Индира Нұрланқызы– жаңашыл да талапшыл жан

Қай елдің болмасын жетістігі оның білімімен өлшенеді. Өйткені, ұрпағы білімді ұлт елдің экономикасын да, әлеуметтік жағдайын да өрге сүйреп, дамытып, өркендетеді. Бұл орайда баланы білім нәрімен сусындатып, үлкен азамат қылып шығаратын ұстаздардың рөлі ерекше. Сондықтан ең алдымен мұғалімге жағдай жасалуы керек. Елімізде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігі ұстаздардың құқығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Біз бүгін сіздердің назарларыңызға кәсіподақ белсендісі,Атырау облыстық ұйымының Махамбет аудандық комитеті» филиалының төрағасы Алмурзина Индира Нұрланқызымен сұхбатты ұсынамыз.

-Индира Нұрланқызы, туған жеріңіз, білім алған, өскен ортаңыз, ата-анаңыз туралы айтып өтсеңіз.

- Мен Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында 1968 жылы дүниеге келдім. Атақты күйші, Құрманғазы Сағырбайұлының шәкірті Дина Нұрпейісова атындағы орта мектебінде 1975- 1985 жылдары білім алдым. Әкем Алмурзин Нұрлан- жүргізуші, Анам Медиярова Злиха байланыс қызметкері болып еңбек етті. Жанұядағы 7 баланың үлкенімін.

- Мектеп кезіндегі Индираның қандай ерекше қасиеті болды?

- Сабақты жақсы оқыдым, қоғамдық жұмысқа белсене араластым. Қазақ, орыс тілдерін өте жақсы оқыдым. Орыс тілін өте жақсы оқығандығым, институтта оқыған кезімде орыс тілінде жазылған тарихи кітаптарды еркін қазақ тіліне аударып, оқуыма септігін тигізді. Сонымен қатар драма үйірмесінің белсенді мүшесі болдым.

- Не себепті ұстаздық жолды таңдадыңыз? Осы мамандықты таңдауға кім немесе не ықпал етті?

- 5 сыныпта Ақанова Қансия апай қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Өте білімді, білікті ұстазыма еліктеп 5-8сыныптарда мұғалім болуды армандадым. Сонымен қатар мен мектепте оқыған кезде ұстаз мәртебелі мамандық болды.

- Студенттік кездерден де сыр шерте отырсаңыз.

- 1985 -1990 жылдар аралығында Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетінің тарих бөлімінде оқыдым. Группада жақсы оқитын студенттер көп болды, мен де солардың қатарында жақсы оқып, білім алдым. Қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Кураторымыз Жиенбай Бакиев құрған драма үйірмесінің мүшесі болдым. Институт сахнасында қойылған спектакльдерде Сарықыз, Алтынай рөлдерін сомдадым.

- Ұстаздық мамандықтың ерекшелігі неде?

- Ұстаздық -өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық. Өйткені, мұғалім біріншіден,ғылым негіздерінен білім беруі керек болса, екіншіден білсем, тәлім алсам деп отырған шәкірттермен үнемі қарым-қатынаста болып,баланың арманы мен сан түрлі тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Ол жұмыс нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ең басты ерекшелігі бір кездері білім мен тәрбие берген шәкіртіңнің нағыз Азамат болғанын көру.

- Кәсіподақ жұмысына қай жылы келдіңіз?

- Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясында бастауыш кәсіподақ ұйымының 2001-2005 жылдары төрағасы болдым. 2011 жылдың ақпан айынан бастап аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы болып сайландым. Елімізде кәсіподақтардың құқықтық жағдайы Конституциямен,Еңбек туралы заңдар кодексімен, халықтың жұмыспен қамтылуы туралы, халықтың зейнетақымен қамсыздандырылуы туралы заңдармен, басқа да заңдармен айқындалады. Кәсіподақтар өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасы және халықаралық актілер мен келісімдерде бекітілген өзге де заң нормалары шеңберінде, өздері қабылдаған жарғыларға сәйкес, мемлекет органдар мен саяси, қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз жағдайда жүзеге асырады. Олармен өзара қарым-қатынастарын әріптестік пен құрметтеушілік, сұхбаттастық пен ынтымақтастық негізінде құрады. Кәсіподақтардың құқықтарын шектейтін немесе олардың заңда көзделген құқықтарын жүзеге асыруына кедергі жасайтын қандай да болсын араласушылыққа тыйым салынады. Кәсіподақ өз мүшелерінің мемлекет және шаруашылық құрылымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, кәсіпкерлермен қарым-қатынасындағы құқықтары мен мүдделерін білдіріп, қажет болған жағдайда бұларды қорғауға жәрдемдеседі. Ұжымдық шарттар мен тиісті деңгейдегі тарифтік келісімдер жасасады; олардың арасындағы жекелей және ұжымдық еңбек дауларын шешуге көмектеседі.Кәсіподақ ұйымдары азаматтардың еңбек қатынастарында, жұмыспен қамтылуға, жұмысқа қабылдауға және жұмыстан босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы мен режиміне, жалақының мөлшеріне, тағы басқабайланысты туындаған мәселелерін шешуде елеулі рөл атқарады.

Бір жиында сөйлеген сөзіңізде «өзіме осы жұмысым ұнайды» деп қалдыңыз... Кәсіподақ жұмысы сізге несімен ұнайды?

- Білім беру мекемелеріндегі кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында еңбек етіп келемін.Біздің болашағымыз-балаларымыз. Білім саласы қызметкерлерінің балалары үшін жылма-жыл Батыс Қазақстан облысындағы «Самал» туристік, «Еуразия» туристік-сауықтыру, Ақмола облысы Шучинск-Бурабай аймағындағы Қатаркөл көлінің жағасында орналасқан «Звездный», «Жезказгенец» сауықтыру демалыс лагерлеріне жолдама алып отырмыз. Демалуға барған балалар туристік тау техникасы (скалодром) және жаяу туризм техникасын меңгеріп, туристік эстафета, мұражайлар мен хайуанаттар паркіне танымдық экскурсиялар жасап, спорттық шараларға қатысып, қайықпен серуендеп, Садов, Шалқар көлдеріне саяхат жасаса, Бурабайдағы Жұмбақтасқа барып, бүгінде Арқа төсінде бой көтерген ел ордасы Астана қаласын аралады. Жұмыс барысында сан алуан адамдармен жолығып, кездесесің.Маған кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, көмек қолын созып, түйінді мәселесін шешу, қуанғанын көруұнайды.

- Ұстаз болмағанда кім болар едіңіз?

- Журналист болар едім. Жоғары сыныптарда оқығанда журналист болуды армандадым. Аудандық «Жаңарған өңір», республикалық «Қазақстан пионері» газеттеріне көптеген мақалаларым жарияланды.

- Отбасыңыз туралы да біле отырсақ. Сіз қандай анасыз?

Ана болу - бүкіл өміріне кететін рухани күш пен ерен еңбек. Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиеледім. 2012 жылы қызым Нұргұлді ұзатып, құтты орынына қондырдым. Мамандығы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Қазір екі бала тәрбиелеп отырған Ана, жар, келін. Ұлым Нұржан колледж бітіріп, жоғары оқу орынында білім ала жүріп, еңбек етуде. Мен-балаларымның бақытын ойлайтын, қайырымды, мейірімді, кешірімді Анамын.

- Көп адамдар сіздің мінезіңізді қатты деп жатады. Мінезіңіздегі қатаңдық туа біткен қасиет пе, әлде өмір қатты болуды үйретті ме?

- Иә, сырт көзге қатал болып көрінетінім рас. Сан түрлі адамдармен жұмыс жасаймын. Жұмыс барысында өте талапшылмын. Берілген тапсырманы уақытында, сапалы орындалғанын қалаймын. Мінезімдегі қатаңдық туа біткен қасиет емес, өмірдің өзі қатал болып, алға ұмтылуға, күресуге үйретті.

-  Өмірдегі ең үлкен жеңісіңіз?

Балаларымның,білім мен тәрбие берген шәкірттерімнің жетістігі- менің өмірдегі ең үлкен жеңісім.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Б.Сүйеуова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT