Облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген мәжілісінде аймақтағы медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігінің деңгейі туралы мәселелер қаралды.
Бұл басқосуға Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Ө.Зинуллин төрағалық етті.
Селекторлық режимде ұйымдастырылған мәжіліске барлық аудан әкімдері, медициналық ұйым өкілдерінің басшылары және аудандық мәслихат хатшылары қатысты. Күн тәртібінде «Атырау облысы көлемінде медицина саласында атқарылған жұмыстар, медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі туралы», «Тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау облысында 2017-2018 жылдары аралығында атқарған жұмыстары туралы» және «Медициналық көмектің сапасы және емдеу алдын-алу мекемелерінің санитарлық жағдайы туралы» мәселелері қаралды.Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева биылғы 10 айда жалпы өлім – 2,1, қатерлі ісіктен болатын қаза – 9,5, қан айналым жүйесінен болатын өлім 18,7 пайызға төмендегенін атап өтті.
-Бұл әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ өкінішке орай, туберкулез ауруының көрсеткіші 20 пайызға артып отыр. Бұл екпеден бас тартудың салдарынан орын алуда, – деген М.Аймұрзиева денсаулық сақтау ұйымдарының желісін жетілдіру, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелеріне де тоқталды. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уайсов медициналық қалдықтарды тасымалдау мен жою мәселесін алға тартты. Бұған қоса барлық медициналық ұйымдарда микробиологиялық зертхана ашу қажеттілігі де сөз болды.
Комиссия отырысын қорытындылаған облыстық мәслихат хатшысы Ө.Зинуллин барлық емдеу мекемелерінен басқаратын бақылау ұйымы құрылып, оған комиссия мүшелері белсене қатысуы керектігін алға тарты. Аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын үзбей жүргізе отыру керектігіне назар аударып, денсаулық сақтау басқармасына тапсырмалар берілді. Алға қарай болашаққа сеніммен қарай отырып, өңірдің даму жоспарына сәйкес медициналық нысандардың құрылыс жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп, халық үшін қалтқысыз қызмет етеді деген сенімдеміз.
Абат ҚАБЕНОВ,
аудандық мәслихат депутаты.