Ем іздеген адамдар мені іздейді

Адам жанының арашашысы ақ халатты абзал жандардың төл мерекесіне орай ауданның барлық денсаулық сақшыларының басын қосқан салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиын алдында, «Өнерпаз» мәдениет үйінің фойесінде инсульт соққан, қан қысымы көтерілген және жол апатына ұшыраған адамға алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін бейнелейтін көріністер көрсетіліп, кеңестер берілді. Төл мереке иелерін аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов құттықтады. -Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, сала ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің елеулі еңбектеріңіз ерекше құрмет пен сенімге ие, себебі, сіздерді әрқашан жоғары жауапкершілік, адамдарға қызмет жасау, көмекке зәру жандарға қол ұшын беруге әрдайым даяр тұру сияқты қасиеттер ерекшелендіріп тұрады.

Денсаулық - адам үшін баға жетпес байлық. Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Бүгінгі мерекені адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің, медбикелер мен дәрігерлердің ерен еңбегінің дүйім жұртшылықпен бағаланатын күні деп есептеуге болады. Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларды “ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы” дейміз. Дәрігерді ұлығылау, құрметтеу – әр адамның азаматтық борышы. Әрбір адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен алақандарын сезінеді. Бұның бәрін медицина қызметкерлері ғана бере алады. Бүгінгі мереке қарсаңында барлық медицина қызметкерлеріне бақыт, еңбекте табыс, төзімділік пен күш- қайрат және отбасыларына береке тілеймін,- деген аудан басшысы одан әрі медицина саласының бір топ қызметкерін «Алғыс хатпен» марапаттады. Келесі кезекте сөз алған Махамбет аудандық орталық аурухана директорының міндетін уақытша атқарушы Марат Шуақбаев ауданның денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстарға тоқтала келе: -Дәрігерлік қызмет сонау атам заманнан бері ең қасиетті мамандық ретінде бағаланып келеді. Адамдардың денсаулығын сақтау, түрлі кеселдің алдын-алу, сырқаттарды мына өмірге қайта оралту үлкен бақыт. Медицина қызметкерлерінің еңбегі қашанда абыройлы.

Өйткені олар адамзатқа бір-ақ рет берілетін өмірдің қорғаушысы. Өз ісін жетік меңгеру, іске адал болу, адам жанына араша тұру – медицина қызметкерлерінің басты парызы. Осынау зор міндетті ойдағыдай жүзеге асырып келе жатқан ауданымыздың медицина қызметкерлері қандай құрметке де лайық,-деген тілегін білдіріп, сала мамандарына қазақстандық қалалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық комитетінің және Махамбет аудандық орталық ауруханасының кәсіподақ комитетінің "Алғыс хаттарын" табыстады. Медицина саласының ардагері Ермек Сабиров та төл мерекеге орай жүрекжарды лебізін білдірді. Мерекелік шара аудан өнерпаздарымен қоса, медицина саласында қызмет ете жүріп, өнерді де ұмыт қалдырмаған дәрігерлер дайындаған сазды бағдарламаға ұласты. Дәрігер қауымы үшін жыл құсындай сағындырып келетін бұл мереке де өз деңгейінде өтіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл- күй сыйлады.

Баян СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521