Ел Президенті Қ.Тоқаев: «бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деп атап өткен еді. Қазіргі таңда оқушылардың білім деңгейін саралауда әр бағытта облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар өткізу дәстүрге айналған. Білім додаларында бақ сынап, өз қатарластарынан оза шапқан дарынды, талантты оқушылар ауданымызда көптеп саналады. Сондай талантты, дарынды оқушының бірі- Жалғансай орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ділдә Салықова.
- Мен бүгінде Жалғансай орта мектебінің 11-сыныбында оқимын. «Алтын белгіге» үміткер үздік оқушының бірімін. Көп жылдан бері мен қазақ тілі пәндік олимпиадасына алдымен мектепішілік кезеңіне қатысып, кейін аудандық кезеңдерден де жүлделі орындарды иелендім. Аудан бойынша алған жетістіктеріме өте ризамын. Керісінше қазақ тілі пәні бойынша білімімді кеңейтіп, тереңдетіп, шыңдауды көздеп, өз алдыма мақсат қойдым. Мені қазақ тілі пәндік олимпиадасына дайындап, шыңдап келген сынып жетекшім, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Динара Базарбайқызы Кушенбаева. Ол кісі бар білгенін үйрете отырып, мені әрдайым жігерлендіре білді. Өзім ауылдық жерде тұрсам да дайындығыма ешқандай кедергілер болған жоқ. Жалпы мен 6-сыныптан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша пәндік олимпиадаларға қатыстым. Өткен жылы аудан көлемінде қазақ тілі олимпиадасынан жүлделі 1- орын, облыстан 2-орынды қанжығама байлап, республикалық кезеңге жолдама алдым. Бұл кезеңнен де сүрінбей өтіп, республикадан жүлделі ІІІ орынмен оралдым. Жүйелі дайындықтан соң әрі маған сенім артқан жандардың қолдауымен биік шыңдарды бағындыруға болатынына анық көзім жетті, - дейді Ділдә ағынан жарылып. Ал дарынды оқушының ұстазы Динара Базарбайқызы шәкірті жайлы былай дейді.
- Шәкіртім Ділдәні аудандық олимпиадаларға 6-сыныптан бастап дайындадым. Оның әрбір жеңісі- маңдай терін төгіп, еңбектенгендігінің нәтижесі деп білемін. Алғашқы кезде аудандық олимпиадалардан жүлделі орындар алып жүрді. Облыс намысын республикада қорғауда шәкіртім көп тер төкті. Сөйтіп, онлайн форматта өткен республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәндік олимпиадасынан ІІІ орынды иемденді. Бұл біз үшін зор жетістік. Олимпиада білімнің тереңдетілген логикасы мен ғылымилыққа негізделген дарынды балаларға арналған бағыт болғандықтан олимпиадалық дайындық барысында оқушыға негіздік білімді дұрыс беруге мән берген абзал.
Негіздік білімнің дұрыс берілуі оқушы қызығушылығын арттырумен бірге олимпиада барысында жүйелілік пен бірізділікті сақтауға үлкен септігін тигізеді. Негіздік білім дұрыс берілмесе, көп қиындықтарға тап болады. Тіпті оқушының беті қайтып, пәнге деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Рас, соңғы кездері халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне басымдық беріліп жүр. Жүлдегерлермен қатар оларды дайындаған, жаттықтырған педагогтарға да үлкен қолдаулар көрсетіліп жатқанын білеміз-дейді Динара Кушенбаева.
Иә, әр оқушы бойындағы дарыны мен қабілетін байқап, дамыту-ұстаздың қолында. «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы» демей ме?! Ұстазы қандай бағыт берсе, шәкірті де соған қарай бет түзейтін болады.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА