Елбасы Н.Назарбаев қазақ руханиятының көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосып келеді.
Өйткені, қарыштап дамып бара жатқан жаһандық үрдістен қалмай, алдыңғы қатарлы өркениетті елдер қатарынан табылу үшін жастарымыз жан-жақты, білімді болуы тиіс. Сонда ғана біз Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асуына үлес қосатын боламыз. Осындай әлем әдебиеті жауһарларымен сусындап, ой-санамызды жаңғырту үшін Елбасы ең үздік жүз оқулықты өз тілімізге аударуға тапсырма берген болатын. Сол бойынша алғашқы он сегіз кітаптың тұсаукесері өтіп, Елбасы бұл атқарылған жұмысқа оң баға беріп, осы іспен тікелей айналысып отырған Ұлттық аударма бюросының жұмысына сәттілік тіледі. Ал енді 100 оқулыққа келер болсақ, дүниежүзіндегі озық ойдың сүзгіден өткен сығындысы, баға жетпес өлшеусіз қазына, рухани құндылық. Алдыңғы қатарлы елдер университеттерінің оқу бағдарламасына енген бұл оқулықтар қазақстандық білімқұмар жастарға да ғылымның есігін айқара ашары сөзсіз. Өйткені, тілімізде шекара болғанмен адамзаттың ойлау жүйесі кеңістігі ортақ. Философиялық терең ойға суарылған танымдық кітаптарды оқып, зердеңде саралағанда алдыңнан беймәлім жаңа әлем ашылғандай әсерде қаласың. Бұл адамзат баласының ой ұшқырлығының, шексіз қиялының қайталанбас көрінісі, парасат пайымының биіктігі дер едік. Әрине, шетел әдебиетіне бұрындары да аударма жасалып жүр.
Бірақ Елбасы тапсырмасымен аударуға пәрмен берілген 100 оқулықтың жөні басқа. Мұнда аяқ астынан көмбеге тап болғандай терең білімнің, ақыл-ойдың қазынасына жолығарың сөзсіз. Бұл жаһандық жауһарларды ана тілімізге аудару арқылы қазақ тілінің де шексіз мүмкіндігі ашылады. Өйткені, қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің қатарында. Бір сөздің бірнеше баламалары бар тіл тек біздің тіліміз. Олай болса, шетел классиктерінің үздік шығармаларын аудару арқылы төл тіліміздің сөздік қоры да ұлғая түседі, әлемдік терминдер төл тілімізге кірігіп, қолданысқа енеді. Мұның бәрі сайып келгенде, тілімізді төрге оздырып, мәртебесін биіктету болмақ. Қазіргі кітап оқымайтын қоғамда осылай бір рухани сілкініс жасайтын мезгілдің келіп жеткенін кім-кімде бағамдайтын болар. Елі үшін, халқы үшін талай тәуекелдерге барған Елбасы тағы бір рухани революция жасап, қоғамдық дамуымыздың бар саласын қамтитын 100 оқулықты ұсынып отыр. Ол оқулықтардан дін, жаратылыстану, философия, математика, химия басқа да тақырыптарды қамтыған кез келген құнды деректерді табуыңызға болады. Ендеше, «Сөз түзелді, оқушы сен де түзел!» деп Абай данышпан айтып кеткендей, күнделікті күйбің тірліктен арылып, бір кезек рухани жан дүниемізге үңілетін кез келгенін түсінетін уақыт жетті. Жалпы індете іздеп жүріп, асыл қазынаны адаспай тауып, қолайымызға келген 100 оқулықты аудару не үшін керек болды? деп әркім өз-өзіне сұрақ қойса, жұмбақтың шешуін табуға жақындай түсесің. Ойлау қабілетіне қарай берілген бір жұмбақты әр адам әр түрлі жолмен шешулері мүмкін. Сондықтан Елбасы ұсынған әлемдік жауһарларды түсініп оқып, көңілге тоқу — аса ыждағаттылықты, шығармашылық ізденісті, табандылықты талап етеді. Ертең жүз кітап қолымызға тигенде біліміміздің тайыздығынан бағалы құндылыққа тісіміз батпай, пұшайман күй кешсек, анық масқара болғанымыз. Сонау өткен ғасырлардың өзінде Абай хакім: «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көрсеңіз» деп қазақ жастарына бағыт-бағдар сілтеп, жалқаулықтан арылуға шақырған. Қазір нарық заманы, ақыл-ой, идея да сатылатын заман. Ал Елбасы көл-көсір байлықты тегіннен-тегін қолымызға ұстата салып отыр. Осыны ескеріп, жаңаша көзқарас қалыптастырып, ғылым-білімге ұмтылуымыз керек деп ойлаймын.
Бір кездердегі ата-бабаларымыз ойлап шығарған қиял-ғажайып ертегілер бұл күнде ақиқатқа айналғандығын көріп отырмыз. Ұшатын кілемді айтып, таң-тамаша болған қазақ жұрты Байқоңырдан ғарыш кемесін ұшырды. Үш бірдей қазақ азаматы аспан әлемін бағындырды. Олар аспан әлемін зерттеп, сол жақта қалыпты тірлік кешу үшін, аса күрделі ұшу аппараттарын меңгеру, жермен байланыс орнату үшін ғылымның атасы атанған небір мықтылардың кітаптарын оқып, біліммен қаруланды. Қазіргі компьютер, интернет, цифрлы Қазақстан деген ұғымдар бұрын болып па еді? Әне, құстардың қанатында заулаған зымыран уақыт өз дегенін істеп, әмір етуде.
Ендеше, бізде осынау тасқынды, ағынды замана көшінен қалып қоймау үшін білім кәусарына бас қоюымыз керек. Сонда ғана еліміз бойынша ірі индустриалдық-инновациялық жобаларға инвестиция салып жатқан шетелдік әріптестермен қысылмай-қымтырылмай тең дәрежеде сөйлесе аламыз. Басқа да адамның түсіне кіріп шықпайтын небір таңғажайып ғылым жаңалықтары өмірге келуі мүмкін. Солардың бірқатарының авторы қазақтың қара домалақ баласы болып жатса, бір ғанибет емес пе? Қазынадан қыруар қаржы шығарып, әлдеқашан әлем мойындаған жазушылардың жауһар дүниелерін аударудағы басты мақсат — қазақ жастарының көзін ашу, ғылым-білімге ұмтылдыру.
Біздің пайымдауымызша, қазір парасат майданы басталды. Ол аттың төбеліндей аз ғана зиялы қауым арасында өтпей, аудиториясын кеңейтуі керек. Жаңаша ойлайтын жастардың басын қосып, бұлақ көзін ашқандай әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулыққа барар жолды көрсету қажет. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының да түпкі ойы саңылауы бар саналарда сілкініс жасау. Өйткені, қазақ қоғамы қалғып кеткелі қашан? Ұят, ар-намыс дегендерді белден бір басып, сыбайлас жемқорлыққа баратындар да ішкі мәдениеті жоқ, ойлау қабілеті төмен тоғышар адамдар деп есептеймін. Зорлық-зомбылық, діни экстремизм дегендерің де қоғамға іріткі салушы, қара ниетті қаныпезерлердің тірлігі. Сайып келгенде, ой-сананың қол-аяғын матап, ойлау қабілетінен айырып, тор құрып, тұмшалаған вирустардан тазартуымыз керек. Ал оны тазартатын бірден-бір тиімді құрал — Елбасы ұсынған 100 оқулық. Бұл баға жетпес білім теңізінен сусындамай, мақұрым қалсақ, өз обалымыз өзімізге.
Нұрым ЕРҒАЛИЕВ.