Жақсының аты өлмейді

Қосарал орта мектебінде аты аудан, облыс, республикаға танылған музыка пәні мұғалімі, халықаралық «Бейбітшілік әлемі» Қазақ шығармалық бірлестігінің батыс аймағының үйлестірушісі Сәулемай Сатқанғалиеваны туған күнінде еске алып, «Ән Сәулемай, сән Сәулемай» атты өнер кешін өткізген-ді.

Оған өнердегі әріптестері, өзі тәрбиелеген шәкірттері, мектеп ұжымы, алыс-жақыннан таныс-біліс, дос-жараны, тума-туысы қатыса отырып, ұстаздың сүйіп орындайтын әндерін шырқап, өнерде қалдырған ізіндей шәкірттері өнерлерін ортаға салды.

Өнерімен артына қолтаңба, елеулі із қалдырған өнер тарланы Сәулемай апайдың марапаттарының өзі бір төбе. Тіпті көрме ретінде марапаттар тұтас бір жарға, бір столға әзер сыйып тұр екен. Жардағы сан жетпес диплом, грамота, алғыс хаттан көз сүрінеді. Ол кісі көзі тірі кезінде 10 медальға қол жеткізіпті. Мұның бәрі де адал еңбек, төгілген маңдай тердің жемісі деп түсіндік.

Кешті ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, кітапханашы Жібек Шамалиқызы сырлы сөз, төгілткен жыр жолдарымен көмкере отырып жүргізгені де жұртшылықтың көңілінен шықты. Бар саналы ғұмырын өнерлі шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстазға арнаған кеш «Қоғам және әйел» бейнебаянымен басталды. Онда Сәулемай туралы өнер саласындағы әріптестер пікірлері, «Бейбітшілік әлемі» съезіне қастысуы, Алматы, Түркістан, Ақтау, Орал қалаларына барғандағы сапарлары, шәкірттерімен бірге түскен суреттері, жұмыстас әріптестерінің ол туралы пікірі беріліпті.

Жеңгесі Ақбал ол тума-туыс үшін ғажап жан болғанын, өн-бойында адамгершілік, ізгілік, мейірімділік қасиеттер тұнғанын, балалармен қатар үлкен-кішіге де этика-эстетика, жүріс-тұрыс, сөйлеу, киіну мәдениетін үйретіп, өзі де көпшіл, иманжүзді, көпке үлгі-өнеге болғанын еске алды. Әрдайым тазалыққа, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқорлық жасағанын еске алып, жаны жайсаң жанның жарық жұлдыздай өмірден тым ерте кеткеніне әлі де сене алмай жүргенін тебірене әңгімеледі. Қалған ісін артында қалған ісін шаңырағын ұстап отырған іні-келіні Боранқұл-Айжамалға аманат еткенін, көзі тірісінде інісінің балаларын тәрбиелеп, олардың жоғары оқу орындарына түсіп, өмірден өз орнын табуына жәрдемдескенін де жасырмады. Сәулемай апай өзі бастамашыл болып, ұлдардан хор ұйымдастырғанын білеміз. Енді сол ұлдар хоры еске алу кешінде «Ақ мамам» әнін шырқап, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

АДАМДАР БҰЛ ӨМІРГЕ ҚОНАҚ ЕКЕН

Кезінде сынып жетекшісі болған, еңбек ардагері Нүрбітай апай сүйікті шәкірті туралы естеліктерімен бөлісті. Ол сыныптағы 33 оқушының ішінде еті тірі, пысық қыз ұйымдастырушылығымен көзге түскенін, әсіресе, Ұлы Жеңістің 30 жылдығы, В.И.Лениннің 100 жылдығы шараларын қалай ұйымдастырғанын қызықты етіп әңгімеледі. Қыздар триосы «Аналардың тілегі» әнін шырқаса, балабақша бүлдіршіндері «Түймедақ» биімен көрінді. Түймедаққа аралар қонып, лезде оның үсті жұлдызқұрт пен қанқызға толып кеткені.

Сыныптас құрбысы Өтебике апай онымен 1976 жылы Фурманов мектебін бірге тәмамдағандарын, Сәулемайдай адал досқа ешкім жетпейтінін, төрдегі орны әлі күнге үңірейіп тұрғанын айтып, естеліктерімен бөлісті. Шәкірті Жанна апайы үйреткен «Алматының алмасы» әнін беріле шырқағанда, қол соқпаған жан қалмады. Ерте жастан Жаннаны өнерге баулып, қанатын қатайтып, талай облыстық, республикалық байқауларға жетелеген де ұстазы Сәулемайдың өзі болатын. Мультимедиадан көрсетілген «Талантты шәкірт-ұстаз мерейі» слайды да көпшілікке терең ой салды. Жібек апай «Білім және ғылым» республикалық журналы №9 санын музыка маманы, талай жыл «Бейбітшілік әлемі» Қазақ шығармашылық бірлестігінің батыс аймағының координаторы болған С.Сарғожақызына арнағанын айтып, ондағы естеліктерден үзінді оқыды. Ал әріптесі Меңзипа Хайдарқызы мектепте Гүлнар, Зәуреш төртеуі үнемі бірге жүргеніндегі қызықты жайттарды еске алып, бұл өмірде адамдар бір-біріне қонақ екенін айтты.

