Бүгін Атырау облыстық перинаталдық орталықтан короновирус симптомымен босанған ана емделіп, үйіне шығарылды, - деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта аталған орталықтың провизорлық стационары бос тұр. Атырау облыстық перинаталдық орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Қазбек Ермағамбетовтің айтуынша, пандемияның өршіген тұсы маусым айында орталықтың провизорлық стационарында короновирус симптомымен елуден астам жүкті әйел жатты.
«Негізінен елу орындыққа ыңғайланған провизорлық стационар маусым-шілде айларында бос болмады. Соңғы айда жағдай жақсарып келеді. Короновирус симптомымен түсіп жатқан жүкті әйелдер жоқ. Дегенмен, босаңсуға болмайды. Алда көптеген вирустың өршитін күз-қыс мезгілі келе жатыр. Сондықтан, әлі де санитарлық ережелерді қатаң сақтау керек»- дейді облыстық перинаталдық орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Қазбек Ермағамбетов.
Айта кетелік, 9 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша, Атырау облыстық перинаталдық орталығына 153 әйел түскен. Оның 87 –ісі босанған әйелдер.