Мамандықтың ішіндегі ең қадірлісі – дәрігерлік. Дәрігер болу үшін ең алдымен шыдамдылық, жауапкершілік, мамандығына деген адалдық қажет. Қазір ауыл халқы мықты дәрігерлерге мұқтаж. Жас мамандар ауылдық жерге көбіне бара бермейді. Ал біздің кейіпкеріміз – туған жерінен табан аудармастан антына адалдық танытып келе жатқан мықты маман.
«Әріптестерімнің сенімі мен халықтың алғысы – маңызды»
Айгүл Қазбекқызы – Есбол ауылында туып-өсіп, осы ауылда мектепті бітіріп, жүрек қалауымен медицина саласын таңдаған ардақты жан. Қиындықты жеңу, мықты дәрігер атану мақсатын алға қойған ауылдың қарапайым қызы Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне гранттық негізде «Жалпы медицина» мамандығына оқуға түседі. Бұл денсаулық сақшысы болу арманына жетуге жасаған алғашқы қадамы болатын. Қай кезде де ең қиын, әрі жауапкершілігі мол оқу орнын ойдағыдай бітіріп шығу оңай емес. Ол үшін шыдамдылық пен білімге деген құштарлық алдыңғы орында тұру керек. Міне, осындай қасиетінің арқасында Айгүл Қазбекқызы оқу орнының тиісті сатыларынан ойдағыдай өтіп, білікті маман ретінде туған елге оралады. Бала арманы адастырмай, бүгінде Ортақшыл дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері болып қызмет атқаруда.
Мамандығын ұршықша үйірген маман 2018 жылы «Жылдың үздік дәрігері» атағын иеленді. Бұл – әріптестерінің сенімі мен халықтың алғысы. Ауыл дәрігері бүгінде ауыл тұрғындарының барлығын дерлік танып, олардың денсаулығын бақылауға алған.
– Әрине, ауылдан жырақта, өзге үлкен қалада оқу қиындау болды. Дегенмен, ата-анамның қолдауы, мектеп қабырғасындағы ұстаздарымның сенімінің арқасында оқуды жақсы аяқтадым. Мектеп қабырғасындағы «Екінші анамыз» болған ұстаздарымыз бізді осындай үлкен қадамға дайындады. Бірнеше жыл мектеп басқарған ұлағатты ұстаз Махаш Бисенова, сынып жетекшілерім Құралай Аманғалиева, Әлібек Олжағалиев, Жаңыл Рахатова және химия, биология пәнінің мұғалімдері Сәлима Ізбасова, Гүлшат Ибрашева сынды ағай-апайларыма алғысым шексіз. Берген білімімен қатар, тәлім-тәрбиесінің арқасында «оқушы Айгүлден» «дәрігер Айгүл» атандым,- дейді ақ халатты абзал жан.
Айгүл университет қабырғасында жүргеннен-ақ Ақтөбе және Атырау қалаларының облыстық және балалар ауруханаларында тәжірибеден өтіп, науқастармен жұмыс істеп үйрене бастайды. Дипломын қолына алып, жас маман ретінде алғаш келгенде Махамбет аудандық орталық ауруханасының сол кездегі бас дәрігері Ерлан Сүйеуғалиев қабылдап, өзінің ақыл-кеңестерін беріп, жаңа қызметіне сәттілік тілейді. Сол сәттен бастап үлкен жауапкершілікті, басшылық артқан сенімді сезініп, халық үшін аянбай еңбек етуге кіріседі.
«Қанша сын айтылса да, қызмет етіп келеміз»
Қазіргі кезде медицина саласына, әсіресе ауылдық жердегі емхананың жұмысына сын көп. Мұны Айгүл Қазбекқызы да жасырмады. Оның да өзіндік себептері бар көрінеді.
– Иә, ауылдық жердегі емхананың жұмысына сынның жиі айтылатыны жасырын емес. Себебі ауылдағы жалғыз дәрігер болған соң кейде тәулік бойы жұмыс істеуге тура келеді. Жалпы тәжірибелік дәрігерге жүктелген жұмыс өте көп. Ересектер мен баладан бөлек, жүкті әйелдерді, жаңа босанған әйелдерді, шақалақты да қарау – біздің мойнымызда. Оның үстіне құжаттамаларды, анықтамаларды толтыру жұмысы да жүктеледі. Сондықтан көп жағдайда үлгермей жататынымыз рас. Уақытылы емін ала алмаған соң тұрғындар да шағымын айтып жатады. Соған қарамастан қолымыздан келгенше медициналық көмекті көрсетіп отырмыз,- дейді кейіпкеріміз.
