Адам өмірінде ақ халатты абзал жандардың орны бөлек. Соның ішінде қарапайым ауыл дәрігерлерінің алатын еңбегі зор. Сондай жанның бірі, медбике Құралай Сұлтаниязқызы Алға ауылдық дәрігерлік емханасында тоғыз жылдан бері еселі еңбек етіп келеді.
Жалпы Құралай Дүйсен Қызылқоға ауданының тумасы. Қасиетті Қарабау жерінде өмірге келген ол сол жақта орта мектепті бітіріп, 1997 жылы Маңғыстау облыстық медицина колледжіне оқуға түседі. 2000 жылы оқу орнын аяқтаған Құралай еңбек жолын Атырау облыстық перзентханасында бастапты. Жанына мейірім шуағын шашып жүретін білікті маман ол жақта сәбилердің медбикесі қызметін ойдағыдай атқарған екен. Ал 2014 жылдан бастап Алға дәрігерлік емханасында жалпы тәжірибелік медбикелік жұмысын жалғастыруда. Бүгінде ол екпе медбикесі қызметін ойдағыдай атқарып, үнемі балаларға профилактикалық екпелер салумен де шұғылданады. Алға ауылында 2500-дей халық мекендесе, ауыл емханасы соның 1920-на дәрігерлік қызметін көрсетеді екен. Біз Құралайдың Алға емханасында аға мейірбике қызметін атқарып жүргенін де білдік.
Ол өзі жүрек қалауымен таңдаған мамандығы туралы былай дейді: « Мейірбике болу-менің бала күнгі арманым еді. Жалпы қайын жұртымда дәрігерлер жоқ. Әкеміз Сұлтанияз құрылысшы болған. Бірақ ғұмыры қысқа болып, 34 жасында өмірден озыпты 1983 жылы. Әкем ауыр дерттен ерте көз жұмған соң анамыз біздің медицинаға түсіп, дәрігер болғанымызды қалады. Міне, сондықтан бес қыздың үшеуі дәрігерлікті таңдадық. Анам Ағипа ұстаздық қызмет атқарған жан, қазір зейнеткерлік демалыста. Содан бес қыздың ішінде екінші апам акушер, «Интертичте» жұмыс істесе, кіші сіңлім гинеколог «Экомедте» дәрігер-репродуктолог. Білікті медбике болу үшін білімділікпен қатар мейірімділік сезім де аса қажет нәрсе деп ойлаймын. Бұл ең басты дүние. Мемлекет тарапынан медицина саласына бар мүмкіндік жасалуда. Соны тиімді пайдаланып, ел-жұртқа көңіл бөлу керек. Елімізде сауатты, білікті дәрігерлерді көптеп даярлау, медицина саласының санаттарын көбейту де маңызды-дейді Құралай бізбен әңгімесінде.
Шаңырақта жолдасы Саябек Жумагалиев Атырау қаласындағы ТЭЦ АҚ-да қызмет атқарады. Бүгінде жан жары Саябек екеуі отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиеленіп отырған сүттей ұйыған бақытты жанұя. Білікті маман Құралай Дүйсенді Алға ауылдық округі әкімі Р.Мусин ауылдың әлеуметтік-экономикалық саласын дамытуға қосқан ерен еңбегі мен жетістіктері үшін «Жыл адам-2022» жыл қорытындысы бойынша «Үздік мейірбике» номинациясы-дипломымен марапаттаған көрінеді.
А.Қуанышқалиева