М.БАЙМУХАНОВА: «Халық денсаулығына ортақ жауапкершілік»

Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні (World AIDS Day) Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының және БҰҰ Бас Ассамблеясының 1988 жылы қабылдаған шешіміне сәйкес жыл сайын бүкіл әлем бойынша атап өтіледі. Осы орайда Атырау облыстық ЖИТС орталығының алдын алу бөлімінің маманы Мереке Баймухановамен сұхбаттасып, өңірдегі жағдай мен орталықтың жұмысымен танысқан болатынбыз.

- ЖИТС орталығында тіркелген АИТВ инфекциясын жұқтырған адам бар ма?

- Жыл сайын 1 желтоқсанда Дүниежүзілік жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен (ЖИТС) күресу күні атап өтіледі. Бүл күні әлем адамның иммун тапшылығы вирусымен (АИТВ) өмір сүретін немесе одан зардап шеккен адамдарды қолдау, ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу үшін бірігеді. Осы кампания аясында «Жаһандық ынтымақтастық, ортақ жауапкершілік» тақырыбымен халықтың АИТВ туралы сауатттылығын арттыру үшін Атырау облысы ЖИТС-ке қарсы күрес және алдын алу орталығы алдын алу шараларын насихаттау апталығын өткізуде. Атырау облысында АИТВ жұқтырған адамдар жыл сайын тіркеледі. Ең алғаш облысымызда 1993 жылдың қазан айында жағдай тіркелген болса, бүгінгі күнге АИТВ жұқпасын жұқтырғандар саны 356 жағдайға жетіп отыр. Оның ішінде 282 (79%) Қазақстан Республикасының азаматы, ал 74-ін (21%) шетел азаматтары құрап отыр. ҚР азаматтары ішінен 249 (88,3%) Атырау қаласының тұрғындары құраса, қалған науқастар аудандар арасынан анықталып отыр. Жылыой ауданында 10 жағдай, Құрманғазы ауданы 7, Индер және Махамбет аудандарында 6 жағдайдан тіркелсе, қалған аудандарда 2 жағдайдан анықталып отыр. 2020 жылдың 10 айында 20 адамда алғаш рет АИТВ анықталды. Оның екеуі – шетел азаматтары.

- АИТВ жұқтырған деген статус өмір бойы қала ма? Оларға мемлекеттен қандай көмек көрсетіледі?

- Ия, осы статус сақталады. АИТВ инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына алып келетін созылмалы инфекциялық ауру. Қазіргі уақытта аурудың профилактикасына арналған вакцина жасалған жоқ. Бірақ бүгінгі күні вирусты толығымен жоятын дәрі болмаса да, антиретровирустық препараттарды қолданып, қандағы вирустың санын 99,9%-ға азайтып, олар қоғамның толыққанды мүшесі болып, ұзақ өмір сүруге болады. Мемлекет тарапынан АИТВ-жұқпасы бар адамдар есепке тіркелгеннен бастап, АРВ (антиретровирустық) емімен тегін қамтылып және тиісті диспансерлік медициналық көмек толық көрсетіледі. Есепте АИТВ инфекциясымен тұрған балаларға қаржылай әлеуметтік көмек беріледі.

- АИТВ жұқтырғандарға коронавирус инфекциясының қосылуы науқастың жағдайы қалай әсер етеді? Атырауда ондай жағдай болды ма?

 - 2020 жылы COVID-19 пандемиясы адамзаттың денсаулық мәселелеріне және пандемияның өмірге қалай әсер ететініне назар аударды. COVID-19 пандемияcы әрбір адам қауіпсіздікте болмайынша, ешкім де қауіпсіз бола алмайтындығын дәлелдеді. АИТВ жұқтырған адамдар мезгілімен емін алып отырса, короновирус инфекциясын асқынусыз өткізеді, себебі антиретровирустық препараттар қандағы вирус мөлшерін азайтып, адамның иммундық жүйесін күшейтеді. Бізде 3 науқас COVID-19 инфекциясын жұқтырған болатын. Екеуі жазылып шықты, біреуі дер кезінде медициналық көмекке жүгінбей, үйінде жатып қалған. Нәтижесінде ауруы қатты асқынып, қайтыс болды.

- ЖИТС пен АИТВ айырмашылығы қандай? Берілу жолдары қандай?