Сазға толы «Сағым жылдарды» трио орындаса, Жайнагүл мен Гүлсана оның жақсы көретін «Түркістан» әнін асқақтата шырқай жөнелгені. Бүгінде көптің көзіне түсіп, ән әлемін бағындырып жүрген, кезіндегі апайдың шәкірті Еламан Ғафур «Ұстазым», «Нурикамал» әндерін шырқауымен есте қалды. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Насиха Ермекбаева да жүрекжарды лебізін білдіріп, бар ғұмырын өнер жолындағы шәкірттеріне арнағанын, олар үшін боранды-қарлы, жаңбыр-аптап ыстыққа қарамастан Алматы, Түркістан, Ақтау қалаларына байқау, фестивальдерге апарғанын, жеткен жетістіктеріне жас балаша қуанғанын еске алды. З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің директоры Эльмира Жалғасқызы өнердегі апайы өзінің ұзатылу тойынан бастап, өмірден өткенше игі істердің жаршысы болып, көмектескенін, әріптестер жүрегінде мәңгі сақталатынын айтты. Оның ойын әріптесі Танзила Құбылова да қостап, тілегін білдіріп, өнердегі әріптестері атынан суреті салынған адресат тапсырды. Бес музыка маманы қосылып, «Жайықтың толқындары» әнін сызылта шырқады.

Қосарал мектебінің ұстазы Ділдаш Туралина онымен 29 жыл бірге жұмыс істегенін, жылдар бойы апайдың өзін тәрбиелегенін, «іс-тәжірибеңді, жазған-сызғандарыңды газет-журналға неге ұсынбайсың?» дегенін, өзі жетектеп жүріп, талай республикалық басылымдарға, жинақтарға мақалалар жазғанын, «Бейбітшілік әлемінің» бес жылдық құрылтайына апайымен бірге Алматыға бірге барғандарын, онда мерекелік медальдар ұсынылып, өзіне «Білім көшбасшысы»(«Лидер образования») медалін кеудесіне таққанын тілге тиек етті. Жалпы ол кісі бар кезде осы мектептің тең жартысы «Бейбітшілік әлімінің» «Құрмет грамотасын» алған екен. Еңбекшіл негізгі мектебінің мұғалімі Бибінұр Сапарғалиева ол кісімен туыстығымен қатар ақылман ұстазы тұтқанын, қамқорлығын көп көргенін, «Бейбітшілік әлемінің» «Мейірімді адам» медалін иеленгенін, қалай 35 баламен Алматыға барғандарын әңгімеледі. Одан әрі ол ақын С.Бердімұратовтың «Аналар» өлеңін мәнерлеп оқыды. Бишілер «Асатаяқ», «Өзбек», «Қазақ вальсі» билерін дөңгелене билеп, көпті өнерімен тәнті етті. Әсіресе, «Қазақ вальсі» биі Сәулемай апайдың соңғы үйреткен биі екенін білдік.

СӘУЛЕМАЙ РУХЫН ТІРІЛТТІ

Мектеп директорының орынбасары Гүлнар Нүреденқызы оның өмірі мен еңбегі ерекше жан екенін, көрмедегі бір жарды түгел алып тұрған марапаттардың бір адамға тиесілі екенін сену қиын екенін, алайда мұның бәрі адал еңбек, маңдай термен келгенін, Сәулешпен 33 жыл бірге жүргенін, білім ордасының тазалығына да жауап бергенін, жарық жұлдыздай жарқ етіп, өмірден ерте озғанын айтты. Сыңғырлаған жезтаңдай әнші, ғұмыры қысқа болған Мәдина Ералиеваның «Күрең күз» әнін Өтеген Сиқов тамылжыта шырқады. Әулет атынан Жамал Нығметова Сәулемай рухын тірілткендері үшін ұйымдастырушыларға алғысын жаудырып, оның жанұялық шеңберден әлдеқашан шығып кеткенін, аққан жұлдыздай жоқ болғанын, өз талантымен талай биік белес-асуларды бағындырған жан деді.

Келіні әрі үзеңгілес әріптесі Бекзада Бағытқызы қашанда ол кісі мектепті алға қойғанын, таңды-таңға ұрып, әңгімесі таусылмағанын, жолы болғыш, кіршіксіз таза, мейірбан, ізгі ойлы, парасат-пайымы мол тұлға болғанын жасырмады. Қазіргі уақытта ол бастаған ісін жалғастырып отырғанынан хабардар етті. Бүгінгі кештен біраз ой түйіп, рухани жаңғырып қалғанын, оны Орал, Ақтөбе, Маңғыстау өңірінің азаматтары танып білетінін, оның орнына «Бейбітшілік әлемі» бірлестігінің батыстағы жұмысын үйлестіріп, үш рет фестиваль өткізгенін айтты. Бұл кештің ең қызықты тұсы-қазақтың киелі қара домбырасын қолға алған Манарбек пен Құралайдың күй-тартысы болды. Манарбек Махамбеттің «Жұмыр қылышынан» бастап, «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін төкпектетті. Қарсыласы Құралай болса, «Ерке сылқым», «Көрғұлы»(Дәулеткерей) күйіне ойысты.

Соңында екеуі қосылып, «Адай» күйімен күй-тартысты аяқтағаны сәтті шықты. Мектеп директоры Әлібек Олжағалиев аудан айнасы «Жайық шұғыласы» газетінде Сәулемай секілді өнер майталмандары, мектеп өмірі, бала, отбасы, тәрбие тақырыбы көбірек жазылса деген ойын қосты. Г.Жайлашева «ауыл-аймақта, ауданда, өзі жұмыс істеген Қосарал мектебінде болсын Сәулемай Сарғожақызы атында өнер фестивалі ұйымдастырылса» деген ұсынысын тастады. Кешке жиналғандар «Есіңе мені, алғайсың!» әнін бірге шырқады. Көрме жанында естелікке суретке түсті.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

Ортақшыл ауылы.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT