Әрбір талантты адам еңбекке бейім, ол шығармашылық тапқырлықпен еңбек етеді. Қарапайым ауылдан шыққан талай баланың жұлдызы жанып, қабілетімен дарындылар қатарына қосылды. Осы бағытта өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Яғни, өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлінетін болды. Бұл тұрғыда балабақша мен балаларға тәлім берер кітапхана жұмысына да біраз дүние байланысты болып тұрғаны анық.
БІЛІМ НЕГІЗІ БАЛАБАҚШАДА ҚАЛАНАДЫ
Қазақта «Адам болатын бала – алысқа қарайды» деген мәтел бар. Дәл қазіргі уақытта білімді, алғыр балғындардың көптеп шығуына балабақшалардың атқаратын рөлі зор. Жалпы, аудан көлемінде 17 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде, 17 мемлекеттік балабақша, 5 шағын орталық халық баласын тәрбиелеуде. Мектепке дейінгі ұйымдарда 1654 баланы 252 педагог оқытады.
Күнделікті балалармен жұмыс жасайтын «Шолпан» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Гүлсім Есенғалиева «Балалар жылынан» зор үміт күтеді. Айтулы жылда балабақша қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өскені мәлім. Тек жаңашылдыққа иек артатын тәжірибелі маман балалардың ой-өрісінің дамуына, білім алуына түрлі іс- шараларды қамтуды көздейді.
– «Балалар жылында» бөбекжай- бақшаның педагогтары ерекше серпінмен жұмыс жасайды. Себебі, барлық жұмысымыз кішкентай балғындармен тығыз байланысты. Әркез ата-ананың көз қуанышына айналған сәбидің бақытты болғанын қалаймыз. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын балалардың жан-жақты болуы үшін педогогикалық әдістемелерге сүйенеміз. «Балалар жылын» жан-жақты қолдау мақсатында кешенді іс-шаралар өткіземіз, – дейді Г.Телжанқызы.
КІТАПХАНА – БАЛАЛАР АҚЫЛШЫСЫ
ХХІ ғасырда кітапхана саласын дамыту барысында оқырмандарға сапалы қызмет көрсету, жаңа технология, кітапхана қорын насихаттау, жаңа бағытта жұмыс істеу – басты мақсат. Бүгінде «Ер Төстік», «Көксерек», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» кітаптарын сүйіп оқитын балалар легі аз. Ақылды гаджеттерді жанына серік ететін кейінгі ұрпақ «ақыл кенін» оқудан қашады. Десек те, «Кітап – ғылым, тілсіз мұғалім» екенін ұмытпаған абзал. Аудандық балалар кітапханасында 21443 кітап қоры жасақталған. Кішкентай оқырмандар саны – 848-ді құрайды. «Балалар жылында» аталған кітапхана өз оқырмандарын асыға күтеді. Биылғы жылы балаларды дамытуға арналған арнайы бағдарламалар мен жоба жұмыстарын жандандыруға және балалардың қызығушылығын зерделей отырып, олардың дүниетанымын кеңейтуге бағытталған «Балалық шақ – білім мен күш» жобалар жиынтығы жасақталып, жүзеге асуда. Оның ішінде, «Әжемнің ертегілері», «Кітаппен бірге өсеміз» және «Жан жылуы балаларға» атты жобалар бар.
– ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялаған болатын. Ал биыл ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялағаны мәлім. Жыл көлемінде біздің ұжым балалардың шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында тиісті іс- шараларды қолға алатын болады. Бүгінде қорымызға жаңадан 318 кітап қосылды. Сонымен қатар мекемеден қаражат бөлініп, жаңа кітаптар алынды. Біздің мақсатымыз – оқырмандар санын көбейту. Балалар әдебиетінің жауһарларын кеңінен насихаттау, – дейді аудандық кітапхананың балалармен жұмыс жөніндегі директорының орынбасары Зада Енбаева.
Кітапханада өткен әрбір шара өскелең ұрпақтың кітап оқуға ынтасын арттыруға бағытталады. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат ететін – кітапхана» деп Ә.Кекілбаев айтқандай, қазіргі уақытта кітапхана қабырғасында өткен әр шараға қызығушылық айтарлықтай жоғары дәрежеде. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда кітапхана жұмысында көптеген шаралар атқару көзделген. «Білсем, ізденсем» деген балаға кітап оқуды насихаттауда байқаулар, сайыстар, әр түрлі әдеби ойын кештері ұйымдастырылуда. Кітап көрмелері арқылы да өздеріне керекті мәліметтер жинақтап, ақпараттармен танысуға оқырмандарға кітапхана есігі әрқашан ашық.
«ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫНА ҚАРАЙ ЖҰМЫС ЖАСАЛУ КЕРЕК»
«Балалар жылына» орай «Жас ұрпаққа рухани уыз беретін – балалар әдебиеті» кітап көрмесі шығарылып, «Балалар үлкендерге оқиды, үлкендер балаларға оқиды» библиотерапия, «Балалар – біздің болашағымыз» ақындар өлеңдерінен жыр биатлоны, «Кітап оқы, жас ұрпақ» саябақтағы флешмоб, «Менің сүйікті кітабым» сурет сайысы, «Балалар әлемі – өзгеше әлем» атты ата-ана, мектеп психологтарымен бірлескен кездесу, «Арманы биік балалар» өнерлі балалармен сұхбат, «Бала көркем көрінер анасымен» сайысы, «Демалыс бізде кітаппен бірге!», «Балдырғандар кітап әлемінде» секілді үлкен көлемдегі шаралар жоспарлануда.
Кітапхана аудандағы барлық орта мектептермен, балабақшалармен және облыстық көмекші мектеп-интернатымен байланыс орнықтырған. Қазіргі заманға сай оқырмандардың ойын ұшқырлайтын әдеби- кеш, дөңгелек үстел, кездесу кеші, челленж, интеллектуалдық ойындар, «Білсең – жауап бер, білмесең – оқып біл» әдеби дартс, «Не қайда қашан», портрет-кеші, оқырман конференциясы, кітап оқу марафоны, әдеби-қонақжай ұйымдастырылған. Балалардың шығармашылық қабілеттерін анықтап, дамыту үшін кітапханада үйірмелер жұмыс істейді. 2005 жылдан бастап мектепалды дайындық, 1-4 сынып оқушыларына арналған «Ертекші» және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Мейірім» үйірмелері жұмыс жасайды.
- Қазіргі балалардың қиялдары компьютерлік ойындарға ауып кетуіне қарамастан кітапханашылар мен ата- аналар да балаларға кітап әлемін сыйлау мүмкіндігі және құқығы қала береді. Балаға бір жастан-ақ кітап ұстап үйреткен дұрыс. Яғни ол сәби кезінен бастап кітапқа қызығушылығын ояту тек қана кітапханашының ғана емес, сонымен бірге ата-ананың да басты міндеті. Баланы кітапқа қызықтыру үшін суретті, санамақ кітаптардан басталуы керек. Үнемі газет-журнал, кітап оқып отырған ата-ананы көрген бала кітапқа қызығып өседі. Балаларға қызмет көрсететін кітапханалардың еңсесін көтеру, дәстүрімізді сақтай отырып, өскелең ұрпақтың білімін, рухани байлығын арттыру, тиімді ақпаратпен қамтамасыз ету өз қолымызда,- дейді З.Енбаева.
Балалар әдебиеті мен балабақша – ұрпақ тәрбиесінің қос талбесігі. Қазіргі технологиялық өзгерістер мен күллі әлем бастан кешіп отырған жылдам даму кезеңінде балалардың ой-танымы, қызығушылығы да басқаша. Балабақшаға барып жүрген балақайға да тәрбие берудің оңтайлы тұстарын қарастыру қажеттігі туындап тұр. Ал 20-30 жыл бұрын балаларға арналып жазылған кітаптар қазіргі баланы қызықтыра қоймайтыны заңды. Қазіргі кезде баланың ой-қиялын ұштайтын фэнтези шығармалар, адамгершілік болмысын қалыптастыратын жаңаша тәлім- тағылымдық, шытырман оқиғалы, 3D, понорама кітаптар қажет.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