Еліміздің білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер мен жаңарулар жүріп жатқаны баршамызға мәлім. Бүгінгі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бетбұрды. Алайда, олардың өз нәтижесін беретіндей етіп, іс барысына енгізу үшін тәжірибе алмасудың маңызы зор.
Осыған орай, Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін енгізуде жетекші болып саналатын Е.Ағелеуов атындағы орта мектеп базасында «Жаңартылған білім беру мазмұнын іске асыру жағдайында бастауыш сынып пәндерін оқыту ерекшеліктері» тақырыбында тәжірибе алмасу семинары ұйымдастырылды. Оған облыстық педагогикалық шеберлік орталығының маманы А.Қ.Сапарова, аудан мектептерінен жаңартылған білім бағдарламасын іске асырудағы координаторлар, тренерлер, көшбасшылар мен педагогтар қатысты.
Семинардың мақсаты – жаңартылған білім бағдарламасы шеңберінде оқу үдерісіне енген өзгерістерді тарату, сауатты қолдану бағытында тәжірибе алмасу, мұғалімдердің біліктілікті жетілдіру курсынан кейінгі кәсібилігін жетілдіру, жетекші мектептер мен серіктес мектептердің арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Семинар барысында Қ.Ахмедьяров атындағы орта мектеп мұғалімі Б.Қурмангалиева «Оқыту мақсаттарына қол жеткізу», Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Н.Амангалиева «Саралап оқыту тәсілдері», Жалғансай орта мектебінің мұғалімі А.Камзиева «Қалыптастырушы бағалау және кері байланыс», Қызылүй орта мектебінің мұғалімі Р.Касымова «Оқытудың белсенді түрлері» тақырыбында шеберлік сыныптарын таныстырды. Практикалық бөлімде қатысушылар Е.Ағелеуов атындағы орта мектеп оқушыларымен жүргізілген ашық сабақтарға қатысты. Ақтоғай орта мектебінің мұғалімі А.Мурзағалиева 2 сынып оқушыларымен әдебиеттік оқу пәнінен десанттық сабақ үлгісін көрсетсе, Қ.Ахмедияров атындағы орта мектеп мұғалімдері Қаленова мен Ш.Габдулиева 3 сынып оқушыларымен командалық сабақ өткізді. Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің мұғалімдері Г.Арыстанғалиева мен Л.Канцевалар да сәтті сабақ өткізді. Мұғалімдерге курстан кейінгі қолдау көрсету мақсатында Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының аға менеджері А.Сапарова секция тақырыбы бойынша нақты кері байланыс жасап, семинар барысында туындаған сұрақтарға түсінікті түрде жауаптармен әдістемелік көмек берді. Семинар жұмысына қатысқан педагогтар өткізілген шараларға қызығушылық танытып, өздерінің ризашылықтарын, тілектерін және ұсыныстарын кері байланыс арқылы білдірді.
Мұндай аудандық деңгейдегі семинарлар білім беру бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру бағытында әдістемелік көмек ретінде берері мол. Осындай шаралар жалғасын таба бермек.
Б.ЕСЕНӘЛИЕВА,
аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері.