Шеттен келген тағамдардан қауіп көп

Бүгінде ішкі нарыққа сәйкес емес ет, сүт, құс, май өнімдерінің көп бөлігін импорттық тауарлар құрайды. Биылғы 6 айда тексеріс үшін сатып алынған 770 өнімнің 232-і Кеден Одағының талаптарына сай болмады.

Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы Махамбет аудандық филиалы ғимаратында тағам өнімдерінің санитарлық нормалар, техникалық регламенттер туралы өткен семинарда айтылған-ды. Оны Атырау облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Анар Шайхимова жүргізді. Семинар жұмысына он үш кәсіпкер, тағам өнімдерімен жұмыс жасайтын дүкен иелері, аудандық кәсіпкерлік және туризм, кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қатысты.

Оны аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Г.Ажигалиева ашып, өнімдер шығаратын, азық-түлік сататын дүкендерден 39 сынама алынғанын, кейбірінен сәйкессіздік анықталғанын, әкімшілікпен бірлесіп, жадынамалар таратылғанын айтты.

А.Ибрагимқызы Кеден Одағы аумағындағы өнімдер сәйкестігі, әсіресе, киім-кешек, ойыншықтар, тағамдар, тұрмыстық техника т.б. жөніндегі жайттарды слайдтан көрсете отырып баяндады. Жалпы Кеден одағына бес мемлекет кірген, оның ішінде Қазақстан да бар. Ішкі нарыққа сай келмейтін өнімнің басым бөлігі сүт тағамдары құрапты. Сәйкессіздіктер негізінде кәсіп иелеріне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тексерулер жүргізіліп, бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар берілді. Іс-шаралар нәтижесінде 1 млн. 461 мыңнан аса теңгені құрайтын 11 айыппұл салынып, 67 кг қауіпті құс өнімдері айналымнан жойылды. Берілген нұсқамалардың орындалмауы бойынша 4 іс сотқа жолданып, қанағаттандырылды. Сотпен 4 миллион теңгеден аса айыппұл салынды. Әр өнімнің өз регламенттері қабылданған. Өндірілген өнімнің қауіпсізді, оның облыс аумағына таратылуына аса мән беріліп, бәріне мониторинг жасалады. Қазіргі уақытта бес мемлекеттен өнім айналымда жүріп жатыр. 2014 жылы заңға өзгерістер енді. 2015 жылдан бастап сатылымдағы өнімдер сараптаудан өткізілуде. Ол өнімнің қалай ластанғанын білу керек. Тұтынушы жүк құжатын қайдан алды? Өнім өндірушіден өнімнің сапасы туралы сұралып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Көп өнімдер сыртында таңбалану болмайды. Кейде сүт майлылығы болмауын байқап жатамыз. Егер сәйкессіздік анықталса, нұсқама беріледі. Оны жоюға бір ай, бір аптадай уақыт берілетінін ұмытпайық. Тауарға байланысты тексеріс болған жағдайда сүт өнімдері декларациясын, жүк құжатын көрсеткен дұрыс. Одан әрі ол департаментке, Кеден одағына шығады. Шыққан өнімнің өндірушісін таба алмай, кейбір кәсіпкерлер оны іздестіріп жатқанын айтады. Ең басты назар өнімнің қауіпсіздігіне, техникалық регламентін аударылады. Ойыншықтардан, жеке бас гигиенасы құрал-жабдықтарынан сәйкессіздік анықталып отыр. Сондай-ақ сүт және сүт өнімдері, құс өнімдерінен де сынама алынған. Тіпті «Дәмді» тұшпарасы таңбалануынан сәйкессіздік табылған екен. Құс өнімінің 12 түрінен де сәйкессіздік анықталған. Техникалық регламентке(№021, 2011) атауы, құрамы, сақтау ережесі, өндіруші мекенжайы қазақ, орыс тілдерінде жазылуы тиіс. Өндіруші дүкендерге салқын күйінде салқындатқыш, тоңазытқыш құралдармен жеткізгені абзал. Соңғы кездері Ресейде құс тұмауы жүруде. Мысалы, Курск, Самара облыстарынан келетін тауарларға аса сақ болу керек. Өнімдерге бірыңғай реестр енгізілген, - деді А.Шайхимова.

Семинарға қатысқан кәсіпкерлер киім-кешек, аяқ киім алған жерден әсіресе, базардан өздеріне жүк құжатын бермейтінін айтып, «үлкен кәсіпкерлерге де неге сондай талап қойылмайды?» деген сауал тастады. Департаменттің бөлім басшысы бұл жөнінде заңда көзделіп жазылмағанын, жауапкершілік кәсіпкердің өзінде екенін меңзеді.

Кәсіпкер С.Жанұзаққызы киім-кешек сатуға қандай құжат керек екенін сұрап, ал оған өнімге сертификат қажеттігі айтылды. Жалпы өндірушіге талап қоятын тек халық. Соңғы кездері кеденнен қауіпті тауарлар өткізуге тыйым салынған. Жеңіл өнеркәсіпке қойылатын арнайы №017 талап бар. Мәселен, ойыншық сыртында қайдан, қай елден өндірілген таңбасы болуы тиіс.

«Нұрай» дүкенінің иесі Б.Оңсынова сүт өнімдерінің майлылығын қалай тексеру керектігін сұрады. «Сүт өнімдері туралы нұсқаманы сұраған дұрыс. Тексеріс кезінде алдымен жүк құжатын, декларацияны, қалған тауарларды, жүктің ілеспе құжатын көрсетсе, болғаны. Әр кәсіпкер өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып, ісіне немқұрайлы қарамағаны жөн. Біздің мақсат-заң талабын түсіндіру ғана», - дейді А.Шахимова. Семинар барысында кәсіпкерлерге көтерме қоймаларға, сауда орындарына жеткізілетін өнімдерді қабылдауда бақылауды күшейту, оның ілеспе құжаттары мен қауіпсіздігін, сапасын растайтын іс-қағаздарды толықтай тексеру туралы ұсыныс берілді. Сондай-ақ өндірушілерге тағамның барлық талаптарға сай болуына қатаң бақылау орнату тапсырылды. Атырау облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаменті техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы А.Шайхимова семинар жұмысын қорытындылап, барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521