Тамыз кеңесі – бұл тамыры терең, тағылымы мол, айтары айқын, мақсаты тың тақырыптарды талқыға салатын - жауапты жиын.
Жыл сайынғы өтетін дәстүрлі тамыз кеңесі биыл Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауымен үндесе өткізілді. Бұл жиынға облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова қатысты.
Тамыз кеңесінің пленарлық мәжілісін ашқан аудандық білімі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Ахметова жиынның негізгі мақсатына тоқталды. -Биылғы тамыз кеңесінің мақсаты – Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалар мен білім беру саласын басқару мәселелерін жан-жақты талқылауға, жаңа бастамаларды ұсынуға және білім беруде жаңартуда әдістемелік ұсыныстар әзірлеуге жағдай жасау болып табылады. Ендігі жерде үлкен жауапкершілік жүктеліп отырған ұстаздарға жаңашылдықпен жұмыс жасауға тура келеді,– деген Айгүл Орынбасарқызы білім беру саласында өткен жылы атқарылған жұмыстары мен алдағы жылға жасалған жоспарларымен бөлісіп, білім беру қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесінің ұсыныстарын ортаға салды. Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов ұстаздарды дәстүрлі мерекемен құттықтады.
-Елбасы Н.Назарбаев өзінің Жолдауында «Бүгінде әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік терең де қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» деген болатын. Сонымен бірге адами капиталы жаңғыру негізінде білім берудің жаңа сапасына тоқталып, барлық жастағы азаматтарды қамтитын өзіміздің озық жүйемізді құруды жетілдіруді тапсырған болатын. Баршамызда осы Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау жолында қызмет етіп келеміз. Биылғы оқу жылының да басталуына аз уақыт қалды. Жаңа оқу жылына дайындығымыз қай деңгейде дейтін болсақ, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтқым келеді. Береке ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілсе, қыркүйек айында екі балабақша іске қосылады, Еңбекшіл ауылында 80 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Аудан бойынша жалпы мектептердің материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етуге көңіл бөліп келеміз. Сонымен қатар жылма-жыл ауданымызға келген жас мамандарға көтерме сыйақы беріліп, жеңілдетілген несие арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етілуде. 2017 жылы 3 маманға тұрғын үй, 10 маманға біржолғы көтерме ақы берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы оқу жылында да жалғасын таба беретін болады. Оқулықтармен қамтамасыз ету бағытында да қаржы бөлініп, баспалармен келісім шарт жасалып, қазіргі уақытта мектептерге жеткізілу үстінде. Әрине, алда атқаратын ауқымды жұмыстар әлі де көп. Қай қоғамда, қай кезеңде болсын жеке тұлғаның бастапқы қалыптасуы ұстазға байланысты. Сондықтан ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Білім сапасын көтеру, балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, күрделі жөндеу жалпы мектептің барлық жағынан қамтылуы мектеп директорларымен қатар ауыл әкімдерінің де басты міндеті болуы керек. Ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары өздерінің ауылындағы бірде-бір баланы назардан тыс қалдырмауы керек. Барлық оқушылардың әлеуметтік жағдайы зерделеніп, талданып қаралуы тиіс. Басқа облыстарда, ауданда болып жатқан теріс діни көзқарастарға еру, өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылу секілді оқиғаларды болдырмау үшін жұмыстанып, алдын алу шараларын жүргізіп отырудың маңызы зор. Сондықтан аудандық білім бөлімі, мектеп басшылары, ауыл әкімдері бәріңізден осындай мәселелерге нақты көңіл бөлулеріңізді сұраймын. Біздің ауданның білім саласы республикалық деңгейде алдыңғы қатардан көрініп жүрген мектептердің арасында жоғары орындардан көрінуі жолында бәріміз бірлесе еңбек етуге тиіспіз,– деген аудан басшысы сөзінің соңын Елбасы Н.Назарбаевтың «Өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезімімізбен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптауырын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңестіру мүмкін емес» деген сөзімен қорытындылады.
Бұдан әрі «Педагогтың кәсіби құзыреттілігі – білім беру мазмұнын жаңартудың кепілі» тақырыбында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенованың баяндамасы тыңдалды. -Биылғы жылғы педагог кадрлардың тамыз кеңесі әлемдік білім кеңістігіндегі уақыт көшімен үндескен ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген , жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу мақсатындағы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауымен үндесіп жатыр. Бұл жаңа оқу жылына берілген бағыт-бағдар деп айтуымызға болады. Қазақстан Республикасында ғылым мен білімді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да білім берудің ғылымдық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, адами капиталды дамыту мақсатымен жұмыс жасауға шақырады. Білім саласындағы жұмыстардың барлығы осы мемлекеттік бағдарламаға бағынып, сол бойынша жұмыс жасап келеміз.
Облыс 2018-2019 оқу жылын 118 100 оқушымен бастағалы отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2000-ның үстінде балаға көбейгенін көрсетеді. Бірінші сыныптарға 15275 бала келеді. Бұл салыстырмалы түрде өткен жылдан 4000 балаға артық. Бұл біздің облыста бала санының жылма-жыл өсіп келе жатқанын көрсетеді. 186 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, барлық мектептер оқу жылына дайын. Бұдан басқа 18 білім ұйымдарына күрделі жөндеу жұмыстары қарастырылды. Олардың жетеуі жаңа оқу жылына дайын болады. 23 жаңа білім беру орындарының құрылысы жүргізілуде. Бұның ішінде лагерьлер, қосымша білім беру орындары, балабақшалар бар. 1 қыркүйекте Құрманғазы және Қызылқоға аудандарынан екі мектеп, бұған қоса үш балабақша ашылатын болады. 328 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 188 балабақша, 140 шағын орталықтар. Ұлттық бірыңғай тесті бойынша облысымыз әлі де алдыңғы орынға шыға алмай отыр. Өткен жылы орта балымыз 72 болса, биылғы жылы тек қана екі балға көтеріліп, 74 болдық. Бұл бірінші сыныптан бастап баланың білімін бақылауда ұстап отыруымыз керектігін көрсетеді. Өсім беріп отырған Жылыой ауданы (8,6%), Мақат ауданы (5,9%), Махамбет ауданы (3,2%). Атырау қаласында 1 пайызға ғана өсім болса, орта балы төмен түсіп кеткен аудандар қатарында Құрманғазы, Исатай, Индер, Қызылқоға аудандары бар. Бұл көрсеткіш білім саласында еңбек етіп жүрген барлық педагогтарды ойландыруы керек,-деген Злиха Қадырбайқызы бір кездері білім сапасы жөнінен республика бойынша алдыңғы қатарлардан көрінген Махамбет ауданының тағы да сол деңгейге жетуге мүмкіндігі мол екенін айтты. Бұдан әрі 2017-2018 оқу жылында нәтижелі еңбек етіп, шығармашылықпен жұмыс жасаған бір топ ұстаз, облыстық білім беру басқармасының, аудан әкімінің алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен және аудан әкімінің атынан бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Мәжілісті аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Ахметова қорытындылады.
Әлібек ОЛЖАҒАЛИЕВ, Қосарал орта мектебінің директоры:
-Елбасы айқындап берген елдік бағытымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа міндеттер жүктеді. Бұл тарихи құжаттағы міндеттерді іске асыруға ұстаздар қауымының қосар үлесі зор. Күні бүгінде барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені, қазіргі заманда елдің қабілеттілігі оның азаматтарының парасатталығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындар отыр. Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл үрдістің жалпы білім беретін мектептерге де енгізіле бастауы көңілді қуантады. Жаңа бағдарламаның мәні баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған.Осыған орай ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін қажетті дағдыларды дарыту үшін мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істерді бастағалы отырмыз. Жаңартылған білім –болашақтың кепілі.
Тойған САРИЕВА, «Алтын балық» бөбекжайының меңгерушісі:
-Елбасымыз болашақ жас жеткіншектерге үлкен үміт артып, балаларды тәрбие және оқытумен қамту бойынша "Балапан" бағдарламасын қабылдап, бүгінде Қазақстанның әр аймақтарында, ауылдық жерлерде көптеген балабақшалар ашылды. Осы бағдарлама аясында Махамбет ауданында да 2014 жылы 280 орындық «Алтын-ай», 2016 жылы 280 орындық «Нұршуақ» балабақшасы жаңадан ашылып, қазіргі уақытта тек ауданның басында 6 балабақшада мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиеленуде. Ауданымыз Жаманқала аталған мезгілде 1954 жылдан бастап құрылған, кейіннен 1979 жылы типтік жобадағы жаңа ғимаратқа көшірілген «Алтын балық» бөбекжайының ғимаратына 2013 жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Күрделі жөндеуден кейін жаңарту бағыты бойынша қаражат бөлініп, мекеменің материалдық-техникалық базасы едәуір жақсарды. Бүгінгі күннің алға қояр басты мақсаты – жан-жақты бала тәрбиесі. Осы үлкен талапты орындауда «Алтын балық» бөбекжайының білім саласына қосқан үлесі зор. Ел болашағы жастардың қолында дейтін болсақ, оларды кемел келешекке жетелеу жолында бар мүмкіндіктерді пайдаланып, зор еңбек етіп жүрген ұжымдағы педагог мамандардың еңбегін бағалап айтуды парызым деп есептеймін. Балабақшаның педагог мамандары облыс көлемінде сайыстарға, педагогикалық оқуларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, облыстық білім беру басқармасының, Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталып келеді.
Ақерке МҰСТАХИМ, жас маман:
-Ұстаз – жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн Ана. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандап, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, қолыма орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі деген диплом алып, бүгінде Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясында еңбек жолымды бастағалы отырмын. Жас мамандардың еңбек жолын ауылдан бастауы, тәуелсіз Қазақстанның болашағына қосқан патриоттық үлесі болып табылады. Мұғалімдер қатарын толықтырып отыратын мен секілді жас мамандар да талмай үнемі ізденіс үстінде болып, әр пәнді жоғарғы деңгейде сапалы етіп өткізсе, шығар асуымыз алыс емес. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында,-деп Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, әрбір мұғалім бұл жауапкершілікті сезінсе, біздің мемлекетіміздің қорғаны нығая түспек. Біз жастар еліміздің өркендеуіне, дамуына, үздіктердің үздігі болуына дайын екендігімізді барлық жас мамандардың атынан жеткізгім келеді.
Б.СҮЙЕУОВА.