Ортақшыл дәрігерлік амбулаториясына ауыл тұрғындарымен қатар, Есбол, Еңбекшіл ауылдарының тұрғындары да қаралады. Ауыл дәрігері ауылдарды аралап, жаңа туған сәбилерді, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, тексеріп, медициналық кеңестер беріп тұрады. Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін аудан орталығынан хирург, невропотолог, отоларинголог, кардиолог, гинеколог секілді мамандарды шақыру арқылы «Ашық есік» күні де өткізледі.
– Мен таңдаған мамандық – таңмен таласпайтын, сағатпен санаспайтын мамандық. Алғаш жұмысқа келгенімде жедел жәрдем жоқ, жұмыс уақыты аяқталған соң да, демалыс күндері де науқастарға көмек көрсету үшін ұжымдастармен бірге үй аралайтынбыз. 2000-нан сәл асатын халқы бар Есбол ауылдық округін аралауда күні-түні еңбек еттік. Атырау-Индер тас жолында орын алған жол-көлік оқиғасына жедел жету керектігі тағы бар. Қазір жағдай түзеліп келеді. Жедел жәрдем көлігі Есбол, Ортақшыл ауылдарын қамтып отыр,- дейді А.Қазбекқызы.
«Ата-енемінің көмегі көп болды»
Айгүл Қазбекқызы – жас болса да аудандағы беделді қызметкерлердің бірі. Әрине, осындай құрметке дәрігер адал қызметінің арқасында жетті. Абыройлы болу үшін адал еңбек таныту керек.
– Дәрігерлік қызығынан гөрі қиындығы көп жұмыстың бірі ғой. Тек алғаш еңбекке араласқан уақыттағы бір қызық жағдай есімде қалыпты. Ортақшыл ауылының тұрғыны анасының үйінде төсек тартып жатқанын, келіп, қарауымды өтінді. Хабарласқан адам өзімнің танысым секілді болып көрінді. Түстен кейін баратын болып келісіп, қасыма медбикемді алып бардым. Отбасы мүшелері дастархан басына жиналып, тамақтанып отыр екен. Амандық-саулық сұрап, науқасты қарауға келгенімді айттым. Олар ешқандай дәрігер шақырмағанын айтып, таң қалдырмасы бар ма?! Аты-жөнін айтқаннан кейін, басқа үйге келгенімді біліп, ұялғаным бар. Сол кез есіме түссе, езуге күлкі үйіріледі,- дейді Айгүл Қазбек.
Дәрігердің қызметі мезгіл таңдамайды. Ауыл дәрігер бастапқыда жұмыстың көптігінен балаларын бағып-қағуда жанұясының көп көмегі болғаныны айтады.
– Жұмыс уақыты аяқталып, үйге келгеннен кейін де кешке шақыртулар түсіп жатады. Апыл-ғұпыл киініп, шығып кетеміз. Осындай кезде жолдасымның, ата-енемнің көп көмегі тиді. Жолдасым құқық қорғау орган саласында қызмет ететіндіктен оқыс оқиға болған жағдайда бірге барамыз. Кейде бір-бірімізді көрмейтіндер кездер болады. Осындай сәтте енем немерелеріне ғана емес, бізге де ас әзірлеп қойып, күтіп отыратын да, ыдыс-аяқты жуып қоятын. Өткен жылдан бастап жедел жәрдем шыққалы қолымыз «ұзарды» десе де болады. Демалыс күндері баратын жерлерімізге барып, отбасымызбен қыдыруға да уақыт табылды,- дейді дәрігер.
Дәрігер – барлық азаматқа көмек қолын созып, ауруынан айықтырып, ауырған жанның өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған жандар. Мықты дәрігер мезгіл де, мекен де таңдамайды. Ауылда туып, ауылда қызмет атқаратын Айгүлдің еңбегіне ауыл тұрғындары да дән риза. Бұл да болса үлкен абырой, адал еңбектің жемісі.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