Атырау облысында 50 талапкерге жергілікті бюджеттен резидентура гранттары бөлінді, деп хабарлайды облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Облыс әкімі грантына өтініш берген үміткерлер тізімі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен отырыста бекітілді.
Атырау облысы әкімінің орынбасарының айтуынша, медициналық қызметкерлер тапшылығы өңірдегі ең күрделі мәселелердің бірі. Пандемия басталған кезде өңірге 300-дей маманның жетпейтіндігі салаға ауыр жүк болды. Қазір облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің нақты тапсырмасы бойынша жергілікті жерде медициналық мамандар жетіспеушілігін шешу мақсатында нақты қадамдар жасалып жатыр.
Атап айтқанда, маусым-шілде айларында аймаққа жүзден астам жас маман тартылып, оларды ынталандыру, қолдау тетіктері күшейтілді. Сонымен қатар, медицина саласына берілетін гранттар саны көбейтілді. Атап айтқанда, облыс әкімінің грантына ие болғандар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде, Астана медициналық университеті мен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында білім алады.
Айта кетелік, биыл Атырау облысы әкімінің аса маңызды салалар бойынша бөлінген грантына 139 жас ие болды.