- АИТВ (ВИЧ) - адамның иммун тапшылығының вирусы. Адамға вирус жұққан бойда ешқандай белгі байқалмайды. Бұл вирус иммундық клеткаларды біртіндеп зақымдап, кейін адам ешқандай инфекциядан қорғана алмайтын болады. АИТВ жұқтырғандар бірнеше жыл бойы өзін сау сезініп жүре береді, бірақ басқа адамдарға ауру жұқтыру көзі болып, тарата беруі мүмкін. АИТВ инфекциясы 4 сатыдан тұрады. Оның соңғы сатысы ЖИТС (СПИД) ауруы – жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы. Науқастың иммунитеті төмендеу нәтижесінде түрлі қосымша аурулар мен асқынулар пайда болады. АИТВ-жұқпасының негізгі 3 жұғу жолы бар: - қан арқылы - жыныстық қатынас арқылы- АИТВ-жұқтырған анадан баласына жүктілік, босану, емшекпен емізу кезінде. Қан арқылы жұғу инъекциямен есірткі егу кезінде, медициналық емшараларда, татуаж, пирсинг жасаған кезде зарарсыздандырылмаған құралдар пайдаланылса орын алады. Оның алдын алу – есірткі қолданбау, медициналық емшараларда, татуаж, пирсинг жасаған кезде бір реттік құралдарды талап ету. Қазір жеке медициналық кабинеттер көп, оларда бір реттік құралдардың сіздің көзіңізше ашылғанына көз жеткізіңіз. Немесе кейбір жағдайларда медициналық қызметкер болмаса көп адамдар ағайындарына үй жағдайында бұлшық етке егу (укол) жасай береді, ешкім медициналық қолғап кимейді, бұл – сақтық шарасына жатпайды. Басты шара бөгде адамның қаны сізге тимеу керек. Тұрмыстық жағдайда қанның қалдығы жұққан бөтен адамның қырыну заттарын, тіс щеткасын қолдану барысында жұғуы мүмкін. Құрғақ қанда вирус 10 күнге дейін сақталады. Жыныстық қатынас арқылы кездейсоқ және қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде жұғады. Алдын алу үшін күдікті жыныстық қатынастан бойды аулақ ұстау, мүшеқап (презерватив) пайдалану қажет. Анадан балаға жұғудың алдын алу үшін жүктілік кезінде әр әйел міндетті түрде 2 рет, яғни есепке тұрғанда және жүктіліктің 28-30 аптасында АИТВ-ға тексеріледі. Вирус анықталған жағдайда әйелге арнайы профилактикалық ем жүргізіледі, босанғаннан кейін анасы мен баласына тағы ем беріледі. Емізуге болмайды, себебі, вирус емшек сүтімен де беріледі. Осы талаптар сақталған жағдайда індет нәрестеге жұқпайды. АИТВ мына жағдайларда жұқпайды: қол алысқанда, құшақтасқанда, бассейнге, душқа түскенде, өндірістік, тұрмыстық заттарды ортақ пайдаланғанда, қоғамдық көлікте, маса және т.б. жәндіктер шаққанда жұқпайды.

- Адам инфекция жұққанын қалай біледі? АИТВ жұқтырушылар көбіне қоғамнан өз орнын таба алмай, өзімен-өзі болғысы келіп, шеттетілетіні бар. Ондай жағдайда қалай көмектесесіздер?

- АИТВ-статусын білудің жалғыз жолы – АИТВ-ға қанды зертханалық тексеру. Барлық қалалық және аудандық емханаларда, облыстық ЖИТС орталығында жұмыс уақытында зертханалық тексеруге қан алынады. Ауру жұқтыруым ықтимал деп күдіктенген кез келген адам дәрігердің кеңесін алып, тегін тексерілуіне болады. Адамдардың вирусқа тексерілуге келмеу себебі – «оң» нәтиже анықталса таныстары, қоғам шеттетеді деген қорқыныш (стигма). Және өзі де білмей вирусты таратуы мүмкін, емделмеген соң ауруы да асқына береді. Сондықтан ерте анықтау жақсы ем нәтижесіне қол жеткізеді, айналасына жұқтырмауға мүмкіндік береді. Себебі, арнайы дәрі-дәрмек қабылдаған науқастың қанында вирус мөлшері өте төмен деңгейде болады да ол ауруды ешкімге жұқтырмайды. АИТВ инфекциясы ауамен таралатын індет емес. Жұғу жолдарын білу арқылы ол дерттен сақтануға болады. Диспансерлік есептегі науқастармен психолог, инфекционист, гинеколог, фтизиатр, дерматолог, педиатр мамандар жұмыс жасайды. Оларға қолдау беріп, тиісті медициналық көмекті толық көрсете отырып, сапалы ұзақ өмір сүрулеріне жағдай жасайды. Үздіксіз дәрігердің бақылауында болып, медициналық тексерістерден өтіп, емін үнемі қабылдап жүрген адам айналасындағыларға қауіпсіз. Сондықтан оларға дискриминация жасап, шеттетіп, оқшауламай, керісінше қолдау көрсетсек бұл аурудың таралуын азайтуға мүмкіндік туады.

- Көрсеткішті төмендету мақсатында Атырау облыстық ЖИТС-тің алдын алу және күрес орталығы қандай жұмыстар жасауда?

- Әр адам өз денсаулығына жауапты. ЖИТС орталығының жұмысы «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидаға негізделген. Ол үшін халық арасында АИТВ-инфекциясының алдын алу шараларын ұйымдастыру – күн тәртібінде тұрады. Облыстық ЖИТС орталығы жергілікті атқару органдарымен, денсаулық сақтау, білім, жастар саясаты басқармаларымен, басқа да салалармен және қоғамдық ұйымдармен бірге АИТВ инфекциясының алдын алу шараларының жоспарларын жасақтап, орындалуын қамтамасыз етеді. Ішкі істер, Қорғаныс министрлігі, Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде АИТВ-ның алдын алу шаралары ұйымдастырылып,жеке құрам мен медицина қызметкерлерінің, сотталғандардың арасында семинарлар, тренингтер, т.б. шаралар жүргізіледі.

Әлеуметтік осал топтарға жататын коммерциялық секс қызметкерлері, инемен есірткі тұтынушылар, еркектермен жыныстық қатынастағы еркектер «Зиянды азайту» бағдарламасы негізінде алдын алу бағдарламасымен қамтылады, АИТВ-ға тексеріледі. Олардың арасынан жұмысқа аутрич-қызметкерлер тартылады. Аутричтер «Тең-теңіне» ұстанымы (принцип «Равный-равному») бойынша өз тобына АИТВ-ның алдын алу шараларын жүргізуге көмектеседі.

Әлеуметтік осал топтарды қамту үшін орталықта достастық кабинеті мен сенім бекеттері жұмыс жасайды. Бұл кабинеттердің медицина қызметкерлері рейдтерге шығып, қорғаныш құралдарын таратып, ағарту жұмысын атқарады. Халыққа, бизнес құрылымдарға АИТВ/ЖИТС-тің таралу және алдын алу жолдары туралы ақпарат беріледі. Түрлі салалар мамандарын, жалпы орта білім беретін мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында мұғалімдерді, оқушыларды және студенттерді оқыту ұйымдастырылады, санитарлық-ағарту шаралары жүргізіледі, ақпараттық материалдар таратылады.

ЖИТС орталығының тапсырысымен көшелерге билбордтар ілініп, буклеттер шығарылады. Аудио, бейнетаспалар,электронды ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде материалдар жарияланып, радиода,телеканалдарда, хабарлама ұйымдастырылады.

Облыстық ЖИТС орталығына келіп АИТВ-ға, гепатиттің В және С түріне, жыныстық жолмен берілетін ауруларға тексерілуге, кеңес алуға болады. ЖИТС орталығының мекен-жайы: Владимирский көшесі 22б , облыстық перзентхананың жанында орналасқан, сенім телефоны 21-11-03. Атамыз қазақ жаман аурудың аттарын көп айта бермесе керек. Індеттің ушығып, ел арасын жайлап кетуінен қорыққан. Дегенмен, айтпасқа амал жоқ. Әлемде әр 10 секунд сайын 1 адам АИТВ инфекциясын жұқтырады екен. Ертеңгі күні ол ортаға сіздің досыңыз, бауырыңыз, сүйікті адамыңыз да түсуі мүмкін ғой. Сондықтан әркім өзін және өзгелерді АИТВ инфекциясынан сақтандыра білуі керек.

Сұқбаттасқан: Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT