. .  Әрбір адамның көңілін аулап, шыдамдылық таныту, қамқор болу, жазылып кетуіне септігін тигізу- ерекше қасиет" - дейді ол.

Нұрсұлудың денсаулық басқармасы, аудандық аурухана басшынан, кәсіподақ ұйымынан алған марапаттары жетерлік.  Ауылдық әкімдіктің берген алғыс хаттары да бар. 

Иа, әр адамның денсаулығы –өз қолында.  Тірлікте сол денсаулықтың қадірін жіті бағаламаймыз. Дерт асқынып кетсе, оған дәрігер де ешкім де көмектесе алмайды.  Сол денсаулыққа немқұрайлы қарап, өмірден өтіп жатқан жақындарымыз қаншама.  Медицина саласының бір буыны-фельдшер Нұрсұлу сынды білікті мамандарымыз көп болсын.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT