Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында педагогтарымыз үшін тосын сыйға татитын жаңалық айтылды. Ұстаздар кәсіби мерекесі қарсаңында «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылданатынынан хабардар болды.
Бұл мұғалімдерді ғана емес, білім беру саласының тыныс-тіршілігіне бей-жай қарай алмайтындарды бір серпілтіп тастады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», деді.
Елбасының дәл осы қамқорлығы барша әріптестерімді қуантқаны сөзсіз. Осы арқылы көз ұшынан ғайып болып бара жатқан ұстаз статусы жаңғырып, педагог мәртебесі қалыптасады. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген сөзін бала кезден санамызға сіңірдік, енді балаларды да осы тұрғыда тәрбиелеп келеміз.
Елбасымыздың кезекті Жолдауында көтеріліп отырған өзекті мәселелердің бірі болып, мұғалім беделін арттырудың басты назарға ұсынылуы – ұстаздар қауымы үшін зор мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік екендігін де сезінудеміз.
Г.СҰЛТАНҒАЛИЕВА,
«Балбөбек» бөбекжайының тәрбиешісі.
Қағазбастылықтан арылатынымыз қуантты
Қазіргі таңда «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасы қоғамда терең талқылануда. Осы заң жобасын өзім де оқып шығып, біз секілді ауыл мұғалімдеріне жақсы мүмкіндіктер қарастырылғанына көзім жетті.
Соның бірі – ұстаздардың әлеуметтік жағдайына қатысты жергілікті әкімдіктерге құқық беру мүмкіндігі. Бұдан өзге заң қабылданса, ұстаздардың балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезексіз бара алады. Яғни, ұстаздар енді айлап-жылдап кезек күтпей, жасы толса, баласын еш кедергісіз балабақшаға орналастыра алады. Бұл біз үшін жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар заң жобасында жалақыны біліктілікті арттыру тесттері арқылы көбейту көзделген. Мысалы, жалақысы 87 мың ұстаз тесттен өтіп, «шебер» атағын алса, жалақысына 40 мың теңге қосылады. Бұдан басқа, қоғамда байқалатын ұстаздарды басыну әрекеттеріне заң арқылы тыйым салынатын болады. Тағы бір көңілге қонымды ұсыныс, мұғалімдердің материалдық жағынан жарақтандыруға мән берілген. Қағазбастылықтан арылтатын баптардың бәрі заң жобасына енгізілген.
Мұның барлығы өсіп келе жатқан ұрпақтың мұғалімдік мамандықты таңдауына септігін тигізеді деп ойлаймын.
Ж.АМАНҒАЛИЕВА,
Талдыкөл мектеп-балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі.