Күйдіргіден қауіп көп

Күйдіргі ауруы зоонозды аса қауіпті инфекция, оның қоздырғышы қоршаған ортаға түскенде спораға айналу қасиеті бар.

Споралар сыртқы ортада өте төзімді, олар топырақта ондаған жылдар бойы сақталады. Сол себепті күйдіргі ауруын толығымен жою қиынға түсуде. Күйдіргі ауруы адамдар арасында көбінесе ауыл шаруашылығы және үй жануарлары(қой, ешкі, жылқы, ірі қара малдар, ит, мысық) сонымен қатар жабайы аңдар арқылы таралады. Ауру қоздырғышы сыртқы ортадан әсіресе, жаз уақыттарында қуаңшылық кездерде, мал жайылғанда топырақ арқылы ағзасына түседі де ауру туғызады. Адамдар ауру малмен тікелей қатынаста болған кезде яғни, малды сойғанда, терісін сыпырғанда, тасымалдау кезінде ауру жұқтырады. Ауру малдың айналасындағы топырақтан жемшөптен жұғуы да мүмкін. Күйдіргі ауруының адам ағзасында таралуына байланысты терілік түрі, өкпелік, ішектік және септикалық түрлері болып бөлінеді. Өкпе және ішек күйдіргісі өте ауыр өтеді. Ол адамды өлімге әкелуі мүмкін. Оның қауіптілігі де осы түрлеріне байланысты.

Инкубациялық кезең(қоздырғыш енген сәттен бастап алғашқы ауру белгісі білінетін мерзім) 8-14 күнге дейін созылуы мүмкін. Көбінесе 2-3 күнде ауру белгілері біліне бастайды. Тіркелген аурулардың өте жиі кездесетін түрі-тері күйдіргісі. Қоздырғыштың жұққан жерінде күйдіргі ауруына тән жара пайда болады. Инфекция жұққан жерде алдымен дақ(папула), содан кейін іші сұйыққа толы бөртпе(везикула) пайда болады. Содан ол жараға айналып, айналасына екінші қатар іші сұйыққа толы бөртпе пайда болады. Бұны осы инфекцияға тән «Ожерелье» деп атайды. Жараның ортасы қара күйік тәрізді қотырланып(күйдіргі)шеттері қызарып іседі. Бірақ басқан кезде ауырмайды. Бұл белгілердің пайда болуымен қатар ауырған адамның дене қызуы көтеріледі, ағзаның жалпы улану белгісі байқалады. Тез арада ем қабылдамаған жағдайда арты сепсисе айналып, қайғылы аяқталуы мүмкін. Күйдіргі ауруының алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру барысында ветеринарлық-санитарлық және санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың толығымен жүргізілуін қамтамасыз ету қажет. Ветеринарлық қызметкерлер күйдіргі ауруымен ауырған малдарды дер кезінде анықтап, өлген малдың арнайы мал қорымына көмілуін, ауырған малдың тұрған жерін залалсыздандыру жұмыстарының дұрыс жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет. Індеттің табиғи ошақтарындағы малдарға жылда вакцина егу қажет, арнайы мал қорымдары ветеринарлық-санитарлық ережелер талаптарына сай болуы керек, Күйдіргі ауруымен ауырған малдар тіркелген жағдайда ошақта барлық құзырлы мекемелер кешенді түрде шұғыл эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асырады. Яғни ауру малдың өнімдері толығымен жойылады. Ошақта қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ауырған малмен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынады. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар өздерінің жеке бас гигиенасын сақтап, арнайы жұмыс киімін киетін болса, ауырған немесе белгісіз себеппен өлген мал туралы міндетті түрде мал дәрігерлеріне уақтылы хабарлап отырса, аурудың алдын алуға болады.

Г.АЖИҒАЛИЕВА, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521