Сәбит ҚҰРАЛБЕК: «Бюджеттен қаржы бөлуді ұсынамын»

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбекпен болған сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

-Медициналық сақтандыру жүйесі еліміздің денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді шешуге қаншалықты ықпал етуде?

-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Жүйе өз қызметін елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыруда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру –бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі.МӘМС жүйесінің денсаулық сақтау саласындағы кейбір кемшіліктерді шешуге ықпал ететін артықшылықтары:

-Медициналық қызметке азаматтардың қалтасынан шығатын шығындар қысқарады;

-Таңдау еркіндігі:

клиника мен дәрігер таңдау құқығы беріледі;

-Сақтандыру пакетінің сомасы шектелмеген яғни жарна көлеміне бағынбайды;

-Сақтандыру пакетіне жоғары технологиялық операциялар да кіреді.

-«Махамбет аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК-ның кредиторлық қарызы бар екенін білесіз бе? Кәсіпорынды қарыздан шығарудың қандай мүмкіндіктерін ұсынар едіңіз?

-Аудандық ауруханамен жасақталған келісімшарт бойынша қаражат Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2018 жылдың 29 наурыздағы №138 бұйрығы шеңберінде нақты жасалған медициналық қызметтер үшін ғана төленеді. 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аталған емдеу мекемесіне берешегіміз жоқ. Пайда болып отырған кредиторлық берешектер 2016 жылдан бері мекеме қызметкерлерінің жәрдемақыларын уақтылы төлемей келіп, бізден түскен қаржыны осы бағытқа жұмсап қойғандықтарынан туындап отыр. Кәсіпорынды қарыздан шығарудың мүмкіндіктеріне алдымен түскен қаржыны өз мақсатына үнемдеп жұмсауды және де жергілікті бюджеттен мәслихаттың шешімімен қаржы бөлу жолдарын қарастыруды ұсынар едім.

-Пандемия кезінде жедел жәрдемді орталықтандырудың олқылығы көрінді. Ауырған адамдарға уақытылы жете алмады.Жедел жәрдем жедел болу үшін ауданға қайтару керек деген халық пікіріне не айтасыз?

-Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылдың 3 шілдесіндегі № 450 «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсетудің Ережелерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес шұғыл медициналық көмекті шақырулар фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалармен көрсетіледі, бұл 1 – 3 категориялардағы шақыртулар. Селолық елді мекендерде шұғыл медициналық көмек шақыртуларына қызмет көрсету үшін шұғыл медициналық көмек станциясының аудандық қосалқы станциясының диспетчерімен жақын маңдағы медициналық ұйымдардың мамандары мен санитарлық автотранспорты тартылады. ШЖҚ КМК «Махамбет аудандық ауруханасы» жанындағы ШМК бөлімшесінің фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалары медициналық көмекті тіркелген тұрғындарға және алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету зонасында болған тұлғаларға ғана тәулік бойы көрсетеді. Жедел жәрдемді орталықтандырудың басты артықшылықтарының бірі – бюджеті аз аудандарда болатын санитарлық автотранспорттарды жөндеуге, олардың қосалқы бөлшектерін сатып алуға қаржы тапшылығы мәселесінен құтыламыз.

- Індеттің екінші толқынына дайындық қалай жүргізілуде?

-Қазақстанда жарияланған жағдайға байланысты 2020 жылдың 16 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін коронавирустың таралуына орай Атырау облысында қауіпсіздік пен профилактика шаралары күшейтілген. Денсаулық сақтау басқармасының 2020 жылдың 20 қазанындағы провизорлық кереуеттерді өзгерту туралы № 611 бұйрығының негізінде 2020 жылдың 31 қазанындағы облыс аумағында барлығы 1051 кереует жасақталған (олардың ішінен 25 - реанимациялық). КВИ үшін инфекциялық кереуеттер саны – 520, карантиндік стационар кереуеттер – 531құрайды. Сонымен қатар облыста 200 орындық модульдік госпиталь ашылды.

Стационарлық науқастарды электронды тіркеу порталының мәліметі бойынша 2020 жылдың 31 қазанындағы Атырау облысында тәулік бойғы стационарларда КВИ профильдері бойынша 13 199 адам емделіп шыққан, төлемге ұсынылған сома 2 312 970,0 мың теңге.

КВИ үшін госпитальдар ашу мен реанимациялық бөлімдер мен қарқынды терапиялардың үздіксіз жұмыстарын қамтамасыз ету барысында облыс аумағында 235 (оның ішінде демеушілік - 116) өкпені жасанды желдету аппараттары жинақталған. Аппараттар барлық инфекциялық және провизорлық госпитальдарда бар. Олардың ішінде ең көп саны Атырау облыстық ауруханасында – 40 дана. ШЖҚ КМК «Махамбет аудандық ауруханасында» - 6 дана. Облыс бойынша оттегі концентраттарының саны – 669. Олардың ішінен ШЖҚ КМК «Махамбет аудандық ауруханасында» - 35 дана.

Облыс бойынша пульсоксиметрлердің барлық саны – 1514. ШЖҚ КМК «Махамбет аудандық ауруханасында» - 51 дана.

Қазіргі уақытта облыстағы инфекциялық және провизорлық станцияларда 92 рентген аппараттары жұмыс жасайды, облыстық көрсеткіштер бойынша – 64 аппарат. ШЖҚ КМК «Махамбет аудандық ауруханасында» 2 дана аппарат жұмыс жасайды.

2020 жылдың 1 маусымынан 11 қараша аралығында «Ауруханадан тыс пневмония»,«Пневмония», «Жоғарғы және төмен тыныс алу жолдарының жедел респираторлық аурулар» кезіндегі амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету 14 905 097, 36 теңгені құрады.

КВИ емдеу үшін хаттама бойынша қолданылатын дәрі-дәрмектер тізімі бойынша күні бүгінде Махамбет ауданында мынадай дәрілер саны сақтаулы: Парацетамол (500 мг) - 2000 таблетка, Ибупрофен – 4880 таблетка,Ривароксабан 2,5 мг – 1500 таблетка, Дабигатрон капсула, 110 мг – 720 таблеткалар.

Сұхбаттасқан:Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT